Белгілі сарапшы, PR маманы Айбар Олжайдың сөзіне сүйенсек, «Қазақстан – кедей мемлекет. Біріншіден, халық кедей. Оған дәлел – еліміздегі бай және кедей таптардың болуы. Сарапшы бізде орта тап жоқ деп есептейді. Шамамен 200-ге жуық адам елдегі ең бай адамдар болып саналады. Екіншіден, біздің жылдық бюджеттің 50 пайыздан астамын құрайтын мұнай саласымен әлемдегі мұнай өндіретін А категориялы мемлекеттер санатының ондығына да кірмейміз. Одан бөлек тау-кен өндірісін шикізат ретінде сату, бізге өндіріп сатуға қарағанда пайда бермейді».
Қазіргі таңда көптеген жастар шет елдерге жұмыс істеуге кетіп жатыр. Басым көпшілігі қара жұмыспен айналысады. Бұл табиғи құбылыс, өйткені өз мемлекетіңдегі жұмыс күшіне берілетін еңбекақыны басқа мемлекет көбірек төлейтін болса, бұл автоматты түрде елдің кедей екенін дәлелдейді. Бұны термин тілімен – гастарбайтер деп атайды. Демек, Қазақстанның кедей мемлекет екеніне күмән жоқ. Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Банктің тұрақты тұтынушысы болған қазақ қоғамын бұл кеселден қалай құтқармақпыз? Қоғамдағы өрбіп жатқан мәселелердің басым көпшілігі осы әлеуметтік жағдайдың төмендігінен туындайды. Байырғы қазақ бұқарасынада бұл мәселенің қатты білінбеуінің себептерінен бастайық. Қазақ қоғамы тарихта мал шаруашылығымен айналысқан. Яғни ас-сумен ешқандай мәселе болмаған. Қазіргі қоғамның ақша соңында кеткені сонша, олардың отбасы былай тұрсын өзіне үңіліп қарауға мұршасы жоқ. 2014 жылдардағы ақпараттарға сүйенсек, еліміз тұрғындары табысының 30 пайызын тамаққа, қалған 20 пайызын коммуналдық төлемге және т.с.с. қажеттіліктерге жұмсайтын. Қазір тамаққа жұмсалатын қаржы тұрғын табысының 58 пайызын құрайды. Демек басқа қажеттіліктердің өлшемін шектен шығарып жіберген де осы. Сондықтан халықтың кіріс өлшемінен шығыс өлшемі жоғары.
Адамдар көптеген шығындарын жабу мақсатында банктердің несие және бөліп төлеу қызметтеріне жүгінеді. Бөліп төлеу қызметінің етек алғаны сонша, 2022 жылы шілде айында өткен «Каспий Жұма» акциясы, өткен науқанмен салыстырғанда сатылым өсімі 130%-ды құрады, «Kaspi Жұмаға» бүкіл ел бойынша 70 мың дүкен қатысты (Ақпарат Forbes Kazakhstan сайтынан алынды. https://forbes.kz/leader/40_krupneyshih_torgovyih_internet-ploschadok_-_jurnal_sentyabr_2022/ ). Яғни тұрғындардың басым көпшілігі бөліп төлеу арқылы өз қажеттілігін өтейді. Кейбір тұрғындардың айлық кірісінен қарыз мөлшері көп екенін айта кеткен жөн. Демек, олар шет елге шығу, демалыс орындарына бару, жаңа кәсіп бастау былай тұрсын, күнделікті өмірге қажетті дүниелердің өзіне ақшаны қарызға алады. Әрине, мұндай отбасыларда ұрыс-керістің туындайтынына таң қалудың қажеті жоқ. Еліміздегі ажырасу санының да артуына осы әлеуметтік жағдайдың төмендігі бірден-бір себеп. Себебі тұрмыс құрған жас отбасыларда бірін-бірімен байланыс қарым-қатынас тым аз. Мәселелердің дер кезінде шешілмеуі – ажыру саны мен жетім қалған балалар санын арттыруда.
Қарызын жаба алмаған адамдар әрине, оңай әрі тез ақша табу жолдарын іздей бастайды. Еліміздегі лудомания, құмар ойындарға тәуелділік пен букмекерлік кеңселердің көбеюі осының дәлелі. Себебі, сұраныс бар жерде міндетті түрде ұсыныс шығады. Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, өткен жылы тіркелген 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылықтың 31 мыңнан астамы, яғни 20 пайызы құмар ойындардың салдары екен. Бұған қоса, былтыр жасалған 3 676 суицидтің де әрбір бесіншісі ойынқұмарларға тиесілі. ҚР конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Демек, еліміз өзінің ең қымбат қазынасынан айырылуда. Мегаполистерде көптеп таралған букмекерлік кеңселердің жарнамалары адамға тез ақша табудың бірден бір жолы екенін көрсетіп тұрады. Еліміздің «Жарнама туралы» заңының 6-бабы, 5-1 тармағына сәйкес, электрондық казиноны және интернет-казиноны жарнамалауға тыйым салынады. Бірақ бұл тізімге букмекерлік кеңселер ілінбегендіктен олар елімізде еркін жарнама жасап, оңай пайда тауып жүр. Әрине, бұл мәселе биліктің құлағына шалынғаны қуантады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2021 жылғы 25 ақпанда болған отырысында лудоманияның келер ұрпаққа келтірер зиянына алаңдайтынын және оны жоюға әрекет жасайтынын айтқан еді. Қазіргі таңда мәжіліс депутаттары бұл мәселе бойынша Үкіметке бірнеше депутаттық сауал жолдап отыр. Ол өз нәтижесін көрсетіп те отыр. Бірақ бұл әрекет әлі де жеткіліксіз. Халықтың әлеуметтік жағдайы көтерілмейінше оңай ақша табу жолдары азаймайды. Оңай ақша іздеп тұратын жандар – интернет алаяқтардың басты табыс көзі. Олар халықты тез әрі оңай ақша табатын жолдармен алдап, бірнеше мың адамды сан соқтырып кеткені ақиқат емес пе? Қарапайым халыққа «сіз жүлде ұттыңыз, алу үшін қаражат жіберіңіз», деп өзі қайдан ақша тапсам деп жүрген адамды тақырға отырғызып кетеді.
Қазақстан – 2050 бағдарламасы аясында Қазақстанды дамыған, бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына қосу мақсаты айқындалды. «Global competitiveness index» экономика, жаһандық бәсекеге қабілеттілік және өнімділік деңгейін 2019 жылы анықтаған кезде Қазақстан 55 орынға жайғасты. Статистикада елдердің дамуына кедергі болып отырған мәселелер көрсетіледі. Соның ішінде еліміздің келесі орынға аяқ бастырмай жатқан басты мәселесі басқа ТМД елдеріндегідей коррупция емес, сауатсыз кадр дайындау екенін көре аламыз. Сауатсыз кадр дайындау мәселесін шешу және кадр жетіспеушілігінен құтылу үшін мемлекет абитуренттерге көптеп грант бөлуде. Ақпарат көздерінде берілген мәліметтерге сүйенсек, соңғы 5 жылда грант саны 50 пайыздан астам артқаны жазылған:
2019 жылы – 51 023 грант;
2020 жылы – 51 056 грант;
2021 жылы – 56 561 грант.
2023-2024 оқу жылында 88 204 студент мемлекеттік грант бойынша білім алуда. Бұл көрсеткіш орынды ма? Мемлекет грант санын арттыра берумен қатар сауатсыз кадр санын көбейтіп, сәйкесінше дамыған мемлекеттер қатарында жоғарыға көтеріле алмай жатырмыз. Бөлінген гранттың өтелуіне үкімет күш салып жатқан жоқ. Қазір жоғарғы білім жүйесінің 3 сатысы – бакалавриат, магистратура, доктарантура. Бұл қазақ қоғамын оқи беруге және бір мамандықты тереңдетіп емес, 3 кезеңде 3 түрлі мамандыққа оқуға әсер етіп жатыр. Егер студент бакалавриат білімін тауысып, сол мамандық бойынша өндіріске еніп, жұмыс істесе, ол берілген грантты ақтады деген сөз. Өкінішке орай ондай мысалдар кемде кем. Не үшін грант санын көбейту тиімсіз? Себебі, мектеп кезіндегі балаға ешқандай түсіндірме жұмыстары жүргізілмейді. Ол бала нені қалайды, не нәрсеге қызығады, нені тегін жасауға дайын екенін біле алмай 11 жылдық мектепті тамамдайды. Кейбір қаржылық сауаттылығын арттырмаған ата-ана баласының отбасы бюджетіне ортақтаспай грантта оқығанан қалайды. Солай абитуренттердің басым көпшілігі өзі ұнатпайтын мамандыққа грантқа оқуға түседі. Шәкіртақыдан айырылып қалмау мақсатында өз қалауынсыз сабағын оқиды. Кейбір студенттер сабақты шетке ысырып қойып, жұмыс істейді. Қазіргі күні «SMM, мобилография, фрилансер» секілді мамандықтардың көбейіп кетуі жастарға ғылым-білімсіз ақша табуға болатынын үйретуде. Азын-аулақ ақша тапқан студент айналасындағы студенттерге қарап, дұрыс жүрмін деп ойлайды. Бірақ ол дипломсыз қалудан қорықпайды. Себебі Қазақстанда сауатсыз кадрлардың көптігі сонша, дипломы жоқ бірақ қабілеті бар мамандарды жұмысқа ала береді. Бұл біз оқитын журналистика саласының өндірісінде көптеп кездеседі. Шын мәнінде жастардың жасөспірім шақта өмір сүруіне бұл үлкен кедергі.
БҰҰ дерегі бойынша, 5 млн тұрғыны бар Финляндия мемлекеті 5 жыл бойы әлемдегі ең бақытты мемлекет тізімінің көшін бастап тұр. Еліміз бұл тізімде 44 – орынды алған. Бұл көрсеткішке Финляндия мемлекетін жеткізген – халықтың білімділігі және сол білімін заман талабына сай қолдана алуы. Олардың басым көпшілігі өзі оқыған немесе жаны сүйген мамандық бойынша қызмет атқаруда. Яғни әркім өз жұмысын жетік меңгерген. Басқа салаға ауысуды да қажет етпейді. Еліміздегі демографияны көтеру шаралары қарқындап жүріп жатыр. Көп балалы аналар елеусіз қалмайды. Қосымша жәрдемақылар бөлінеді. Бірақ егер сапасыз халық көбейетін болса, еліміз Бангладеш сияқты елге айналып кетуі бек мүмкін. Сол себептен өскелең ұрпаққа дұрыс жүйе орнатқан абзал. Білім жүйесін баса назарға алу мәселенің басты шешімдерінің бірі.
Сонымен қатар халық өз ақшасын депозиттерде сақтауы белгілі бір шешім. Егер адамдар артық ақшасын шашпай депозитке жинаса, сол өмір сүру салтына дағдыланатын болады. Қаржы сауаттылығын үйрететін барша авторлар қаржылық сауатты болу үшін ең алдымен «шығыныңды қадағала» деп кеңес береді. Сол кезде адам өзінің 20 пайыз табысын сақтап қала алады. Қажет емес, денсаулыққа зиян нәрселерден бас тарту керек. 50000 тг қаражатты адам қалай жаратса, 500000 теңгені де солай жаратады. Яғни, артық ақшаңның болу-болмауы оны қалай жаратуыңа байланысты деген сөз. Осы себепті адамдар үй, көлік сынды ауқымды қаражатты талап ететін заттарды несиеге немесе бөліп төлеп алуға мәжбүр. Соның салдарынан елімізде жиналған зейнетақы қорын мерзімінен бұрын пайдалану үрдісі 2023 жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданыста.
Ақшаны теңгемен депозитте сақтау қазіргі инфляцияның салдарынан тиімсіз. Теңгенің жылдық инфляциясы 11,8 пайызды құрайды. Демек, ақшаңыз ұзақ уақыт тұрса оның құны түсе береді. Сондықтан әлемдік стандартқа көз жүгірту керек. Әлем нарығы доллор бағамына тәуелді. Ақшаңызды ешқандай инфляцияға ұшырамас үшін акцияларды сатып алу тиімді саналады. Себебі акция әрқашан өз құнын жоғалтпайды. Мұндағы басты кедергі – тәуекел. Егер дұрыс сараптама жасай білсеңіз, сіз бұл жерден ұтылмайсыз. Ақшасын депозитке сақтамай көбейткісі келетін жандар жылжымайтын мүлік, көлік алады. Бірақ, жоғарыда айтылған зейнетақы қорынан бөлек үлкен көлемде қаржы халыққа түспей қалса, ол заттардың бағасы күрт төмендейді. Себебі халықтың қалтасында ақша болмайды.
Айтылған ақпараттарды қолдану әрине қиын. Бірақ бұл мәселені қолға алмасақ бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру былай тұрсын, өмір сүрудің өзі үлкен мәселе болып қалуы мүмкін.
Ерасыл Серікбай,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің 4-курс студенті