Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің өңір экономикасы тақырыбында YouTube арнасына кең көлемді сұхбаты шықты. Подкаст форматында берілген сұхбатты белгілі журналист, PR-менеджер, заманауи медиа саласының білікті маманы Айбар Олжаев жүргізді. Облысқа тартылған инвестиция, бюджет, салық түсімі, кәсіпкерлік, өндіріс орындары бойынша өрбіген екеуара әңгіменің маңызды тұстарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
– Армысыздар! Біз бүгін «Өңірлік экономика» подкастын бастап отырмыз. Алғашқы қонағымыз – Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев. Сізге қойылар сұрақ көп. Қазіргі кезде экономиканың көзі – инвестиция. Себебі, ішкі резервтің потенциалы таусылған сияқты. Сырттан келген ақша экономиканы дамыта алады. Осы ретте Алматы облысы инвестициялық тартымды жер екені белгілі. Инвестор тарту процесі қалай жүреді? Инвесторлармен барып сөйлесесіздер ме? Өздері келген инвесторларды қабылдайсыздар ма?
– Экономиканы көтеру, резервтерді тарту – бүгінде өзекті мәселе. Ішкі резервтер таусылды дегенге экономист ретінде, өңір басшысы ретінде келісе алмаймын. Ішкі резервтер өте көп. Оның да потенциалы толық ашылған жоқ. Қазір көп жұмысты істеп жатқан өзіміздің жергілікті кәсіпкерлер. Ары қарай да олар жұмыс аясын кеңейтуге дайын. Біздің облыста да жағдай дәл сондай. Сыртқы инвестиция тез әрі қарқынды жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан, шетелдік инвестициямен жұмыс басты назарда. Оларға жағдай жасау, дұрыс қабылдап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу жүйелі ұйымдастырылған. Алматы облысында әр аймақтағыдай сала бойынша кураторлар, орынбасарлар, кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция жөніндегі кеңесшілер, бейіндік басқарма бар. Олар осы жұмыспен айналысады. Одан басқа, «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация жұмыс істейді. Алматы облысын дамыту орталығы да көп жұмыс атқарады. Міндеттері бөлінген. Әрқайсысы өз жұмысын біледі. Алматы облысын дамыту орталығы реестр жүргізеді. Қандай инвестор келді, бүгінгі күнде онымен жұмыс жүргізу қай деңгейде, бірінші кездесу ғана болды ма, меморандумға қол жеткіздік пе, ары қарай жер мәселесі, архитектура мәселесі қалай пысықталып жатыр, осының бәрі «Бір терезе» форматында жұмыс істейді.
Өздеріңіз білесіздер, облыстағы ең үлкен жобалар – Алатау, Қонаев қалаларын дамыту ісіне баса назар аударылған. Алатау қаласы толық экономикалық аймаққа кірді. Кейіннен Қонаев қаласының жаңа жағалауы, перспективалық жері де арнайы экономикалық аймаққа кірді. Онда өзіміздің Алатау арнайы экономикалық аймағы құрылды. Көлемі өте үлкен. 96 мың гектарға жетеді. Олар бөлек жұмыс істеп жатыр. Өйткені, олар көбіне қаланы дамыту бойынша өз міндеттерін орындайды. Қаланың өзінің концепциясы бар. Енді диалог қалай жүреді? Бізге көп инвесторлар келеді. Біз де шетелге көп шығатын болдық. Мысалы, Мәскеуде өткен «BRICS» форумына орынбасарым, кеңесшім, экономикалық аймақ жетекшісі қатысып қайтты. Алматы облысы – елімізден қатысқан жалғыз облыс. Қазіргі инвесторлардың көбі Оңтүстік Шығыс Азиядан келіп жатыр. Сол себепті ұжымға ағылшын тілінен бөлек, қытай, өзге де тілдерді білетін мамандарды алып жатырмыз. Олар да осы диалогты жүргізуге септігін тигізуде. Өйткені, сол тілде сөйлеп, диалог жүргізіп, ең бастысы олармен қарым-қатынасты үзбеу маңызды. Қанша инвестор болса да, олар бірінші танысуға келеді, турист болып келеді. Кейін қарым-қатынас дұрыс болса, ары қарай жұмыс істейді. Еуропалық, америкалық жобалардың талабы басқа, олар көбіне есеппен жүреді. Есептейді, маркетинг жасайды, содан кейін жұмысқа кіріседі. Ал Азиядан келген инвесторларға адамды тану үлкен маңызға ие. Кейбір инвесторлардың ділі, танымы да өзгеше, адамға сенім пайда болған соң ғана жұмысты бастайды. Оларға тек регламенттерді көрсетсе, қашқақтай бастайды. Танысады, көреді, кейін қашқақтайды. Сол үшін олармен қарым-қатынаста тыңғылықты дайындық қажет. Біз де барған кезде соны байқаймыз. Оларда делегацияны күту механизмдері, хаттамалары басқаша болады. Сондықтан әркіммен өз тілінде сөйлесу керек.
– Бізде қалыптасқан жүйе бар. Мәселен, бізде бір жобаны дайындап қояды да, инвестор келген кезде, сол дайын дүниені көрсете салады. Ал егер инвесторлар өз жобасын дайындап әкелсе, бұл кезде қалай жұмыс істейсіздер?
– Бекітілген жобалар маңызды. Баяғы «Қазақинвесттен» бізге жеткізілген, сондай-ақ, өзіміздің жобалар, өзіміздің ой-ұсыныстар бар. Облыста әр ауданның өзінің мамандандырылған бағыттары жолға қойылған. Бірақ инвестор өз ұсынысымен келсе, әрине, ол өз жобасына сеніп келеді. Біз тек жағдай жасауға тырысамыз. Жер, архитектура, энергетика, инженерлік жүйелер, суару бойынша оларға көмектесуге тырысамыз. Бізде индустриялық аймақтар құрылған. Сол жақтан жер ұсынамыз, Бізге, ең бастысы, жұмыс орны, ары қарай төлейтін салығы реттелсе, соған баса мән береміз.
– Инвестицияны жақсы түсіндіріп өттіңіз. Енді бюджетке келейік. Мұндайда, әрине, рейтингтерді қараймыз. Бюджеттік түсімдер бойынша Алматы облысы республика бойынша төртінші орында. Алматы, Астана, одан кейін Атырау облысы. Алғашқы үшеуі донор да, бірақ Алматы облысы ол деңгейге сәл жете алмай жатыр. Өйткені сіздердің шығыстарыңыз да көп. Өз тапқандарыңызды жеткізе алмайсыздар. Осы неден? Шығыс тым көп пе? Немесе сіздер аз табасыздар ма?
– Шығыс жылдан-жылға өседі. Өйткені, айтып өткенімдей, үлкен жобаларымыз бар. Оның бәрі, бір жағынан, халыққа жағдай жасау бағытында, екінші жағынан, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік беруге көңіл бөлеміз. Ол кәсіпкерлер ертең аяққа тұрған соң, салық қайтарымдары болады. Бүгінде бәрі біледі, көп жерде инженерлік жүйелер тозған. Алматы облысының үлкен проблемаларының бірі – саяжай. 674 саяжай бар. Онда 180 мыңнан астам халық тұрады. Бәрінің жағдайын дұрыстау керек. Оның бәрі шығынға жатады. Бүгінде 350 саяжайды ауыл шекарасына қостық. Әрі қарай кезең-кезеңімен жұмыстар атқару керек. Әрине, бұған жергілікті бюджеттен біраз шығын болады. Оның үстіне екі жоба бар: Қонаев, кейіннен Алатау қаласы. Мұнда да өндіріспен бірге тұрғындардың да жағдайын жасауымыз керек. Ол да қосымша шығынды талап етеді. Жергілікті бюджеттің бұған күші жетпейді. Өйткені, бұл мемлекет деңгейіндегі, ал Алатау қаласын халықаралық жоба деп айтуға болады. Сондықтан республикалық трансферттен көмек керек. Бірақ былтырғыға қарағанда республикалық трансферттер биыл төмен. Былтыр 185 млрд болса, биыл – 183 млрд. Бірақ бұл біздің облыста ғана. Себебі басқа облыстарда республикалық трансферттер жылдан-жылға өсуде. Биыл бізде салықтық түсімдер 26 пайыз қарқынмен келе жатыр. Осы қарқынды сақтап қалсақ, толық бюджетті орындаймыз. Былтыр бюджет қиын болған. Бірнеше үлкен компаниямыз үлкейген соң, табыс салығын республикалық бюджетке төлеуге көшті. Сондықтан дефицит болған кездер болды. Бұл дефицитті тек биылғы салықтармен ғана жаптық.
– Былтырғымен салыстырғанда, биылғы дефицит аз бола ма, көп бола ма?
– Дефицитсіз шығамыз деп ойлаймыз. Биыл қанша салық түсіреміз, сонша шығынды жоспарладық. Бірақ даму мәселесі басқа ғой. Даму үшін қосымша қаражат керек. Инвестор тарту үшін оған да жағдай жасаған жөн. Сол себепті мемлекеттік жеке серіктестікті дамытудамыз. Ең бірінші үміткер – Қайрат деген индустриялдық аймақ. Бұған 12 млрд жұмсадық. Бірақ 90 млрд-қа дейін оған инвестиция тарттық. «Сергек» камераларын қоюға 200 млн-дай жұмсадық. Бірақ биыл 3 жарым млрд айыппұл өндірдік.
– Кәсіпорын қандай көрсеткіштен асқаннан кейін республикалық бюджетке кетеді?
– Кәсіпорын ірі бизнеске айналғанда кетеді. Бізден екі букмекерлік компания республикаға өтті. Бірінші адам санына, сосын айналымына байланысты. Қаржы және экономика министрлігі тізімді бекітеді. Содан кейін салықты республикаға төлейтін болады. Сол кезде жергілікті бюджет азаяды. Бірақ жергілікті бюджетте қалатын да салықтар бар. Олар – жеке табыс салығы, әлеуметтік салық. Тек корпортивті табыс салығы республикаға аударылады.
– Бюжетті жоспарлау барлық облыстарда бірдей. Дегенмен осының жүйесі қалай? Бұрынғыдан өзгерді ме? Қалай жоспарлайсыздар? Аудан әкімдері сайланып келеді. Олар ішкі жүйені біле бермейтін сияқты. Олармен қалай жұмыс істейсіздер?
– Бюджеттік процесс бұрынғыша қалған. Өтінімдер беріледі, қаралады. Кейіннен кіріске, жоспарға қарай ол өтінімдер қаралатын болады. Бірақ ең бірінші кезекте шығын болса, проблема көбейеді. Жол, инфрақұрылым, мектеп, аурухана тағы басқа да мәселелер, барлығы проблема. Сондықтан ең бірінші ойымыз – теңгерімді дамыту. Облыс ішіндегі ауылдардан 1033 проблема тізімін жинағанбыз. Оның әрқайсын талдап көргенбіз. Ендігі мәселе – дұрыс бағыт беру. Халыққа да түсіндіреміз, кездесу кезінде де айтамыз. Көп адамдар «Біздің жол қанша жыл болды жөнделмеді» деген сынды мәселелерді айтады. Біз: «Бұл жолда күніне жиырма көлік жүрсе, анау жолда екі мың көлік жүреді. Сол себептен осыны жөндейік. Немесе мына мектеп жолында балалар жүреді. Осының электр жүйесін жөндеп берейік», – деп түсіндіреміз. Яғни, теңгерімді дамыту. Бүгінде жағдайы төмен 80 ауыл бар. Сол ауылдардың жағдайын жасауға жұмыс атқарамыз. Қазір жарты жылдан астам уақыт өтті, бастаған жұмысты аяқтауға бағыт алып жатырмыз. Әзірге жаңа жоба бастамаймыз. Бастаған жобаларды аяқтаған соң, жылдың аяғында қаражатқа қарай қандай бастамалар бар екенін қарастырамыз. Бірақ әр жобаның жобалық-сметалық құжаттарын дайындап қою керек. Өйткені, үш жыл бойы жұмыс болады, үш жыл бойы күшінде болады. Сондықтан әрқашан дайын тұруымыз керек.
– Ең проблемасы көп аудан қайсысы?
– Әр салада әртүрлі. Егер шалғай аудандарды қарасақ, онда газ жетіспейді, халықтың жағдайы төмен. Бірақ адам санымен санасақ, шалғай аудандарда бір ауданда 30 мың халық тұрса, қаланың төңірегінде бір ауылдық округте 30-50 мың адам тұрады. Сол себепті әр жердің өз проблемасы бар. Ана жақта газ жоқ болса, мұнда үшауысымды мектептің проблемалары көп. Жол мәселесі, кейіннен автобус проблемасы бар. Әр жерде әрқалай. Бірақ бүгінгі күнде проблемасы жоқ ауыл жоқ та шығар. Әрқайсының масштабы әртүрлі. Кейде бір ауылда мың адам тұрады, ал кейбір елдімекенде 50 мың адам тұрады.
– Қай аудан ең көп салық жинайды?
– Өндірісі көп аудандар салықты көп жинайды. Ең ірісі – Іле ауданы. Одан кейін Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары, солай-солай кете береді.
– Тағы бір сұрақ автомобиль өнеркәсібіне байланысты. Қазір көп облыста автоөндірістер ашылып, салықтар көбейтіліп, адамдарды жұмысқа орналастырып жатыр. Автоөндіріс саласы қалай?
– Біз бірнеше компаниямен сөйлестік. Оның ішінде, Қытай компаниясымен де әңгімелестік. Қызығушылық бар. Олармен диалог құрылды. Бір-екі жылда өндірістер болып қалуы мүмкін. Біздің бірінші қызығушылығымыз – кішігірім фермерлерге ауылшаруашылық техникасын ұсыну. Екінші – климат та, табиғат та оңтүстік болған соң ерекше, экспортқа да мүмкіндік бар, мотоциклдер шығару ісіне назар бөлдік. Өйткені оған сұраныс болады деп ойлаймыз. Әрине, коммуналдық техника жетіспеушілігін бәріміз сеземіз. Көше сыпыратын, төтенше жағдайға арналған техникалардан бастасақ деп отырмыз. Басқа жоғары технологиялы автоөндірушілер келіп жатса, әрине, мүмкіндік жасаймыз. Велосипед, самокат болсын, басқасы болсын, бәріне жағдай жасауға тырысамыз. Қарапайым техниканы шығарсақ, соған сұраныс болса, бағасы сырттан келгеннен төмен болса, біздің ойымыз осы бағыттан ауытқымайды. Бір жағынан, онда адам да көп жұмыс істейді. Екінші жағынан, Орта Азия елдеріне экспортқа шығара аламыз.
– Ал казинолар салығын республикаға төлей ме, жергілікті бюджетке ме?
– Казино, оның ішінде, ойын бизнесінің салықтары өте қомақты. Былтырғы жылы 90 млрд-қа дейін салық төледі. Оның үстіне үш жарым мыңнан астам адам жұмыс істейді. Қазіргі кезде Қазақстанда екі жерде ғана ойынханаға рұқсат етілген. Ақмола облысында және бізде. Бес казино, алты ойын автомат залы бар. Қазір лудомания, басқа бойынша да заң қабылданып жатыр. Жалпы оларға қатаң бақылау жүргізбесе болмайды. Онда жас балаларға шектеу қойылғаны өте дұрыс. Бұл сфера толық бақылауда болу керек. Қазір лудоманиядағы үлкен проблема – онлайн казино, онлайн бәс тігу. Ал оффлайн казиноға барған адам төлқұжатын көрсетеді. Содан кейін ғана кіреді. Егер құқық қорғау органдарынан, туыстарынан талаптар болса, ол адамға шектеу қояды. Ойынханалардың салығы облыста қалады. Екі букмекерлік компания үлкен бизнеске айналған соң, корпоративті табыс салығы республикаға кетті, қалғаны облыста еншісінде.
– Казинодағы ең дұрыс жүйе – шетелдіктердің бәрін осында алып келіп, біздің адамдарды көп ойнатпасақ жөн секілді.
– Шетелде ондай тәжірибе бар. Оңтүстік Кореяда, Беллоруссияда өздерінің азаматтарына шектеу қойып тастаған. Олар өз төлқұжатымен кіре алмайды. Бірақ шетелдіктерге кіруге болады. Бұл тәжірибені қолдануға да болады. Өйткені туризмді дамыту керек. Күндіз тауда жүрсе, кешке адам демалады. Не шоппинг, не мейрамхана, арасында ойынға құмарлар да бар. Алматы облысында 11-ге жуық туристік нысан бар. Ол тәжірибені де қолдануға болатын сияқты.
– Алматы облысының бір проблемасы – ұялы байланыс. Көп жерде байланыс ұстамай қалады. Ұялы байланыс операторларымен диалог бар ма?
– Олармен диалог бар. Соңғы қосқанымыз – «Freedom Telecom». Көлсайда антенналарын қойып, жұмыс бастады. Кейіннен Қонаев жағалауына қойылды. Ары қарай да жұмыс жасаймыз. Интернет жүргізілмеген 3-4 ауыл ғана қалды. Қазір операторлар көп. Қызығушылыққа байланысты операторлармен немесе ұлттық операторымыз – «Қазақтелекоммен» жұмысты жалғастырамыз. Жалпы, Алматының төңірегіндегінде кейбір жерде интернет жоқ болады, байланыс жоғалады. Бұл мәселелер шешіледі.
– Енді Алтын Ордаға келсек. Кезінде мемлекеттің оған көп тісі батқан жоқ. Өзі мемлекет ішіндегі жеке мемлекет болды. Қазір оның ішіне кіріп, салық процесін жолға қойдыңыздар ма? Әр саудадан салық төленетіндей жағдайға жетті ме?
– Алдыңғы жылы ол жұмыс жүргізілген. Ол жаққа толық құқық қорғау органдары, прокуратура, салық органдары барып жұмыс атқарды. Соның ішінде біраз миграциялық сұрақтар, салық сұрақтары шешілді. Қазіргі күні өз деңгейінде. Содан кейін де бірнеше рет саудагерлерден маңызды сұрақтар көтерілген. «Жаңа салынып жатқан орынға ақша құйғанбыз, ол қашан салынып бітеді? Қалай қайтарым болады?» дегендей. Бұл сұрақтар жаңадан келген акционерлермен шешілді. Жұмыс жүріп жатыр. Жалпы, олардың салық төлеу деңгейі өсті.
– Тағы алып-қосарыңыз бар ма? Айтылмай қалған мәселе бар ма?
– Өңір туралы айтсақ, даму қарқынды жүруде. Өңірлік өнім бойынша оныншы орында болсақ, былтыр бесінші орынға көтерілдік. Жоғарыда айтып кеткендей, салық жинаудан төртінші орында, ал ішкі өнім бойынша былтыр бесінші орынға жеттік, біздің алдымызда Алматы, Атырау, Астана, Қарағанды қалалары тұр. Жалпы, Алматы облысы жетінші орыннан көтерілмеген екен. Тым болмағанда сол жетіліктің ішінде қалу керек. Біз түсінеміз, көп өндірісі бар, кен орындары бар облыстар көбіне халықаралық бағаға тәуелді. Егер баға өссе, ол облыстарда да көтеріледі, баға төмендесе, олар да төмендейді. Біздің экономикамыз ерекше. Облыстағы екі жоба – Алатау қаласы, Қонаев қаласы төңірегінде құрылып жатқан индустриялық аймақтар облыстық қана емес, республика экономикасының әртараптандыруға әсерін тигізеді деп ойлаймыз. Алматы облысы қарқынды дамыса, әртараптандыру болса, сол кезде донор да боламыз, республика экономикасының дамуына да үлкен серпін береміз. Өйткені, бір жағынан, климат, екінші жағынан, орналасқан жеріміз, үшіншіден, Алматы қаласы – үлкен нарық жанымызда тұр. Сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстан да алыс емес. Үлкен транзитке де қосылуымызға мүмкіндік бар. Оған Алматы облысының әлеуеті бар. Қазір «Жетіген – Қазыбек бек» темір жолы жобасы жүргізілуде. Келесі жылы аяқталып қалады. Бұл – Алматыны айналып өтетін темір жол. Сол кезде екі үлкен станса қарқынды дамитын болады. Қазір сол екі жерде индустриялық аймақ құрудамыз. Бір жағынан – транзит, екінші жағынан – өңдеу және сақтау. Ары қарай экспортқа мүмкіндік береді. Үлкен хаб жасауға мүмкіндігіміз бар.
– Болашақ чипсы королісіз ғой. Чипсы зауыты ашылады. Сол туралы айтсаңыз.
– Бұл – үлкен жоба. Бірақ жалғыз үлкен жоба мұнымен шектелмейді. «PepsiCo» трансұлттық компания ғой. Ол келсе соңғы жылдағы бірінші келген америкалық компания болады. Сондықтан оған көзқарасымыз ерекше. «Lays» – бренд, тек өндіріс емес, ауылшаруашылығын да артынан тартады. Бір жағынан біздің ауылшаруашылығын тартса, екінші жағынан солтүстік өңірлер – Павлодар, Солтүстік Қазақстан сияқты картоп егетін елдімекендердің мүмкіндіктері. Оларға да жол ашылады.
– Ал Нарынқол ше? Онда картоп индустриясы қалды ма?
– Әрине, бар. Кеген, Нарынқолда 5000 гектардай картоп егіледі. Жалпы, жаман емес. Өзіміздің картоп өзімізге жетеді, тіпті артығымен қалады. Алматыға да жеткізеді. Бірақ чипсыда біраз жұмыс істеу керек. Сорттарын, басқа мәселелері жайында «PepsiCo»-мен алдын ала келісім бар. Олар біздің шаруашылықтарға көмектеседі. Картоптан бөлек, оған қосатын қоспалар жетіп-артылады. Оның ішінде сыр, көкөніс, бұрыш бар, басқа бар. Оны да өсіруге мүмкіндік мол. Тағам болған соң оны үлкен экспорттық жоба деп есептейміз. Сондай-ақ екі жобамыз бар – жүрегі мен бидайды терең өңдеу. Олар да жоғары технологияларды пайдаланады. Терең өңдеу ол тек жемшөп шығару емес, одан да маңызды сатыларға дейін барады.
– Келелі, экономикалық, бюджеттік, қаржылық қызық әрі кәсіби әңгіме өрбіді деп есептеймін. Күйіп тұрған сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін көп рахмет!
Сұхбаттасқан – Айбар ОЛЖАЕВ