Жамбыл ауданында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, аудан әкімдігінің, облыстық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күніне арналған 100 шақырымдық бәйге өтті.
Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен және көршілес қырғыз елінен келген атбегілер жүйріктерін жарысқа қосты. Бәйге шеңберді айнала емес, тіке шабыспен өтті. Ауданның солтүстік-батысындағы самарқау сайын даланы бұл күні тұлпарлардың тұяғы бір серпілткендей болды. Күрті жазығындағы Қаншеңгел ауылының тұсынан тізгін босатқан аттар батысқа қарай өрлей шапты. Қайсысының мықты екені Қопа бекетіне жеткенде анықталды. Ә дегенде топтала шапқан жүйріктердің қатары 25 шақырымнан кейін сирексіп, арасы ұзара берді.
Қопа ауылы маңындағы төбешікке жиналған жанкүйерлер алыстан шаң көрінгеннен көлегейлеп көз салып, қай аттың бабы мен бағы қатар жанарын қызығушылықпен тағатсыздана күтті. Ал ат иелері болса, үкілеп қосқан шабандоздары мен атының амандығын тілеумен қатар олардың бәйгелі келуіне зор үміт артты. Қара көрсеткен шын жүйріктер көп күттірген жоқ, соңындағыны шаң қаптырған сәйгүліктер әне-міне дегенше сөреге жақындай берді. Осылайша 54 аттың ішінен тұлпардың тұлпары танылды.
Қырғызстаннан Мейірлан Ешенқұловтың «Қарасұңқар» атты жүйрігі 100 шақырымды 4 сағат 5 минутта еңсерді, шабандозы – Санат Сейсен есімді балақай. Одан 5 минут кейін екінші болып Жетісу облысы Жаркент қаласынан Мағруф Қадыровтың «Телқоңырын» тақымдаған шабандоз Ақан Жұмабек келді. Ал жетісулық Шәміл Қадыровтың «Қаһарманы» мәреге үшінші болып жетті, шабандозы – Хабай Даргирбек. Араға санаулы минуттар салып «Үркер», «Қарашеңгел», «Ақтаңгер», «Гауһартас» деп аталатын сәйгүліктер ұзақ қашықтықты бірінен кейін бірі бағындырды. Бәйгеге тігілген 4-тен 7-ші орындарға дейінгі жүлделерді Жамбыл ауданындағы Дегерес, Жамбыл, Сұңқар ауылдарының атбегілері алды.
Осылайша Қаншеңгел, Қопа аралығындағы дүбірлі додада қылқұйрықтыларының бабын келістіргендердің мерейі үстем болды. Ұлттық ат спортын жанына серік еткен жүлдегерлерге салтанатты жағдайда сыйлықтар тапсырылды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы