Қай елде болсын, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі өте маңызды. Ресми мәліметтерге сәйкес, қазір Қазақстандағы орта бизнестің үлесі 7 пайызды құрайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 15 пайызға жеткізу міндетін қойып отыр. Бүгінгі күні бұл – Үкіметтің алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Тұздыбастау ауылында орналасқан «Gamma Almaty» компаниясы 2006 жылдан бері жұмыс істейді. Зауыт құрылыста қолданылатын сығымдалған тас тақтайшалар сияқты әртүрлі бетон бұйымдарын шығарады. Компанияның негізін қалаушы әрі зауыт директоры – Еркебұлан Елешев. Оның айтуынша, 90-жылдардың ортасында Алматы ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіргенімен, сол кездері бұл мамандық бойынша жұмысқа орналасу, лайықты табыс табу мүмкін болмапты. Өйткені ұжымшар, кеңшарлардың бәрі жаппай жекешелендіріліп ауылдағы тұрмыстың сәні кете бастаған кезде институтты жаңа бітірген жас маманды ешкім қол бұлғап шақыра қоймаған. Оның үстіне көпбалалы отбасында өскен ол мардымсыз, оған қоса тұрақты төленбейтін жалақы үшін өзі де ауылға барғысы келмейді. Бірақ бәрібір жұмыс істеуі, табыс тауып, ата-анасына, бауырларына көмектесуі керек. Сондықтан институтта жақсы оқыған, студент кезінде-ақ өнертапқыштық қабілеті байқалған еті тірі жігіт қалада қалып, өз кәсібін ашуға бел буады. Дегенмен бәрі бірден бола қалмайды ғой, осы ойын жүзеге асырғанша біраз тер төгіп, оған «Асем-ай», «Дирол», «Шеврон», «Проктер энд Гэмбл», «Пепси-Кола» сияқты сауда компанияларында бірде дистрибьютор, бірде экспедитор, тағы бірде супервайзер болып істеуге тура келеді. Оған өкінбейді де. Себебі сол компанияларда еңбек ете жүріп, көп нәрсе үйренеді, тәжірибе жинайды. Соның арқасында «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» деп, 2006 жылы Бесағаш ауылында шағын ғимаратты жалға алып, өз кәсібін бастайды. Қытайдан алғашқы құрылғыны сатып алады.
– Өзімнің жеке өндірісімді ашу – менің өмірлік мақсатым еді. Жылдар бойғы жаңа идея іздеу, тынымсыз еңбектің нәтижесінде сол мақсатыма жеттім. Үш адам жұмыс істеп, бір станоктың өзімен күніне 500-600 дана нығыздалған тас тақтайша шығарып жүрдік. Бірте-бірте сұраныс та, тапсырыс та арта бастады. Қазір біз күніне 7 мың данаға дейін әртүрлі тас тақтайшалар, 120 тоннаға дейін еленген қалдық пен құм шығарамыз, ал цехтағы жұмысшылардың саны 10 адамға жетті. «Тұтынушы – патша» деген американдық өмір философиясын негізге ала отырып, біз ешкімге қарызға тауар бермейміз. Негізінен алдын ала төлем жасау шартымен жұмыс істейміз. Бұл ойламаған дәрежеде табыс әкелді. Сөйтіп, тек әріптестер ғана емес, тұтынушылар тарапынан да бізге деген сенім нығайды. Соның арқасында олардың бәрімен іскерлік, жоғары жауапкершілік пен атқарушылық жағдайында қарым-қатынас орнады. Тіпті әріптестік ауқымы әбден кеңейіп, басқа да жетекші фирмалармен байланыстар орнай бастады.
Қазір біз өз зауытымызда өндірілетін өнімдер үшін шикізатты Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйтерек ауылында орналасқан карьерден, цементті Қызылордадан, пластификаторларды «Крата-Азия» ЖШС-інен сатып аламыз. Зауытта тақтайшалардың, сығымдалған тақтайшалардың, сплитерлі блок, безендіру кірпіштері, тротуар плиталары мен брусчатканың 200-ге жуық түрі шығарылады. Жыл сайын өнімдердің сапасын жақсарту және ассортиментін көбейту үшін жаңа құрал-жабдықтар сатып аламыз. Сол арқылы тұтынушылармен әріптестігіміз нығайған үстіне нығайып келеді, – дейді кәсіпкер.
Әрине, өндіріс үлкен еңбекті талап етеді, зауыт цехтарын аралап көрген әрбір адам бұған анық көз жеткізеді. Алдымен гидравликалық станокта кеспе тас жасалады, жинақтаушы бункерден бетонараластырғыш арқылы шикізат автоматтандырылған желіге, ЧПУ (компьютерлік бағдарлама) арқылы штабелерге түсіп, сол жерде жиналады. Одан соң электрлі тиегіштердің көмегімен кептіруге жіберіледі. Кәсіпкердің түсіндіруінше, дірілдетіп құю процесі қолмен жасалады. Өнімнің сапасы көп жағдайда осыған байланысты болады.
– Соңғы бір айда біз жалпы сомасы 30 млн теңге болатын 80 мың дана блок, 3 мың шаршы метр кеспе тас шығардық. Барлық өнімге сертификат алынып, патенттелген. Зауыттың өз кеңсесі, қоймаларының болуы да жұмыстың жақсы жүруіне өз ықпалын тигізуде. Әлі де 20 млн теңгенің өніміне тапсырыс бар, – дейді Еркебұлан.
18 жылдан бері нарықта тұрақты жұмыс істеп, жылдан-жылға өндіріс көлемін ұлғайтып келе жатқан шағын компания өзінің сенімді серіктес әрі сапалы өнім жеткізуші екенін әлдеқашан дәлелдеген. Мұнда өндірілген өнімдер «Достық Плаза», «Мега-2», «Мега-3», «Есентай молл», «Роял петрол», «Макдональдс» сияқты ойын-сауық орталықтары мен ірі сауда орындарының, Медеудегі кабиналарға арналған тұрақтың құрылысында пайдаланылды. Кәсіпкердің ендігі жоспары – жаңадан салынып жатқан «Алатау» қаласындағы еркін экономикалық аймақтан жаңа зауыт ашу. Оның да жақын күндерде жүзеге асатынына күмән жоқ. Өйткені бұл компания тек сенімді серіктес емес, ең бастысы сапалы өнім ұсынады. Ал тұтынушы әрқашан сапаға мән беретіні – өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат!
Ең қызығы, Еркебұлан Елешев ешқашан несие алмапты, не жасаса да, «көрпесіне қарай көсіліп», бар ісін өзінде бар нақты қаржы негізінде ғана жүргізеді екен. Жеке кәсібін де өз қаржысына сатып алған жалғыз құрылғымен бастаған. Есесіне ешкімге тәуелді, жалынышты болып көрмеген. Өнімді алдын ала төлем арқылы сату да – оның басты ұстанымдарының бірі. Өзі де шикізатты басқа компаниялардан алдын ала төлеу арқылы сатып алады. Мүмкін, «Gamma Almaty» компаниясының тұрақты жұмыс істеп, сенімді серіктес, сапалы өнім жеткізуші болып отырғанының негізі осы ұстанымда жатқан шығар, бәлкім?!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы