Шелекке таяу тау етегінде Малыбай деген ауыл бар. Бұл елдімекеннің Малыбай аталғанына үш ғасырға жуық уақыт өтсе де, оның неге олай аталғаны жөніндегі түп-тарихын жергілікті жұрт жыға-танып айта алмайды. Дегенмен осы ауылдың сыртында қазақтың Малыбай батырының зираты барын ежелде ақсақалдар айтып кеткен. Олай болса, үш ғасырға кешіккен ақиқатты жадымызда қайта тірілту үшін сонау кәрі тарихтың сандығынан сыр тартайық.
Қазақ жеріне солтүстік-батыстан башқұрттар, солтүстіктен Сібір казактары, оңтүстіктен Қоқан, Хиуа хандықтары, шығыстан Жоңғария, оңтүстік-шығыстан Қытай шабуылдап, ел басына күн туған заманда Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Ағыбай, Хангелді, Райымбек, тағы басқа батырлар ел мен жер үшін ат үстінде күн кешкені белгілі. Жоңғарлармен 200 жылға созылған соғыста аты аталған батырлардан бөлек, халық қамы үшін бозбала шағынан бозкиізге орап, жер қойнына бергенше аттан түспеген қаншама қаһарман бабалар есімі әлі де көптің көңілінен көмескі қалып жатыр. Тірілтер болсақ, олардың есімі ел жадында, жер, су атауында, көнекөз қариялардың шежіресінде сақталған. Тәуелсіз ел ретінде келешекке қадамымыз кемел болуы үшін өткен тарихтағы ел үшін құрбан болған осы әр тұлғаның ерлігі мен өрлігін ұрпаққа жеткізіп, шынайы патриотизмнің үлгісін қалыптастыру бүгінгі ұрпақ міндеті.
Солардың бірі – Малыбай Қараұлы. Малыбай батыр (1733-1810) қазақ үшін қасиетті тұлға, Әлмерек абыздың шөбересі. Атасы – Құрман, әкесі– Қара батыр. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мақсат Алпысбесұлының дерегіне сүйенсек, 1750 жылдары қазақ батырлары жерін басып алған қалмаққа қарсы азат ету соғысына кіріседі. Хангелді батыр бастаған жасақтар қалмақты Іледен бастап, Шелек пен Шарын өзендерінің арғы бетіне қуып шығады. Шапырашты Наурызбай батыр бастаған жасақ, ішінде мүйізді Өтеген, шанышқылы Бердіқожа батырлар, Үшалматы, Үшқоңыр және Қордайдан арғы жерлерді азат етуге күш салады. Батырлар жауға қарсы қай кезде де тас-түйін болып, жұмыла бірігіп қимылдағанда, Райымбек батыр бастаған, 40 жасқа жақындап, қандай жауға салса да, қылыштай қиып түсетін Қара батыр, Бекбау батыр қостаған қол жоңғарды Кеген, Нарынқол, Сүмбеге дейін ығыстырған. Бұл кезде Қара, Малыбай батырлар қазіргі Шелек маңын мекен етіп отырған. Бұған жазушы Марат Тоқашбаевтың: «Ол кезде Әлмерек абыз тұқымы Алматы қонысынан шығысқа қарай, Сөгеті жазығына дейінгі кең аумақты мекендеген. Бұл – 1680 жылдар мен 1850 жылдардың арасы. Бұған дәлел – Әлмерек бабаның өзі Алматы өзенінің бойында, қазіргі Әлмерек ауылында жерленгені», – дей келіп, өз сөзіне сол маңайдағы Әлмерек абыздан тарайтын тұқымдары «Малыбай», «Қорам», «Байсейіт», «Лабар», Қара («Қаратұрақ») атымен аталатын елдімекендердің болуы тарихи шындықпен астасып жатқанын қосады.
Шежіреші Тұрсынбай Құсайынұлы Малыбай батыр туралы бірқатар құнды дерек қалдырған. Біріншісі, жоңғарлармен болған Ойрантөбе шайқасымен байланысты. Бұл оқиғаны тарихи дерекпен астарластыра қарастырайық. Жазушының «Райымбек батыр» романында Ойрантөбедегі шайқас Қалдан Сереннің орнына таққа отырған Сван Доржыға тақталасы Лама Доржы қастандық жасаған кезінде, яғни, шамамен 1749 жылы болғаны айтылады. Жоңғар әскерін Сары-Манжа ноян басқарған, ал қазақтар қолбасшысы Райымбек батыр болған.
Енді бұл тарихи оқиғаны Тұрсынбай Құсайынұлы айтқан шежіре бойынша рет-ретімен баяндайық. Шежіреде Ойрантөбе шайқасы былай баяндалады: «Райымбек батырдың Көкпек жазығындағы жоңғармен соғысы бірнеше аптаға созылады. Аңдысқан жауы алдырмай, екі жақ та қалжырайды. Жау көбіне қысқа-қысқа ұрыс салып, қазақтарды титықтатқысы келеді. Күндіз қиян кескі арпалыс болса, түнге қарай жаралыларды, шейіт болғандарды соғыс даласынан алып шығып, жер қойнына берген. Райымбек әккі қолбасшы болғандықтан түнге қарай жаудың не қимыл жасап жатқанын, қанша адамы, жылқысы, азық-түлігі барын немесе қосымша күш келіп қосылған қосылмағанын біліп отыру үшін барлауға адам жіберіп отырады екен. Мұндайда таңдау оққағар батыры Қара батыр бас болған, артық сөзі жоқ, бірақ тыңғылықты құрмандар қосынына түседі екен. Оның себебі, бұл кезде Әлмерек абыз шөбересі Малыбайды Маңырай сұлуға үйлендіріп, қазіргі Сөгеті, Малыбай ауылдары маңынан еншіге жер, мал беріп, отаулап шығарған кезі болғандықтан, жас әрі сергек Малыбай майдан болатын жерді, оның жағдайын жақсы білетіндігінде де болған тәрізді. Өзі уақытында Әлмерек батырдан бата алған Райымбек батыр қабылан жүректі Қара батыр мен Малыбай батырды, абыз ұрпақтары Байсейіт пен Бекбау батырды үзеңгілес етуі де сол батагөй ұстазы Әлмеректен алған тәлімі деуге болар. Ешкімнің көзіне түспей, жаудың жайын біліп келуде 16 жастағы қимылы сергек, сом денелі, еңсегей бойлы, мінезі шалт Малыбай тез көзге түседі». Шежіреде «Малыбайдың дене бітімі жайлы оның ірі болғаны сондай, анау-мынау ат шыдамайтын, белі қайысып кетуші еді» деп жазылған. «Малыбайға жау шыдамай, елден кетеді, ат шыдамай, белден кетеді» дейтіні де оның сом тұлғасына қарап айтылса керек.
Ойрантөбе шайқасының алдында Райымбек жасы 38-ге қараған Қара батырды бас етіп, бір топ жігіттерін жаудың жай-жапсарын біліп қайтуға жібереді. Қара батыр баласы Малыбайды да ерте шығады. Қою тұманды түн қараңғылығына толассыз нөсер қосылып, бұларға жаудың әрекетін барлау қиынға түседі. Қара батыр қасындағы жігіттерін сәл кейінге жыраға қалдырып, бойларында жастық жігер буырқанып, батырлық жасауға құлшынып тұрған жастарға «Мен оралғанша не жағдай болса да осы жерден тапжылмаңдар» деп өзі жақынырақ барып, байқап қайтуға барғанда бір топ жау сарбазымен бетпе-бет келіп қалады. Батыр жалт беріп, құтылып кетуге тырысады. Бірақ жау Қара батырдың ізіне түседі. Қара батыр шауып келе жатып кілт бұрылып, шеңбер жасай айнала шауып, жау сарбаздарын шетінен құлатып ұрыс салып келе жатады. Жақындағанда мұны байқаған Малыбай әкесінің қиын ахуалға тап болғанын көріп, көмекке ұмтылмақ болғанда, қасындағылар: «Батыр бізге тапжылмаңдар деді ғой, бұйрықты бұзуға болмайды, көріп тұрсың, Қара батыр көмексіз-ақ өзі сытылып шығады, кедергі жасамайық, сәл сабыр қыл, сенің әкең болса, біз де бәріміз бауырларымыз», – дегенде сом денелі әрі мінезі шалт Малыбай: «Сенің бәрің Құрмансың, мен – Малыбаймын», – деп шаба жөнеледі де, әкесін қоршамақ болып далақтап келе жатқан қалмақтарға бөрідей тиеді. Аман-есен қосынға оралып, Қара батыр Малыбайдың «Бәрің Құрман, мен – Малыбай» деген әңгімесін күле отырып айтып бергенде, Райымбек баяғы бала күнінде өзі де өз атын ұран етіп шақырып, «Райымбек! Райымбек!» деп шапқаны есіне түсіп, «Қара батыр қабылан марғауын майтүбітке айналғанша қасына ертіп жүріп, баулиды деуші еді. Өз есімін айтып дараланып тұрғаны – ертең жүрегі жаудан, тілі даудан қайтпайтын өзіңдей қабылан болғалы тұрғаны шығар, қолыңды жай, балам», – деп батасын беріпті деген әңгіме бар. Райымбектің батасы қабыл болып, Малыбай өз заманында қол бастаған батыр, кейін сөз бастаған би болады.
Ертесі Ойрантобеде үлкен ұрыс болады. Бұл сәт Жолдасбай Тұрлыбайұлының романында: «Жоңғарлар соңғы шайқаста өлген адамдарын он күн бойы тау-төбе етіп үйген мәйіттер үстіне тастап, тас, топырақпен бетін жасыруға да шамалары келмей зытты. Ендігі қазақ, қалмақ өлігін Райымбек сарбаздары жинап, төбеге үйіп, көміп тастады. Ай бойы ойран-топыр ұрыс, адам қаны судай аққан сұмдық сұрапыл соғыс болған төбені ұрыс тоқтаған сол күннен бастап «Ойрантөбе» атандырды», – деп көрсетілген. Бұл ұрыста Райымбек батыр бастаған қазақ қолы жеңіске жетті. Бірақ жоңғар мен қалмақтың қазақ жеріне көз алартуы мұнымен тыйылмайды.
Шежіреші Құсайын ақсақалдан баласы Тұрсынбай қария жазып алған дерекке сүйенсек, Ойрантөбе шайқасынан кейінгі бір ұрыста Қара батыр жекпе-жекте қалмақ қолбасшысы Қасақ шәрі (тарихи деректерде Қасақшира) дегеннің ұлының басын шабады. Қара батырдан қайта-қайта жеңіліс тауып, енді жалғыз ұлынан айырылған қалмақ қолбасшысы Қасақ шәрі «Қара батырдан құтылмай, қалмаққа күн жоқ» деп қапыда бас салып, батырды өлтіруге Боқы шаған (тарихи деректерде Букучаған) деген батырын асығыс аттандырады. Қара батыр да қалмақтардың қол жиып, шауып алмақшы болып жатқанын естиді. Сөйтеді де баласы Малыбай екеуі тез аттанып, жауды қоршауға алып, қырып салады. Осы ұрыста Малыбай қалмақты бастап келген Боқы шаған ноянның басын кесіп әкеледі. Сол кезден бастап Малыбай батыр деген атқа ие болады. Бірақ осы оқиғадан кейін қалмақ нойаны Қасақ шәрі Қара батырға қатты өшігеді.
Енді шежіреде айтылатын Қасақ шәрі мен Боқы шаған деген қалмақ қолбасшылары туралы деректі тарихи ақиқатпен салыстыра қарастырып көрейік. Академик Дархан Қыдырәлінің «Атырау» облыстық қоғамдық-саяси газетінде жарық көрген (03.04.2018 жыл) «Сарыбел шайқасы – Жетісу жерін жоңғардан азат еткен ұлы жеңіс» атты мақаласында мынандай дерек келтіреді: «1758 жылы 4-5 ақпанда Ералы бастаған Кіші жүз әскері Сарыбелге жетіп, сондағы жоңғар-қалмақ қосынына шабуыл жасап, Чохор, Әңгідей және Бардамұттың әскерлерін жояды. Содан Ералы сұлтан бастаған қазақ қолы 1758 жылдың ақпан-наурыз-сәуір айларына дейін Қастек асуында, Сарыбелде болған. Осы орайда ержүрек Ералы сұлтанның әлі күнге дейін тарихымыздағы лайықты орнын ала алмай келе жатқанын айтқан жөн. Жоңғар-қалмақтар осыдан кейін Сарыбелден қаша бастаған. Церен шығыстағы Талқы асуы арқылы Бұратала жеріне, одан Сәуір, Жайсан көлінің маңына, одан әрі Қалбатау асуы арқылы Ресейге кетуді көздеген. Әңгідей де Бұратала жеріне жеткен. Ал Қасақшира мен Букучаған Іленің жоғарғы ағысына барып бой тасалауды ұйғарған. Кескілескен шайқастар 1758 жылдың жаз айларынан кейін де жалғасқан. Сол оқиғалар арқылы қазақ жұрты жоңғар-қалмақ қалдықтарын Жетісу мен Тарбағатай жерлерінен біржола тазалаған. Осылайша, Сарыбел шайқасы Жетісу жерін жоңғардан азат еткен ұлы жеңіс болды». Яғни, Малыбайдың 1758 жылдары 25 жаста болғанын және Ілеге қарай қашып, бой тасалаған Боқы шаған (Букучаған) деген жоңғар қолбасшысы шынында да тарихта болғанын ескерсек, Малыбай батырдың Боқы шаған нояннның басын әкелгені туралы шежіреде тарихи шындық жатқанын байқаймыз. Тұрсынбай Құсайынұлының шежіресінде Шалкөде маңында Райымбек батырдың қолбасшылығымен болған шайқаста Райымек батыр жоңғар қолбасшысы Шәкір Амбалды, Қара батыр қонтайшы Дабашыны, Малыбай батыр жоңғардың Еренші батырын өлтіріп жеңіске жеткені айтылады.
Жаудың Дабашы, Еренші деген батырлары кім еді, тарихта болған адамдар ма, осыған тоқталайық. Шежіре мен тарихи деректерде былай айтылады: Әмірсана деген қалмақтың шата ханы болған. Шата болатыны ол туралы ел ішінде екі ел бейбіт өмір сүріп жатқан кезеңдерде Еділ қалмақтарының ханы Аюкенің қызы ұзатылады да, қыс түсіп кетіп, қар жауып, мұз тоңып, қазақтың ішінде қыстап қалады. Сол жерде қыз қазақтың бір батырымен жақындасып қойып, құрсағындағы баламен барып күйеуге тиеді. Кейін қонтайшы Қалдан Серен (Цэрен) өлгенен кейін тақ таласы басталады. Сол кезде Әмірсана оның балаларынан жеңіліп, қасына Дабашыны ертіп, қазақ ішіне келіп тығылады. «Аңырақай» шайқасынан кейін үлкен күшке ие болған Абылай хан Дабашыны Жоңғарға хан етеді. Бірақ көп ұзамай Дабашы қасына Еренші, тағы да басқа нояндарын ертіп, екеуі Абылай ханның күйеубаласы Әмірсанаға қарсы соғысады. Әмірсана өзі билікті қолға алу үшін көтеріліс бастайды деп те айтады. Бұл айқаста Әмірсана жеңіліп, Бейжіңге қашады. Қытай Әмірсанаға әскер беріп, жоңғарға қарсы соғыс бастайды. Бірақ Әмірсананы да хан еткісі келмейді. Мұны сезген Әмірсана Қытайдың өзіне қарсы соғысады. Сөйтіп жоңғар ханы болып жарияланады. Бірақ Дабашы оны билете қоймайды. Ол Абылайханға қашып келеді. Дабашыға қарсы соғыста Абылай хан Әмірсанаға әскерімен көмек береді. Дабашы бірнеше рет жеңіледі. Көп ұзамай Әмірсана жоңғар ханы болып жарияланды. Талқандалған Дабашы әскері екіге бөлініп, көз алдап, бір бөлігі Тарбағатай маңындағы Бұраталаға шегінеді де екінші Дабашының өзі және қолбасшы батыры Еренші, Қасақ шәрі, Шәкір Амбал бастаған бір бөлігі Ілеге қарай ойысып, Тәңіртаудың сілемі Қара тау, Тұзкөл маңына барып тығылады. Жазғытұрым жоңғарларды қазақ жерінен түре қуатын кез келгенде Райымбек батыр бастап қабылан жүректі Қара батыр, Байсейіт, Малыбай батырлар Жетісу жерін, оның ішінде Кеген, Нарынқол жеріне бекінген қалмақтардан тазалаудың жорығын бастайды. Сол жорықта қазақтар Тұзкөлдің арғы Шәлкөде жайлауына қарай айналмасындағы тау етегіндегі жазықтықта Дабашы, Еренші әскерімен бетпе-бет келеді.
Шалкөде маңында болған шайқас туралы шежіре екі түрлі айтылады. Оның бірі – қоңырбөрік Құмай биден қалған шежіре де, екіншісі Құсайын қарияның шежіресі. Құсайын қария шежіресінде былай айтылады: «Райымбек, Қара батырлардың қарсыласы екі жүзден асатын сарбазы қалған қонтайшы Дабашы мен батырлары Еренші, Қасақшәрі, Шәкір Амбал қазақтарды шеп құрып, қарсы алады. Ол жақтан ақ ту көтеріп адам келіп, «Дабашы қонтайшымыз айтты, екі жақтан үш батырдан жекпе-жекке шығарайық. Егер Райымбек батыр жеңсе, мен Тарбағатайдан ары асып, жөніммен кетем. Ал егер мен жеңсем осы жерге туымды тігем!» дейді. Райымбек батыр өз батырларына сенімді болғаннан: «Ханыңа айта бар, қазақтың жеріне көзін тіккеннің басы осы жерде қалады», – деп оның шарт қойғанына қатты ашуланады. Бірақ жекпе-жекке шығуға келіседі. Бірінші болып Шәкір Амбал деген батыры мен Райымбек батыр шығып, Шәкір Амбал өлімші халде жер құшады. Мұны көрген қонтайшы Дабашы Қара батырға қарсы жекпе-жекке өзі шығады. Екеуі де денелі, қара күшке мығым болғандықтан шайқайнатым арпалысады. Қара батыр оны найзаға шаншып құлатады. Қонтайшыларының құлағанын көрген жоңғарлар ұлардай шулайды. Намысқа шыдамаған жоңғардың аты аңызға айналған қолбасшысы Еренші атойлап ортаға шығады. Қазақтар жағынан Райымбек батыр сол кезде батырлығымен көзге іліккен зор денелі, көзі оттай жайнаған жас қабылан Малыбайды шығарады. Шығарар алдында Райымбек батыр жігеріп қайрамаққа: «Жауым осал дегеннің бармағы тістеулі кетеді, албырттықа салма, ақылға сал», – дейді. Сонда Малыбай батыр: «Бүгін жауға жерін бастырған ел ертең кеудесін бастырады, жауға кеудемді бастырмаймын, батыр!» – деп ақбозын ойнақтатып ортаға шыққан екен. Малыбай батыр аса қарулы Ереншіні бірден ала алмай әжептәуір уақыт бойы алпарысады. Ақыры жас Малыбай Ереншіні тобылғы шоқпармен тізеден ұрып, аттан құлатып, жауырын тұстан найзамен түйреп өлтіреді де, қайыс арқанмен мойнына шалма тастап сүйреп әкетеді.
Осы жеңістен кейін баяғы Жоңғардың Шонжы батырын өлтіріп, сол жерді Шонжының атымен атаған Әлмерек бабасының дәстүрімен Қара батыр «Бұл жер енді Дабашы деп аталсын» дейді. Мұны бәрі мақұл көреді. Бұл жер әлі күнге дейін Дабашы аталады. Жекпе-жекте Дабашы хан жеңілгенімен жоңғардың батырлары өліспей беріспеске бел буып, Райымбек құрған қазақтар шебіне қарай атой сала қарсы шабады. Екі жақ қиян-кескі ұрысқа араласқанда бір топ сарбазы Райымбек өлімші етіп жаралаған қолбасшылары Шәкір Амбалдың шалажансар денесін алып, сытылып шығады. Қалған жоңғарды тізе бүктірген қазақтар Шәкір Амбалды әкеткен жау сарбаздарының ізіне түседі де, қуып жетіп, сол жерде Райымбек батыр оның басын алады. Сол кездегі дәстүрмен Райымбек батыр жоңғардың атақты батыры Шәкір Амбалдың басын алған жерді ел Шәкір Амбал атымен атап кетеді. Бұл жер әлі күнге дейін Шәкірамбал деп аталады.
Қара батыр қазақ жеріне лаң салған жоңғар ханын өлтіріп, «ұрпақтарым бабалары Қара батыр жоңғар қонтайшысын жер жастандырғанын біле жүрсін, өткен тарихын ешқашан ұмытпасын» деп ұлы Малыбай батырдың бәйбішесі Маңырайдан туған немерелерінің атын Дабашы, Еренші деп атайды. Бұл күнде Дабашы мен Ереншіден тараған Малыбай ұрпақтары неше мыңдаған түтін болып, өсіп-өніп отыр. Ал Малыбайдың қалмақтың Боқышаған батырын өлтірген ерлігі жұрттың жадында қалсын деп Қара батыр өзінің 47 жасында көрген ұлын Боқы деп атайды. Кейін Боқы жауға семсер найзамен емес, айбалта ұстап шығатын ерекшелігіне, онда да ұрыс алдында үнемі балтасын қайрап, майлап отыратын әдетіне қарап, Майлыбалта деп атап кеткен. Сол жылы күзге қарай Қара батыр жау қолынан қаза болды. Малыбай батыр оның кегін қайтарды. Шежіреде айтылатын осы деректер бұл шамамен 1758 жылы орын алған болуы керек.
Ал қоңырбөрік Құмай биден қалған шежіренің айырмашылығы Дабашыны қонтайшыны өлдіге санағанмен ол жаралы күйінде Құмбел, Ботбай арқылы Ойқарағайды басып өтіп, Құлжа, Іле жағы арқылы Тарбағатайға өтіп, Бұраталадағы қалмаққа барып қосылғанында ол жақта қытайлар ұстап алып, Қытай еліне қарсы соғысқаны үшін азаптап өлтірген деп айтылады.
Енді осы екі шежіреде айтылған оқиғаны тарихи деректермен салыстырып көрелік. Тарихи деректе: «1750 жылы Жоңғарияда Лама-Доржының билік басына келуі өзара қырқысқан күрестің қайтадан тұтануына әкеп соқты. Бұл күресте жеңіліс тапқан (Абылайдан үнемі қолдау тауып келген) Даваци ноян (қазақтар Дабашы деп атаған) жиендері Әмірсана мен Байнджурды алып, 1751 жылдың көктемінде қазақтарға қашып келді. Оларды Абақ-Керейлердің билеушісі Қожаберген батыр қабылдады. Жоңғарияның билеушісі (Лама Доржы) өзінің саяси бақталастарын қайтарып беруді талап етті. 1752 жылдың жазында ордада Орта жүз бен Ұлы жүздің батырлары мен рубасыларының жиыны болып, онда Абылай және батырлардың көпшілігі Давациді қолдады. Қазақтардың Даваци ноянды (Әмірсанамен бірге) беруден бас тартқанына ашуланған Жоңғария билеушісі Лама Доржы Орта жүзге Сайын-Бөлек пен Шадыр басқарған әскер жіберді», – деп айтылады. Осы оқиға туралы: «Лама Даладжа Даваци мен Әмірсана хасақтардан (Абылайдан) қолдау тауып, олардың көмегі арқылы дұшпанын қуатты күшке айналдырмау үшін өзіне берілген 60000 адамдық іріктелген әскер жіберіп, бүлікшілерді не тірідей ұстап, немесе өлідей әкелуге тапсырма берді», – деген дерек те бар. Шежіре бойынша баяндалған осы әңгімелер, тұтастай алғанда, тарихи деректерден ауытқымайды, керісінше, дәлелдей түседі. Бұдан бөлек, ғалым Дархан Қыдырәлінің «Сарыбел шайқасы – Жетісу жерін жоңғардан азат еткен ұлы жеңіс» атты мақаласында осы Дабашы мен Еренші жорығы кезінде болған «Сарыбел шайқасы» туралы айта келіп, мынандай деректер келтіреді: «Халық жырында Абылайды «Лабачы деген бір елді, Антыменен улатқан. Еренші мен Серенді, Тозғындатып шулатқан» деп мадақтайды. Халықтың Лабачы деп отырғаны Әмірсанаға басында одақтас, соңынан тақ таласы кезінде қас дұшпаны болған бауыры, Жоңғарияның ірі көсемі Давачи, ал, Еренші мен Серендер – белгілі қолбасылар, тарихта болған сардарлар. Қалдан Серен қайтыс болған соң Жоңғария мемлекеті билікқұмар нояндардың тақ таласының құрбанына ұшырап, ауыр бұлғаққа тап болады. Әсіресе, 1753-1754 жылдардағы Жоңғар елінде жаңа талас-тартыс қыза түседі. Қалдан Сереннің көзі жұмылған соң Бұқар жырау айтқандай «Ханын қалмақ жаулаған, Сүйткен қалмақ оңбаған» зобалаң дәуір басталады. Қалдан Сереннің тұтқынында болып, ақ үйлі аманат салтымен қоңтайжының қызына неке қидырып, сый-сияпатпен ішке сертті түйдіріп, 1743 жылы босаған Абылай заманның тарпы, дүниенің дүрбелең дүбірін қапысыз түсінетін, түйсінетін білікке ие болады. ХVІІІ ғасыр бедерінде Орта Азияда Қалдан Сереннің айбар-атағын еске салсақ, қаһарлы қонтайжымен мәміле жасап, тағылым түйген Абылайдың да абыройы асқақтай түседі. Абылай ендігі жерде Жоңғариядағы әскери-саяси істерге белсенді араласып отырады. Көкжал Барақ, қыпшақ Қошқарбай, Қожаберген, Жарылғап батырларды барлауға, ұдайы алғы шепке жұмсап, өзімен одақтас, серіктес болған ірі жоңғар әміршілеріне жақтасып отырады. Мәселен, 1753 жылы Давачи хан сайланғанда өзіне мықты қарсылас болған дөрбет нояны Немеке-Жиргалды Абылайдың көмегімен талқандайды да, оның ұлысынан 3000 адамды қазақ ханына олжаға береді, өзі малын бөліске салады. Сол 1753 жылдың қараша айында, әуелінде одақтас болған Давачи мен Әмірсана жауласып, Давачи әскер бастап Әмірсанаға қарсы жорыққа шығады. Сонда Абылай қазақ әскерін бастап өзіне күйеу болған Әмірсанаға көмек көрсетеді. Абылай-Әмірсана одағынан үш мәрте жеңілген Давачи ақыры Тарбағатай төңірегінен Бұратала (қазіргі ҚХР, ШҰАР, Бұратала) жеріне шегінуге мәжбүр болады. Осы кезде Омбыдағы Ресей үкіметіне жеткен мәліметтерге қарағанда, аталмыш оқиғамен байланысты көптеген жоңғар тұтқындары мен босқындары қазақ жеріне енген. Ал қытай тіліндегі Цин патшалық орда естелігінде сақталған бір деректе, 1754 жылы Абылай Әмірсанаға көмек беру үшін 50 000 әскер бастап жорыққа шығып, Жайырдан Ілеге дейінгі жоңғар қоныстарын шапқан. Онда тұрғын отбасы қалмаған» делінген. XVIII ғасырда құрастырылған «Патша бекіткен жоңғарларды тыныштандыру жоспарлары» атты қытай мұрағат құжаттар жинағының бірінші кітабында 1753-1754 жылдары қазақтардың Бұратала мен Іле төңірегінде әскери жорықтар жүргізгендігі туралы бірнеше мәрте мәлімет кездеседі. Мысалы, аталмыш дереккөздің тағы бір парағында қазақ Абылай мен қалмақ Батма-Церен, Еренцин 10 000 қазақ-қалмақ әскерін бастап Давачиге шабуыл жасап, Бұратала сынды жерлердегі қарсыластарын түгелдей тонаған. Сонда Абылай Талқы тауының шығысы арқылы әлгі тоналған адамдарды кері алып кеткен деп нақты мәлімет қалдырған. Міне, халық жырындағы «Еренші мен Серенді, Тозғындатып шулатқан» деген жолдар осы оқиғаға куә болған жыраулардың аузынан шыққан болса керек».
Міне, осы тарихи деректер Малыбай батырдың балаларымен аттас Дабашы мен Еренші, Боқы шаған, Қасақ шәрі тарихта болған жоңғар қонтайшысы мен қолбасшылары болғанын көрсетсе, шежіреде олардың жеңіліс тауып, шығысқа қарай қашқанында осы қазіргі Қытай-Қазақ шекарасына жақын Нарынқол, Шалкөде аймағына келіп, ес жимақ болғанын, алайда Райымбек бастаған Қара, Малыбай батырлар оларды тас-талқан етіп, түре қуып шыққанын тағы бір дәлелдейді. Тіпті, Дабашы бекініп, Райымбекпен соғысатын жер әлі Дабашы, Шәкірамбал аталатыны, Дабашының күнгей беті Еренші сайы аталатыны, және Малыбай батырдың балалары Дабашы, Еренші аталуы да бұған дәлел. Оның кіндігінен тараған алты баласы Дабашы, Еренші, Кішкентай, Табылды, Отарбай, Шылым туралы тарих өзінше бөлек әңгіме.
Қасақ шәрі деген қалмақ нояны «Райымбекте кеткен кегім бар. Қара батыр менің жалғыз ұлымды өлтіріп мені қубас қылды, иық сүйер бауырымның басын алды, мен оның түп-тұғиянына дейін жойғанша өлмеймін» деп Құлжа жақта қашқан қалмақтардан сарбаз жасақтап, Нарынқол, Кеген жағынан келіп елге қайта килігеді. Қара батырды қапыда қоршауға алған Қасақ шәрі жақсы бекініп алып, садақ оғын қардай боратып, бас көтерпей, сарбаздың көбін баудай түсіреді. Содан соң шабуылға шығады. Қиян-кескі айқаста Қара батырдың жетпіс жігіті де шейіт болады. Қасақ шәрі Қара батырды найзамен шаншып, қылышпен жараласа да, батыр дес бермейді. Осы кезде ту сыртынан келіп үлгерген 25-26 жасқа қараған Малыбай батыр мен бауыры Елшібай әр тұстан атой сала шауып, қатары сиреп қалған қалмақтарды қоршауға алып, қырып салады. Малыбай батыр бас сауғалап қашқан Қасақ шәріні қуып жетіп, басын шабады. Бірақ денесінде сау жері қалмаған Қара батыр тізе бүкпестен, арқасын тасқа сүйеп, найзасына сүйенген, көзі ашық күйі жан тапсырған екен.
Қазақтың батырлары ата жауы жоңғар мен қалмақ талқандап, олармен толассыз соғысып, елдетүре қуып жатқанда босап қалған жерді қырғыз жаулап алуға кірісті. Бұл да қазақ бастан кешкен үлкен шиеленісті тарихи оқиға. Қазақ-қырғыз арасында шиеленісті ахуал қалыптасқан кезде де Малыбай батыр тағы да қолына қаруын алып, елін қорғайды.
Қорыта айтқанда, Малыбай тек жау қашырған батыр ғана емес, дау түйінін екі ауыз сөзбен шешкен шешен би әрі елінің тұрмыс-тіршілігіне ерекше көңіл аударған қоғам қайраткері де болған. Ол – өзінің ақыл-кеңесіне мұқтаж жұртын жаңа жолға салған адам. Мал шаруашылығымен қатар егіншілік, диқаншылықты қатар алып жүруді мақсат тұтып, тау бұлақтарының көзін ашқызып, ол бұлақтардың суын бір арнаға салып, кейін «Малыбай тоғаны» деп аталған бірнеше шақырымдық тоған қаздырып, сол су бойына ғимарат соқтырып, ұстахана ашқызып, Қашқар жағынан соқа алғызып, жер жыртқызып, егін салады, сауда керуеншілері арқылы Ташкент жақтан жеміс ағаштарын алғызып, бау-бақша ектіреді. Сөйтіп, қазіргі Шелек маңындағы егіншілік пен бау-бақша өсіруді де осы аймақта алғаш қолға алып, Сөгеті, Малыбай ауылдары қонысының негізін салады.
Малыбай батыр – қазақ халқының жерінің тұтастығы, ұлттың азаттығы мен ел тәуелсіздігі үшін жан аямай күрескен, ел қорғаны бола білген тұлға. Оның есімі ел есінде сақталып, бүгінгі Еңбекшіқазақ ауданындағы елдімекеннің 300 жылдан бері Малыбай батыр атымен аталып келе жатқаны, сонау аумал-төкпелі замандардан бері халық жадынан өшпей тарих көшімен осы уақытқа дейін жетуі де оның өшпес ерлігінің айғағы. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанға әр сүйем жер үшін қасық қаны қалғанша аттан түспей, жан алып, жан берісіп, Отанымыз бен жер тұтастығы үшін күрескен аты аталған ұлы бабаларымыздың өшпес ерлігінің арқасында қол жеткіздік. Малыбай ауылының тұрғылықты халқы, өңір жастары ел, жер тарихынан хабардар болып, осы Ұлы даланы сан қилы жаудан қорғап қалған ұлт қаһармандарын жадына сақтап, құрметтеп өссе, бұл, бір жағынан, отаншылдық рухымызды көтерсе, екінші жағынан, ұлттық идеологияның алтын арқауына айналары сөзсіз.
Әділбек ҚАБА,
ақын, жазушы,
Қазақстан журналистикасы академиясының академигі