Қарашаның басында әлем назары АҚШ-тағы президент сайлауына ауды. Бұл алпауыт елді келесі төрт жыл кім басқаратынын білуге деген қызығушылықтың жоғары деңгейін көрсетсе керек. Өйткені бұл таңдаудың АҚШ-тың ахуалына ғана емес, халықаралық саясат, экономикаға да әсер етпей қоймасы анық. Күні кеше ғана алып елдегі саяси аламанда Республикалық партия атынан сынға түскен экс-президент Дональд Трамп, Демократиялық партияның үміті Камала Харристі басып озып, АҚШ-тың 47-президенті атанды. Сөйтіп, соқтықпалы, соқпақсыз жолдан өткен Трамп аумалы-төкпелі кезеңде Америка Құрама Штаттарының саясат сахнасына қайта оралды. Біз «Мұхиттың арғы бетіндегі халық таңдауы Қазақстанға ықпал ете ме? Дональд Трамптың саяси ұстанымы Орталық Азиямен байланысты қалай құбылтуы мүмкін?» деген сауалдарды сарапшылар пікіріне негіздеп, саралауға күш салдық.
Кейінгі жылдары Қазақстан мен АҚШ арасындағы барыс-келіс сәтті нәтиже көрсеткенін білеміз. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен екі мәрте мұхит асып, инвестициялық және стратегиялық келіссөзге қол жеткізді. Тіпті БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мен «С5+1» форматындағы саммитте державамен дипломатиялық байланыс нығая түскен болатын. Содан болар, биылғы I жартыжылдықта АҚШ-қа жіберілген тауар көлемі 888,8 млн долларға жеткен. Мұнай мен радиоактивті элементтер экспортында да маңызды серіктес атандық. 2024 жылдың алты айында 578 миллион долларға 0,9 миллион тонна мұнай тасымалданған. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда үш есе көп. Десе де бұл көрсеткіш төмендеуі ықтимал. Өйткені сарапшылар Трамп билікке келген соң, АҚШ-та мұнай-газ өндіруге енгізілген шектеуді алып тастауы мүмкін екенін сөз етуде. Соңғы жылдары АҚШ табиғи сұйытылған газды экспорттауды қолға алуды жоспарлаған. Жаңа терминалдар салып, әлемдік нарыққа шығаруды көздеді. Бірақ билік бұған тыйым салып, жасыл энергетика туралы бастама көтерген еді. Енді Трамп әкімшілігі бұл бастамаға қолдау танытпайтыны белгілі. Отандық сапаршылар да осылай тұжырым жасап отыр. «Трамп мұнай-газ өндіруге енгізілген шектеуді алып тастауы мүмкін. Бұл мұнай-газ нарығына әсер етеді. Яғни, баға төмендеуі ықтимал. Бұл Қазақстан үшін тиімсіз. Технологиялардың дамуына орай, АҚШ-та табыстылық шегі азайған. Шамамен барреліне 40-50 долларға жуық. Демек, мұнай өндіру АҚШ-та шығыны мол сала болудан қалды», – дейді саясаттанушы Серік Белгібай.
Трамптың Қазақстанға әсері оның Орталық Азиядағы және жалпы посткеңестік елдерге қатысты ұстанымдарына байланысты болмақ. Ол АҚШ-тың стратегиялық қызығушылығын Азия-Тынық мұхиты аймағына бағыттауға ниеттеніп, Орталық Азияда ықпалын әлсіретуі мүмкін. Бұл жағдайда Қазақстан өзіне жақын мемлекеттермен, әсіресе Ресеймен тығыз ынтымақтастық орнатуға мәжбүр болады. Бұл арада еліміз бен АҚШ арасындағы алдағы бағытына нақты болжам айту қиын.
– Дональд Трамптың қайта сайлануы АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясатына үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін. Оның саяси қадамдары АҚШ үшін экономикалық және стратегиялық тұрғыдан тиімді болуы ықтимал, бірақ ұзақ мерзімді әлеуметтік және жаһандық әсері түсініксіз. Қазақстанға әсері аймақтық саяси теңгерімдерге және АҚШ-пен экономикалық байланыстарға қатысты болады, – дейді саяси сарапшы Мұрат Кастаев.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан АҚШ-та президент кім болса да, Қазақстанмен қатынасы айтарлықтай өзгермейді деген ойда.
– АҚШ-пен қарым-қатынасымыз әуел бастан бірқалыпты, өйткені Қазақстанның сыртқы саясаты өте анық, көпвекторлы. Біз үшін ең басты нәрсе – ұлттық мүдде. Америкаға кім президент болып келсе де, онымен осы ұстанымдағы саясатымызды жалғастырамыз. Әрине, Америкадағы жағдай дүниежүзіне әсер етеді, бірақ біздің елімізге айтарлықтай әсері болмайды, – дейді экс-дипломат бұқаралық ақпарат құралдарына білдірген пікірінде.
АҚШ үкіметі Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты C5+1 форматындағы дипломатиялық саммит арқылы нығайтуға тырысып келеді. Обама әкімшілігі кезінен қолданыла бастаған формат жұмысына кейінгі екі президенттен қарсылық болмады. 2023 жылғы басқосуды Байден «тарихи сәт» деп атап, тұрақты түрде кездесуге шақырды әрі келесі жолы Орталық Азиядағы елдердің бірінде жолығуға үндеді. Алайда, Трамп билікке келгеннен кейін C5+1 форматындағы дипломатиялық саммиттің жалғасуына күмәнмен қарайтындар бар. Мәселен, Орталық Азиядағы тұрақтылықты зерттеп жүрген қырғыз ғалымы Әлішер Хамидов аймақтағы елдер басшылары жеке қарым-қатынас негізінде келіссөздер жүргізуге үйренгенін айтады. Ол сондықтан C5+1 платформасын сәтсіз деп атап, сайлаудан кейін бұл үдерістегі кездесулер жалғасын таппай қалуы мүмкін екенін алға тартады.
Трамп әкімшілігінің іргеміздегі ірі елдермен болған қарым-қатынасы да бізге белгілі деңгейде әсер ететіні айдан анық. Республикашыл Дональд Трамптың Украинадағы соғысқа қатысты пайымы демократтарға қарағанда өзгеше. Ол қарашада президент болып сайланса, Украинаға қаржылай қолдауды одан әрі мақұлдамайтынын мәлімдеген. Трамп Украинадағы соғысты тоқтату АҚШ мүддесі үшін оң шешім болатынына сенімді. Ол қысқа уақытта соғысты аяқтауға уәде берсе де, бейбіт келісімшарт туралы еш ақпарат айтпады.
Жалпы Трамптың саясаткер ретіндегі абыройы, берген уәдесінде тұратыны Американың Украина мен Ресей арасындағы қақтығысты және Таяу Шығыстағы жанжалды қаншалықты реттей алатынына байланысты болмақ. Оның бизнестен келгенін ескерер болсақ, алдағы уақытта Байден билігі кезінде белгілі бір шамада тұрақталғандай болған Қытаймен арадағы экономикалық қарым-қатынас қайта қаралады деген ойдамыз. Көптеген сарапшы сыртқы саясат бағытында Трамп Қытайға қатысты қатаң саясат ұстанып, олардың экономикалық және саяси ықпалына қарсы тұруға басымдық беретінін айтуда. Олар екі ел арасында жаңа сауда соғысының тұтануын да жоққа шығармайды. Трамп 2019 жылы «АҚШ-тың Жаңа Қорғаныс» стратегиясын қабылдаған. Онда Қытай алғаш рет Американың стратегиялық бәсекелесі деп мойындалған. Бұл стратегия Үнді-Тынық мұхиты аймағына басымдық берумен ерекшеленеді. Әрі Қытайдың теңіз-мұхиттағы мүддесіне үлкен қысым түсіреді. Шығыс теңіздегі сауда жолына тосқауыл жасаса, Қытай батыстағы құрлықтық жолды дамытуға, яғни, «Бір белдеу, бір жол» инфрақұрылым жобасының әлеуетін арттыруға күш салады.
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттары Президентінің сайлауында айқын жеңіске жеткен Дональд Трампқа құттықтау жеделхатын жолдады. Онда Қазақстан Президенті қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау, инвестиция салаларындағы екіжақты ынтымақтастық дәйекті түрде дами беретініне сенім білдірді. Демек екі ел арасындағы байланыс өз арнасымен жалғасын табады.
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, АҚШ президенті ретінде Трамп өз қызметін 2025 жылғы 20 қаңтарда бастайды. Саясаткер өзінің президенттік бәсекедегі нәтижесін «АҚШ тарихында бұрын-соңды болмаған саяси жеңіс» деп атады. Сонымен қатар ол өзінің ел басқаратын мерзімі АҚШ тарихындағы «Шынайы алтын дәуір» болатынына уәде берді. Ол шынымен «Алтын дәуірдің» есігін айқара ашып, өз бастамаларын жүзеге асыра ала ма? Бұл енді уақыт еншісіндегі сұрақ.
Ерзат АСЫЛ