-13 °c
Qonaev
Tuesday, May 20, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Әйнек көпір әйгілейді әлемге!

    07.11.2024
    in Барлық жаңалықтар, Инфрақұрылым
    Әйнек көпір әйгілейді әлемге!
    0
    SHARES
    16
    VIEWS

            Кеген ауданының әкімдігі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және алда атқарылатын іс-шаралар барысымен таныстыру мақсатында республикалық, облыстық БАҚ өкілдеріне арнап пресс-тур өткізді. Алыстан ат арытып келген журналистер қауымын Аласа асуынан аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев бастаған жергілікті билік өкілдері күтіп алды.

    Кегеннің туризм саласы жыл өткен сайын жанданып келеді. Биыл Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайыңдыға демалуға келген туристер саны 400 мыңнан асты. Көртоғайдың бойындағы «Қара шатқал» да ерекшелігімен көз тартады. Соңғы жылдары туристік компаниялар Көлсай, Қайыңдыға баратын қонақтарға осы қара жақпар таспен көмкерілген арнаны көрсетуді әдетке айналдырған. Алдағы уақытта бұл жер заманауи демалыс орны болады деп жоспарланып отыр. Сондықтан облыстық бюджеттен 60 млн теңге бөлініп, электр желісі тартылуда. Кеген ауданының әкімдігі туристік нысан құрылысына инвестор да тауып қойған екен.
    – Біз «Қара шатқал» жобасын баста­дық. Үш жылдың ішінде 500 млн теңге инвестиция тартуға дайын­быз. Мұнда 30 үй, 3 коттедж және 3 мейрамхана бой көтереді. 5,5 гектар жер теліміне аспалы әйнек көпір салынып, 3,5 гектар жерге балық аулау бизнесін жандандырамыз. Сонымен қатар қонақтарға төменде ағып жатқан өзенге жету үшін ыңғайлы саты жасауды да жоспарлап отырмыз, – дейді «ASK Capital» ЖШС өкілі Сырым Көлбаев.
    – Жоба құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Әйнек көпірдің ұзындығы – 170, биіктігі – 80 және ені 1,8 метр болады. Туристер осы көпір арқылы арғы бетке өтіп, ойын-сауық алаңын тамашалап, атпен серуендей алады. Құрылыс жұмыстары бойынша архи­­тектуралық тапсырма алынды, енді мемлекеттік сараптамадан өтіп жатырмыз, – деген жоба иесі Манап Тағаев «Қара шатқалдағы» аспалы көпірдің құрылысы 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетінін жеткізді.
    Бұдан кейін БАҚ өкілдері Ұзынбұлақ ауылындағы көшелерге асфальт төсеу жұмысымен танысты.
    – Қазіргі уақытта көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Келісімшарт сомасы – 697 млн теңге, бас мердігер – «Дортехавтотрек» ЖШС. Жыл басынан 63 млн теңге бөлінген, 2025 жылы толығымен аяқталады. Ауылда 14 көше бар, олардың жалпы ұзындығы – 11,4 шақырым. Аудандағы 32 елдімекенге кезең-кезеңімен асфальт жабындысы төселіп жатыр, – деді аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ­басшы­сы Кәділ Жасұлан.
    Журналистер Жылысай ауылындағы жаңадан салынып жатқан Мәдениет үйі мен фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмыстарын да көрді. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков баяндады.
    – Қарқарада спорт залымен бірік­тірілген 180 орынды Мәдениет үйі толығымен аяқталды. Бөлексаз ауылында да осындай 140 орынды Мәдениет үйі бой көтеріп жатыр. Сондай-ақ Жалағаш ауылында 140 орынды өнер ордасы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Өздеріңіз куә болып отырған нысан – Жылысай ауылындағы Мәдениет үйінің құры­лысы мамыр айында басталған. Жұмыс қарқыны ойдағыдай, – деді ол.
    Жылысайлықтар халық игілігі үшін қолға алынып жатқан шаруаларға дән риза.
    – Осы ауылмен бірге өсіп-өніп келе жатырмын. Суымыз бар, ауыл арасын­дағы тас жолдардың сапасы жақсы. 1972 жылы салынған ескі клуб болатын, енді заманауи Мәдениет үйі есігін айқара ашатын күн де алыс емес. Бұл – мемлекетіміздің халыққа жасаған қамқорлығы, – деді ауыл тұрғыны Төлеген Қуандықұлы.
    Тілшілердің тағы бір табан тіреген жері – Ақсай ауылында салынып жатқан әлеуметтік нысан, яғни модульді медициналық пункт. Бас мердігер – «Илькомстрой» ЖШС. Құрылыс жұмысы осы жылдың аяғында бітеді деп жоспарланып отыр.
    Кеген аудандық ауруханасының директоры Алмас Тілеулиев:
    – Аудан бойынша 8 елдімекендегі емдеу мекемелеріне осындай ғимараттар тұрғызылды. Ақсай ауылында 787 тұрғын бар. Медициналық пункт ашылса, бір фельдшер, бір мейірбике және бір техникалық қызметкер жұмыс атқаратын болады. Құрал-жабдық­тармен толық қамтамасыз етіледі, – деді.
    БАҚ өкілдеріне мұндағы жол жөндеу жұмыстары да таныстырылды. Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Кәділ Жасұланның айтуынша, Ақсай ауылына кіреберістегі 1,1 шақырым жолды жөндеу аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуінде жиі көтерілетін сұрақтардың бірі болған. Биыл қаржы бөлініп, «АтлантСтройИндустрия» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, жұмыс жүргізілуде.
    – Кеген мен Райымбек аудан­дарында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 281 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда 100 шақырымдай жолдың күрделі және орташа жөндеу жұмысы аяқталды. Көлік министрінің қолдауымен келесі жылдан бастап 14 млрд теңге қаржы бөлінеді. Сол қаражат­тың есебінен біз 130 шақы­рым жолға орташа жөндеу жүр­гіземіз. Атап айтқанда, «Көкпек – Кеген – Түп» тас жолында екі учаске, 26-41 шақырым мен 68-88 шақы­рым аралығы, «Көкпек – Кеген – Түп – Жалағаш – Саты – Құрметі» автомо­биль жолының Көлсай көліне апара­тын 3-21 шақырым аралығын жөндеу келесі жылға қарастырылып отыр. Райымбек ауданына келетін болсақ, республикалық маңызы бар Нарынқол мен Текес ауылының аралы­ғындағы жолды жыл соңына дейін аяқтаймыз. Келесі жылы қалған 74 шақырымын жөндеу басталады, – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Жанат Өтепбергенов.
    Ауданда құны 4,5 млрд болатын аймақтағы ең ірі «КегенМясоПром» ЖШС ет комбинаты салынып, аз күнде қолданысқа берілмек. Іске қосылса, күніне 25 тоннаға дейін ет өңдеуге қауқарлы кәсіпорын болады. Онымен қоса, ауылдағы жүзден аса тұрғын екі қолға бір күрек тауып, жұмыспен қамтылады. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған арнайы сапар кезінде мәлім болды.
    Кеген – аграрлы аудан. Тұрғын­дардың негізгі кәсібі – мал және егін шаруашылығы. Сондықтан шаруа­ларды қолдау мақсатында ірі ет комбинаты салынып, Кегеннен бөлек Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Райымбек аудандарынан шикізат алу жоспар­ланып отыр. Одан серіктестік түрлі ет өнімдері, оның ішінде ет консервілеу мен шұжықтар да даярлайды.
    Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан «Базис» корпорациясының вице-президенті Тоқтар Баймолдаев:
    – Бұл жоба облыс әкімі мен «Базис» корпорациясының қолдауымен іске асырылды. Бүгінгі күні зауыттың бірінші кезеңі толық салынып бітті. Екінші жобалық кезеңіне кірісіп жатырмыз. Қазіргі таңда мал сою алаңындағы станоктарды тексерістен өткізіп, өндірістік және тамақ өңдеу қауіпсіздігінің сертификатын алу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді.
    Халықтың әл-ауқатын жақсар­тып, баспанамен қамту жайы – кезек күттірмейтін мәселе. Аудан орталы­ғында 30 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, ауыл тұрғындары бұл күні қоныс тойын тойлады. Ол үшін мемлекет 1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлген. Үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасы, жағдайы төмен және мүмкіндігі шектеулі 30 отбасыға су жаңа баспананың кілтін аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев табыстады. Шалғайда жатқан шекаралық ауданда мемлекеттік бағдарламамен үй салу деген бұрын-соңды болмаған.
    – Ауданда 500-ге жуық тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл игілікті іс ары қарай сәтімен жалғасады, – деген аудан басшысы Нұрбақыт Молдахметұлы баспаналы болған отбасыларды құттықтады.
    Тілшілер қауымы Кеген ауылында күрделі жөндеу­­ден өткен қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов атындағы балалар өнер мектебімен, Ө.Жаңабаев атындағы орта мектептің жұмысымен танысып, құрылыс барысын аралап көрді.
    Нұрбақыт Теңізбаев Кеген ауданы­на әкім болып келгелі бір жарым жылдың жүзі болды. Осы аралықта журналистердің басын жинап, екі рет пресс-тур ұйымдастырып үлгерді. Былтырғы сапарда көрген жобалардың біразы биыл біткен. Есесіне жаңа жұмыстар басталып, атқарылар шаруа шаш етектен екенін аудан әкімі пресс-тур барысында айтып өтті. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, өңір тірлігіне қаныққан тілшілерді аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы жылы қабылдап, пресс-турдың маңызын айшықтады. Жолдың шалғайына мән бермей, өңір тынысымен танысуға келген журналистерге алғыс білдірді.

    Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

    Кеген ауданы

    Ұсынымдар

    Белсенділік танытты

    Белсенділік танытты

    10 months ago
    Күлкі – көңіл ажары

    Күлкі – көңіл ажары

    5 months ago
    Шәкірт шырағын жаққан

    Шәкірт шырағын жаққан

    9 months ago
    Жаңа бекет ашылды

    Жаңа бекет ашылды

    9 months ago
    Ағайын құшақ ашқан күн

    ЖЫЛ БАСЫ КӨРІСУДЕН БАСТАЛАДЫ

    2 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.