Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты саяжайлар аумағында 1500 орынды мектеп ел игілігіне берілді. Бұл – биылғы оқу жылында ауданда ашылып отырған үшінші білім ошағы.
Балалардың білім алуына мүмкіндік жасап, мектеп ашу ісін қолға алған «Kapital Construction» компаниясының директоры Ринат Төренияз саяжай тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлады. Жеке инвестор қаржысымен бой көтерген заманауи үлгідегі «ALTYN ADAM» инновациялық мектебі аудандағы білім саласына қатысты қос мәселенің түйінін тауып, шешімін шығарып бергендей. Біріншісі – саяжайдан Есік қаласына тасымалмен оқитын 500-ден астам бала ендігі уақытта үйінің жанындағы мектепке баратын болды. Ал екіншісі – 2017 жылы бой көтеріп, бүгінге дейін үш ауысымда білім беріп келген Рахат №1 орта мектебіндегі жүктеме азайып, екі ауысымға көшті.
Осындай үлкен қуанышты жаңалықтың куәсі болып, мектептің ашылуына ауданның Құрметті азаматтары, ардагер-ұстаздар, оқушылар мен ауыл тұрғындары қатысты. Жиылған жұртшылыққа құттықтау сөз арнаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова: «Өздеріңіз білетіндей, саяжайға мемлекет тарапынан ешқандай инфрақұрылым қарастырылмайды. Осынау үлкен мәселенің шешімін табуына жәрдемдесіп, «Kapital Construction» компаниясының саяжай балалары үшін білім ошағын тұрғызуы – игі іс. Аталған компания былтыр қаңтар айында Іле ауданының Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты тағы бір саяжай аумағында мектеп ашқан болатын. Ол да 1500 орынды. Бүгінде онда 2100 бала білім алып жатыр», – дей келе Ринат Оралсейітұлына облыс әкімі атынан алғысын білдірді.
Келесі кезекте сөз алған облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Құрманғалиев қазіргі заманға сай салынған мектеп ғимаратына жоғары баға беріп, оқушыларға оқуда табыс тіледі. Ал «Kapital Construction» компаниясының директоры Ринат Оралсейітұлы алдағы уақытта Талғар мен Іле аудандарынан да 1000 орынды екі мектеп ашуды жоспарлап отырғанын жеткізіп, жаңа білім ошағының директоры Ботагөз Шәрібекке мектеп кілтін салтанатты түрде табыстады. Алғашқы қоңырау соғылып, ән мен биден шашу шашылды.
Жаңа ашылған «ALTYN ADAM» инновациялық мектебі жекеменшік болғанымен, мұндағы оқу тегін. Оған қоса, балаларды білім, спорт, өнерге баулитын түрлі үйірмелер, халықаралық сатыдағы SAT, IELTS секілді ағылшын тілін меңгеру деңгейі тексерілетін тестке дайындық курстары да ақысыз болмақ. Жаратылыстану пәндері тереңдетіліп оқытылып, балалар STEM-зертханалар мен робототехника кабинеттерінде білімін шыңдайды. Сондай-ақ бүкіл техникамен жабдықталған пәндік кабинеттер, электронды кітапхана, үлкен екі спортзал, хореография, мәжіліс залы, үлкен асхана – бәрі-бәрі балалардың сапалы білім алуы үшін жасалған. 2,3 га аумақты алып жатқан үшқабатты білім ордасы бір ауысымда 1500 баланы қамти алатындықтан балалар түске дейін оқу бағдарламасымен оқытылса, түстен кейін бокс, қазақша күрес, шахмат, тоғызқұмалақ, қыш, мүсін өнері сынды түрлі үйірмеге қатысады.
«Биылғы оқу жылын екінші тоқсаннан бастап отырмыз. Соған қарамастан, 800-ден астам оқушы қабылданып, 75 мұғалім жұмысқа алынды. 1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар тегін ыстық тамақпен қамтылған. Тасымал да тегін», – дейді мектеп директоры Ботагөз Бөрібайқызы.
«Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді» демекші, жалпы құны – 5,6 млрд теңге болған зәулім мектепті бүкіл құрал-жабдық, керек-жарағымен қамтамасыз етіп, балалардың болашағы үшін сыйға тарту – нағыз азаматтықтың белгісі. «ALTYN ADAM» инновациялық мектебі алдағы уақытта еліміздің байрағын биікте желбіретер білімді, өнерлі, қайсар жастардың өсіп шығуына негіз болары хақ.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы