Ұстаз – болашақтың негізін қалаушы. Ертеңгі күні ел тұтқасын ұстар ұл-қыздарымыздың білім мен парасат биігінен көрініп, еңбекқор, отансүйгіш, алғыр да, адал азамат болып өсуі мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбиеге тікелей байланысты. Жастардың жадына жақсылық дәнегін сеуіп, санасына ұлттық құндылықтарды құйып, терең тарихымызбен таныстырып, салт-дәстүріміз бен бай әдеби-мәдени мұрамыздың мәңгілік жалғасын табуы үшін жанын салып еңбек етіп жүрген ұстаздардың еңбегі ерен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың кәсіби мерекесінде аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген педагогтерге алғыс айтып, еліміздегі ең үздік 23 мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы мен төсбелгісін тапсырған еді. Солардың қатарында Еңбекшіқазақ ауданы Қызылжар ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Айнаш Айтенова да бар.
Жуырда ұстазды марапатымен құттықтап, білім ордасына арнайы бардық. «Осы құрметке лайық деп тапқан жандарға, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысым шексіз», – деген мұғалімнің өмір жолымен жақынырақ танысқымыз келді.
«Табиғаты тамылжыған Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Маралды ауылында 1966 жылы 16 қарашада қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әке-шешем мал шаруашылығымен айналысатын еңбекқор адамдар еді. Тоғыз бала тәрбиелеп өсірді. Бәріміз де білімге құштар, жастайымыздан еңбекке талпынып өстік. Бала күнімізде мұғалім ең құдіретті, сыйлы, беделді мамандық болды ғой», – деген кейіпкерім кішкентайынан мұғалім болуды армандапты. Сол арман жетегімен мектепті тәмамдаған соң Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түседі. 1991 жылы оқуын аяқтап, Алматы облысының тумасына тұрмысқа шығып, шығыстың қызы осы өңірде қалады.
«Алғашқы еңбек жолымды отағасының жұмысы Талдықорғанға ауысуына байланысты сол аймақтағы Гвардия ауданы Қоғалы ауылындағы орта мектепте бастадым. Жалпы еңбек өтілім – 30 жыл болса, соның 26 жылы О.Жандосов атындағы мектепте өтті», – деген Айнаш апайдың санаты – шебер педагог.
Ширек ғасырдан астам уақыт бір ғана мектепте еңбек етіп, ауыл балаларын білім нәрімен сусындатып келе жатқан Айнаш ұстазды тұрғындар тегіс біледі. «Балаларымыздың түрлі байқаулар мен олимпиадаларда жүлдемен оралуы – ол кісінің көп жылдық тәжірибесі, білімі мен білігінің, қажырлы еңбегінің нәтижесі», – дейді ата-аналар. Ал оқушылардан бөлек, қаншама жас маман мұғалімдіктің қыр-сырын алғаш Айнаш апайынан үйреніп, ұстаздың бағыт-бағдарымен білім саласындағы биіктерге қанат қақты?! Бұл да – ұстаз мақтанышы.
«Өмірдің екі тірегі бар: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау» деп Д.Қонаев айтқандай, ұстаздық маған осы екі қасиетті қатар алып жүруді үйретті. Шәкірттерімнің жеңісін, жанымда жүрген жас мамандардың қандай да бір жетістіктерін көру – мен үшін бақыт. Қаншама баланың ана тіліміз – қазақ тіліне деген, қазақ поэзиясы мен прозасына деген қызығушылығын арттыруға азғантай болса да үлес қосып, әдебиет алыптарының өмір жолы мен шығармашылығын ұрпақ тәрбиесіне арқау ете алғаныма қуанамын. Мұғалім бола жүріп, мен оқушыларға қанша білім берсем, олардан үйренгенім де соншалық көп. Балалардың бойындағы ерік-жігер, табандылық, оқуға құштарлық, еркіндік – мұның бәрі мені де қуаттандырып, алға жылжуға итермелейді», – деген кейіпкерім: «Қазір мектепке келген білімді жастар көп. Солар – жақсылықтың жаршысы, жан-жақты дамудың қозғаушы күші. Жас мамандарға айтарым, аянбай, жалықпай еңбек етіңдер! Ұстаздық – қажырлы еңбекті қажет ететін мамандық, – дейді.
Иә, қуанышпен пен қиындығы қатар жүретін білім саласының жағдайы соңғы жылдары біршама жақсарды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, ұстаздардың мүддесі мен құқықтары қорғауға алынды. Жалақысы да айтарлықтай көтеріліп, негізгі қызметіне кедергі келтіретін артық міндеттеме мен жүктемеден босатылды. Педагог мамандығына грант саны көбейіп, шәкіртақы да екі еселенді. «Жайлы мектеп» жобасымен жер-жерде мектептер ашылып, балалардың кедергісіз білім алуына жағдай жасалып жатыр. Білім саласындағы оң өзгерістерді тізбектей беруге болады.
Президент жылдағы халыққа Жолдауында білім жүйесін бей-жай қалдырмай, Үкіметке нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктейді. Мысалы, биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы: «Мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алған жөн. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал. Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады», – деп, ұстаздарға артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін ескертті. Осынау міндетті абыроймен атқару ұстаздың адами келбеті, тұлғалық қасиеті мен кәсіби деңгейі үш таған тәріздес тең тұрғанда ғана мүмкін болмақ. Ендеше, бойында өз ісіне деген адалдық, шәкірттеріне деген жанашырлық сезімі бар аяулы ұстаздарымыздың мәртебесі әрдайым биік, алар орны – тек төр болсын!
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ,
Еңбекшіқазақ ауданы