ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қажетті құжаттарды тапсыру 30 қарашаға дейін жалғасады. Академияға түсу талаптарына және биылғы енгізілген өзгерістерге қатысты Алматы облысы бойынша академия филиалының директоры Малик Асанов түсініктеме берді.
Академияның басты артықшылығы – модульдік оқыту форматы. Білім беру орталығы тек мемлекеттік қызметшілерді ғана емес, квазимемлекеттік сектор өкілдерін, мәслихат депутаттарын және мемлекеттік бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін де оқуға қабылдайды.
Малик Асановтың айтуынша, биылғы оқу бағдарламасында маңызды өзгеріс – модульдер санының 4-тен 6-ға дейін ұлғаюы.
“Бұл құрылым білім алушылардың офлайн сабақтарға келуін азайтып, онлайн оқуға көбірек мүмкіндік береді. Енгізілген өзгеріс білім алушылардың уақытын тиімді пайдалануға және оқуды жұмыспен қатар алып жүруге мүмкіндік береді”, – дейді Асанов.
Академияда екі бағдарлама бойынша білім алуға болады. Оқу мерзімі 1 жыл. Атап айтсақ, «Executive MPA – Мемлекеттік басқару» және «Өңірлік даму – Master of Regional Development». Қос бағдарламада оқу үшін 2 жыл еңбек өтілі қажет. Айта кетерлігі, «Мемлекеттік басқару» бағдарламасы бойынша басшылық қызметте істегендер ғана оқи алады.
Сонымен қатар, биыл академия алғаш рет мемлекеттік қызметшілерге модульдік бағдарламалар бойынша магистратураға құжат тапсыру мүмкіндігін ұсынып отыр. Бұл ретте, жұмыс беруші мемлекеттік орган жолдама беруі қажет, ал жұмыс кестесі академиялық күнтізбеге сәйкес реттелуі шарт. Мемлекеттік қызметшінің офлайн сабақтарға қатысуын қамтамасыз ету үшін жұмыс беруші, оқуға түсуші және Академия арасында үш жақты келісімшарт жасалады.
Үміткерлерді қабылдау процесі екі кезеңнен тұрады – аналитикалық эссе жазу және сұхбаттасу. Эссе үміткердің ойлау қабілеті мен талдау дағдыларын бағаласа, сұхбат кәсіби дайындық пен жеке қасиеттерін анықтауға бағытталған.
Еске сала кетейік, құжаттарды қабылдау 2024 жылдың 1-30 қарашасы аралығында жүргізіледі. Толық ақпаратты apa.kz ресми сайтынан ала аласыз.