Тарихи таным арқылы ұлттық сана қалыптасады. Сондықтан біз өткенге бей-жай қарамауымыз керек. Елімізде әлі де зерттеуді қажет ететін жерлер өте көп. Қаншама сыр сақталып жатыр десеңізші?! Сондай өңірдің бірі – қасиетті Қарадала.
Қарадала төсіндегі Сарытоғай сайында ертедегі көшпелілер обасы бар екенін аталарымыз ара-тұра айтып қалатын. 1956 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы осы маңнан 108 обадан тұратын қорымды зерттеген екен. Бұдан кейін бұл жер назардан тыс қалған. Кеңес одағы кезінде Ұйғыр ауданы Сарытоғай сайындағы жазықты егістікке пайдалану мақсатында қаншама жер сүріліп, тегістелген. Салдарынан тарихтан сыр шертетін жүздеген оба жойылып кеткен. Тек биыл ғана осы аумақтағы қорымдар тарихшылардың зерттеу жұмыстарына арқау бола бастады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген «Іле өзенінің сол жақ саласы, Шарын өзенінің орта ағысы, Сарытоғай аңғарындағы ерте көшпелілердің мәдени кешені» атты жоба аясында ауданымызға Есік мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының мамандары арнайы келіп, қазба жұмыстарын қолға алып, Сарытоғайдағы археологиялық ескерткіштердің тізімі жасалып жатыр. Қазірдің өзінде 15-ке тарта қорым анықталған.
Жуырда биылғы қазба жұмыстарын аяқтаған ғалымдармен кездестік. Зерттеу барысында қандай тың деректерді тауып, тарихқа қандай жаңалық қосатындығы туралы әңгіме өрбіттік. Аталмыш мекеменің ғалым-хатшысы Хамит Амантайұлы бір айдан астам уақыт ішінде жүргізілген жұмыстар нәтижесімен бөлісті.
«Қаншама қазба жұмыстарын жүргіздік. Әртүрлі жерлеу тәсілдерін көрдік. Бірақ мұндағы қабірлер мүлдем өзгеше. Яғни, бұл ерте темір дәуіріндегі өзге бір тайпалардың өмір сүрген дәстүрін көрсетеді. Сақ пен Үйсінге де келмейді. Ұқсастық бар, бірақ жанама ғана. Тарихта Юэчжи деген тайпа болған. Олардың Шарын өзенін бойлап өмір сүргендігі туралы жазба деректер де бар. Бірақ нақты Сарытоғай маңы делінбеген. Біз сол тайпалардың қорымына дөп түстік пе деген болжап отырмыз. Мұнда табылған қыш ыдыстардың жасалуы да ерекше. Қабірдің жабындысына тораңғы, ерен ағаштарын, сонымен қатар қамыс-шиді пайдаланған. Бұл жерлеу түрі Жетісудан табылған обаларға ұқсамайды. Қолда бар деректерге сүйенсек, б.з.д. IV-III ғасырларға тән сияқты. Қабірден жебе ұштары, садақ табылды. Әрине, садақтың ағашы шіріп кеткен, қайта қалпына келтіруге мүлдем келмейді. Жебе ұштары қола, сүйектен, жаңғақ ағашынан жасалған. Барлық қабірде малдың құйымшақ сүйегін ағаш табаққа салып қойған екен. Бұл да өзінше бір ерекшелік», – дейді Хамит Амантайұлы.
Зерттеушілер Сарытоғайдағы обалардың ең кішісінің диаметрі – 7 метр болса, ең үлкені 34 метрге жететінін айтты. Бір қызығы, кіші обаларда ұсақ малдың құйымшағы салынса, үлкен обаларда ірі қара малдың құйымшағы қойылған. Бұл да болса сол кездегі тайпалардың әлеуметтік жағдайынан хабар беретіндей. Зер салып қарағанда, үйіндінің үстіңгі жағынан бастап үш қатар тас жамылғы бар. Әр жамылғының арасы топырақ, құмдармен бөлінген. Ең соңғы төртінші жымылғы бірқалыпты ұсақ тастардан тұрады. Сонымен қатар үлкен обалар тас шеңберлермен қоршалған. Кейбір қабірлерді қазу барысында 20-30 см-ден кейін қыш ыдыстар мен малдың сүйектері табылған.
«Әу баста мұндай обалар тоналып кетті ме деп қауіптендік. Бірақ ары қарай қаза келе жер астындағы мәйіт сол қалпы сақталғанын аңғардық», – дейді Хамит Айтқұл.
Мәйіттердің жанына қойылған қыш құмыралар да сол қалпында. Көлемі де әртүрлі. Қабірлерден 1 метр 80 см, 2 метр, 2 метр 10 см болатын адам қаңқасы шыққан. 1 метр 70 см-ден кем сүйек кездеспеген. Ал 2 метр 10 см болған қаңқаның жанында 1,5 метрлік садақ пен жебе ұштары, қола пышақ табылған.
Осындай тың әрі қызықты деректермен бөлісіп, табылған әр затты қолмен ұстап, көзбен көруімізге мүмкіндік берген Хамит Амантайұлы зерттеу жұмыстары келесі жылы да жалғасатынын айтты. Алдағы уақытта осы обалардан алынған заттар Латвиядағы зертханаға жіберіледі. Ондағы мамандар арнайы құрылғының көмегімен сүйектің, ағаштың, темірдің қай ғасырға жататынын анықтайды. Осыдан кейін тұжырымдама жасалып, аталмыш тайпаның қоныстарын, өмір сүру салтын зерттеу басталмақ.
Әрине, тарихқа таным, ерекше жаңалық әкеледі деген үмітпен жасалып жатқан қазба жұмыстары бір ғана мекеменің атқаратын шаруасы емес. Бұл жерде топографтар, геоморфологтар да келіп, қыруар іс атқарып кеткен. Жинақталған материалдар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығына тапсырылады. Мекеме тарапынан комиссия құрылып, бұл аймаққа жергілікті маңызы бар деген статус беріліп, мемлекеттік қорғауға алынбақ. Осындай ауқымды шараны ұйымдастырған министрліктің әрі оны жүзеге асыруға бірден-бір себепкер болып отырған Есік мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының биылғы жұмысы шынымен де ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже берді. Бұл тек бүгінгі күніміз үшін ғана емес, болашағымыз үшін де қажетті құндылық екені даусыз.
Хамит Амантайұлынан әрбір обаның ерекшелігін, ондағы тың мәліметтерді тыңдай жүріп, бір күніміздің қалай өткенін де аңғармай қалдық. Біз күнде жүріп, басып өтетін, елеп-ескере де бермейтін Сарытоғайдағы жазық дала өз қойнында қаншама сырды бүгіп жатқанын енді ғана аңғардық. Зерттеу жұмыстары келесі жылы да жалғасын табады. Тарихымыз түгенделген сайын, танымымыз кеңейетіні анық.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы