Жыл мезгілдеріне қарай табиғаттың тосын мінез танытып жататыны белгілі. Осы ретте ай сайын құбылатын ауа райын болжап, апатты жағдайдың алдын алу мақсатында жұмыс істейтін «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің орны бөлек.
Көктемгі жауын-шашын таулы аймақта сырғыманың, сондай-ақ өзен-судың арнасын толтырып, сел қаупін туындатады, ал жазда күн ысығанда мореналық көлдердегі мұз еріп, тағы су тасқыны алаңдатады. Ауа райының күрт суытуынан мұз құрсаулары қалыптасып, өзендерде сең жүруі мүмкін болса, қыста қар көшкіні, тау өзендеріндегі мұз кептелісі сынды мәселелер тағы бар. Міне, табиғаттың осындай тосын мінезі төтенше жағдайға ұласып, халық пен шаруашылық нысандарына қауіп төндірмеуі үшін мекеме қызметкерлері күні-түні дамылсыз жұмыс жүргізеді. Бұл турасында «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі филиалы – Іле-Алатау аумақтық пайдалану-техникалық басқармасының басшысы Дастан Жолдасбековтен сұрап көрген едік.
«Басқарманың қызмет көрсету аймағына Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Жамбыл, Кеген және Райымбек аудандары кіреді. Аталған алты ауданда теңіз деңгейінен 2000-4000 метр биіктікте орналасқан 260-тан астам мұз көлдері бар. Оның 36-сы Еңбекшіқазақ ауданы аумағында, нақтырық айтсақ, 25-і Есік өзенінің, 11-і Түрген өзенінің алабында жатыр. Сонымен қоса ауданда 31 бірлік топырақкөшкін және 17 бірлік қаркөшкін телімі тіркелген», – дейді Дастан Тұрлыбекұлы. Қауіпті табиғи құбылыстарды қадағалап, өзен мен көл суларының ағысы, сыйымдылығы, ондағы ауа райын бақылау үшін 18 тұрақты гидробекет жұмыс істесе, жаз мезгілінде сел жүру қаупінің артуына байланысты қосымша тағы 15 бекет ашылады. Маусымдық бекеттер маусым айында ашылып, қыркүйек айының ортасына дейін жұмыс істейді. Аталған гидробекеттерден тәулігіне үш мәрте ақпарат жинақталып, соның негізінде өңірдегі ахуал сарапталады. Осылайша, апаттың алдын алып, қандай да бір қиындық туындау қаупі болса, тиісті жұмыстар жүргізіледі.
«Соңғы жылдары жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты өзен алабында мұздықтардың еруі, жаңа мореналық және мұздық көлдердің пайда болуы, көл айдындарының кеңеюі сынды құбылыстар орын алып жатыр. Демек, мұның барлығы да сел қаупін тудыруы мүмкін. Сондықтан өзен-сулардың алабы, әсіресе биікте орналасқан мұздықтардың жағдайы жіті бақылауды қажет етеді. Мысалы, биыл жазда аэровизуалды тексеру нәтижелерінде Түрген өзен алабындағы №2 және №5 мореналық көлдердегі №206 және №210 мұздықтарында жарық пайда болғаны анықталды. Жарық салдарынан мұздықтар айырылып, көлге құласа, су көтеріліп, тасу қаупі төнді. «Қазселденқорғау» мекемесінің ардагер қызметкерлері, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ мен «ЮНЕСКО аясындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы» ЖШС мамандары да бұл қауіптің салдары, мұз бен биіктен құлайтын су көлемін нақтылап берді. Аталған көлдерде жедел түрде гидробекеттер ашылып, бақылау жұмысы күшейтілді. Көл деңгейін тез арада төмендету үшін тау басына диаметрі 280 мм болатын пластикалық құбырлар жеткізіліп, сифон желісімен мореналық көлдердегі су қауіпсіз деңгейге дейін түсірілді», – дейді басқарма басшысы. Тамыз айында екі мұздық толығымен айырылып, көлге құлаған. Алайда мамандардың жылдам қимылдап, жүйелі жұмыс істеуінің арқасында қауіп сейілген.
Қауіптің тағы бірі Талғар өзені алабындағы №19 мореналық көлінде туындаған. Көлдің деңгейі 3-4 метрге көтеріліп, эвакуациялық арна жиегіне жеткен. Мұнда да сифон желісімен су түсірілген. Сонымен қатар жару жұмысы жүргізіліп, эвакуациялық арна тереңдетілген. Маусымдық бақылау бекеттерімен қатар спутниктік байланыспен жұмыс істейтін бейнебақылау камералары орнатылып, жағдай тәуліктік қадағалауға алынған. Бұлар – жазда жасалған жұмыстардың бір бөлшегі ғана. Қазіргі уақытта төтеншеліктер қысқы маусымға дайындық жасап, қар көшкіні қауіп төндіретін аймақтарда орналасқан халыққа қауіпсіздік ережелерін түсіндіру, ескертпелер тарату, жол бойларына ескерту қалқандарын орнату сынды ақпараттық жұмыстар жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта қар көшкіні қауіпті аймақтарда маусымдық үш гидробекет ашу да жоспарлануда. Халық өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, табиғи апаттардың алдын алып отырған бұл мекеменің қызметі осылай дамылсыз жалғаса береді.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы