Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимовпен кездесті. Онда екіжақты қатынас аясындағы өзекті мәселелер сөз болды. Екі тарап әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы бірқатар бірлескен жобаны жүзеге асырудың мүмкіндіктерін талқылады.
Бүгінгі таңда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас тату көршілік және сенімділік сипатта жүзеге асуда. Осы орайда облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев екі ел өз алдына жоғары мақсаттар қойып, жақсы бастамаларда бір-бірін қолдап келе жатқанын айтты.
– Алматы облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде артып келеді. Бүгінгі таңда облыстағы кәсіпорындар сүт, макарон және кондитерлік өнімдерін көрші елге экспорттап отыр. Егер біздің облыс өзбек диқандарынан ерте піскен көкөніс пен жеміс-жидек сатып алса, күзге қарай көрші ел біздің ауылшаруашылық өнімдерімізді тұтынуда. Азық-түлік кластерін ары қарай дамытуда өзбек бизнесмендерімен аймақтық бизнес-форум өткізуге дайынбыз, – деді Марат Елеусізұлы.
Өз кезегінде Төтенше және Өкілетті Елші осыдан 6 жыл бұрын Алматы және Ташкент облыстары арасында келісімдер жүргізілгенін, қазір оны жаңарту қажеттілігі туындап отырғанын, бұл ретте Өзбекстанның басқа облыстары әкімдерімен де осыған ұқсас бірқатар іскерлік кездесулер өткізуге болатынын атап өтті.
Кездесуде ауыл шаруашылығы, туризм, шағын және орта бизнес, экология, білім салалары бойынша қарым-қатынасты жоғары деңгейге жеткізу жайы сөз болды. Бауырлас екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс пен инвестиция тартудың тиімділігі айтылды. Облыс көлемінде жұмыс істеп жатқан өзбекстандық кәсіпорындар жайы да әңгіме арқауына айналды. Осыны ескерген Елші Өзбекстанда өтетін бизнес-форумға Алматы облысынан делегация жіберуді ұсынды.
Марат Сұлтанғазиев Бахтиёр Ибрагимовті өңірді одан әрі дамыту жоспарымен таныстырды. Өз кезегінде Өкілетті Елші өңір басшысының барлық бастамасын қолдайтынын жеткізді. Кездесу соңында тараптар сауда-саттықты одан әрі арттыру мақсатында бизнес-қоғамдастықтың кездесуін өткізуге келісті.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы