ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің техникалық және кәсіби даярлық бөлімінде қазақ халқының ежелгі ұлттық ойындарының бірі – таяқ тартудан жарыс өтті.
Турнирді ашқан ҰҚК шекара басқармасы бастығының орынбасары, техникалық және кәсіби даярлық бөлімінің бастығы, подполковник Сағадат Әуезов сөз кезегін «Мас-Рестлинг» федерациясының вице-президенті, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің жауапты хатшысы Талғат Қаналиевке берді. Ол шекарашылар тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған таяқ тарту ойынының маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталған жарысқа «Бүркіт», «Көкжал», «Ақ барыс» «Сұңқар», «Қалқан» және «Арлан» командалары қатысып, бақ сынады. Сайысқа федерацияның бас хатшысы, халықаралық төреші Алтын Ақылбек төрелік етті.
Таяқ тарту ойынында өз командаларының намысын қорғаған сарбаздар аянып қалған жоқ. 50 келі салмақта сайысқа түскендер қайраттарын көрсетумен шектелмей, ептіліктерін де байқатты. Сан түрлі әдіспен қарсыластарын қапы қалдыруға тырысты. Әрі қарай салмағы 80 келіден жоғары әскери қызметшілер шаршы алаңға шықты. Әрине, бұл жерде көрермендерді күлкіге қарық қылған қызық көріністер де болмай қалған жоқ. Сондай-ақ, сырт көзге ірі көрінгенімен, тайталасуға келгенде әлсіздік танытқан кейбір әскери қызметшілерге қарап еріксіз бас шайқадық.
Жалпыкомандалық сайыста І орынды «Сұңқар» тобы жеңіп алса, ІІ орынға «Ақ барыс» тобы табан тіреді. Ал ІІІ орынды «Бүркіт» тобы қанжығасына байлады. Шара соңында турнирдің тартысты өтуіне ұйытқы болған ҚР «Мас-Рестлинг» (таяқ тарту) федерациясының вице-президенті Т.Қаналиев бастаған мәртебелі қонақтар департамент бастығының Алғыс хатымен марапатталды.
Бір сөзбен айтқанда, шапшаңдық пен ептілікті қатар еншілеген шекарашылар үшін таяқ тарту рухты ойын екенін көрсетті.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі