Қонаев қаласынан басталған Бердібек Соқпақбаевтың ЮНЕСКО көлеміндегі ғасырлық мерейтойы Түркия мен Әзербайжан елдерінде жалғасып, Францияның астанасы Парижде қорытындыланды. Егер өнер мен әдебиетті адам жанының дауысы десек, жақсы шығармалар қай тілде жазылғанына қарамастан барша адамзаттың ортақ құндылығына айналады. Бердібек мұрасы – соның дәлелі.
ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде өткен халықаралық конференцияға елімізден барған ақын-жазушылар, мәдениет қайраткерлері, билік өкілдері қатысты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан, жазушы-публицист Марат Тоқашбаев, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов және Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғожаев мінберге көтеріліп, жазушының өмірі мен шығармашылығын сан қырынан сөз етті. Сондай-ақ Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Бақытжан Омар Бас хатшы Сұлтан Раевтың лебізін жеткізді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау хаттары оқылды. Айтулы шараны Париж қаласындағы білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Асқар Әбдірахманов жүргізіп отырды.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов классик қаламгерді қазақ әдебиетінің құбылысына теңеді. «Бүкіл қазақ дәл осы Бердібек ағамыз сияқты болса, бүкіл қазақтың жазушысы дәл сондай дүниелер жазса, қазақтың шығармалары бүкіл әлемге тарар еді. Бердібек Соқпақбаев шығармаларынан біз әділдікті, қайсарлықты, адалдықты сезіп тұрамыз. Себебі, ол кісі тек қана шындықты айтуға тырысты. Кезінде Ташкентте өтіп жатқан Азия, Африка жазушыларының конференцясына телеграмма соққан жалғыз адам, жалғыз қазақ – Бердібек Соқпақбаев. Содан ол қуғын көрді, сүргін де көрді. Көзі тірісінде кеудесіне бір награда тақпаған адам. Бірақ әділдік қашанда жеңеді. Біз күллі жұрт болып, қазақ болып, тәуелсіздіктің арқасында өзіміздің ұлы жазушымызды ұлықтап жатырмыз.
Бердібектей жазушылар бізде, Құдайға шүкір, баршылық, көп деп те айтуға болады. Бірақ балаларға арнап өлмес, өшпес көркем туындылар жаза алған Бердібектей жазушы жалғыз», – де ол бір сөзінде.
Алматы облысы – Бердібек Соқпақбаевтың туған өңірі. Жазушының кіндік қаны Аспантау топырағына тамды. Алатаудың етегінде жоғары білім алып, қанаттанды. Осында қызмет істеп, қаламгерлігі қалыптасты. Мәңгілік мекенін де Алматыдан тапты. Салтанатты жиында облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев тебірене сөйледі.
– Қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырған жерлесімізді әлем мойындап, бүгін, міне, мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өтудеміз. Бұл, ең алдымен, жазушыға құрмет, қазақ еліне көрсетілген құрмет!
Ол әдебиетке өзінің үнімен, таңғажайыпқа толы сырымен келді. Алаш жұрты үшін, балалар үшін «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Он алты жасар чемпион» секілді классикалық туындылар берген Бердібек Соқпақбаевты – «Оливер Твисттің бастан кешкендері» романының авторы Чарльз Диккенс, «Қазына аралымен» әйгіленген Роберт Льюис Стивенсон, «Том Сойердің бастан кешкендерін» тудырған Марк Твендердің қатарына қоя аламыз, – деді Қуат Сұлтанұлы.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан аталған шараға елдік тұрғыда баға бере отырып, жазушы мұрасының өміршеңдігін сөз етті. Оның сырларына үңіліп, жан-жақты саралады.
– Бердібек Соқпақбаев шығармалары – құмының астында құйма алтын, тасының астында түйме алтын жасырылып жатқан Тянь-Шань таулары секілді. Егер әдебиетіміздің түп-тамырын адамзат тарихында ойып орын алған көшпенділер өркениетінің тасқа жазып қалдырған жазуынан басталады десек, онда Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған жырлары мен Қорқыт ата кітабынан тартып, әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи еңбектері, Алтын орда дәуіріндегі жыраулар поэзиясынан ұлы Абайға дейінгі аралықтың өзінде, әдебиеттегі халқымыздың жолы ежелгі Қытай қорғаны сияқты дәуірлерге созылып жатыр. Міне, сол іргетасы небір классикалық шығармалармен қаланған қазақ әдебиетінің бүтін бір дәуірі Соқпақбаев феноменімен тікелей байланысты.
Оның шығармаларының қай-қайсысы болса да, ұлттық арман-аңсарға, биік мұраттарға құрылған. Бодандықта болған қазақ елінің тәуелсіздігін жақындатқан, халықты, ұрпақты азат ел болуға дайындаған дәл осы Бердібек Соқпақбаев сынды классик жазушылардың шығармалары еді. Оның кітаптарын оқып отырып, ондағы кейіпкерлердің жетістіктеріне қуанбау, қиындықтарына қынжылмау, оларды жақсы көрмеу мүмкін емес.
Көзі тірісінде жиырмадан астам кітабы жарық көріпті. Сол шығармалардың қай-қайсысының да шоқтығы биік. Солардың ішінде кеңестік қалыпқа сыймаған, сайын сахараның сардарындай сақи болмыс қазақ баласын суреттеген «Менің атым Қожа» шығармасын айрықша бөліп айтқым келеді. Бұл – қарапайым тілмен жазылған, өмір шындығының өзінен алынған шығарма. Ол шығармасында өзінің бар болмысын, жамандығын да, жақсылығын да, күйінішін де, сүйінішін де Кеңес өкіметінің цензурасын айналып өтіп, ғажайып әдеби обороттармен жазды. Соның арқасында оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Бірақ тағдырдың қаққы-соққысын көп көрген қайраткер жазушының шығармалары керегесі қалың кеңестік жүйеден оңай қолдау таба қоймады. Сол қоғамда «Соқпақбаев шығармалары кеңестік саясатқа қайшы. Оның кейіпкерлеріне еліктеген ұрпақ Кеңес тәрбиесіне бағынбай кетеді. Мұғалімнің сөмкесіне бақа салған оқушы ертең қандай азамат болады?» деген сияқты бөтен пиғылдағы әңгімелер желдей есті. Жазушының кітаптары терең бақылаудан өткізіліп тұрған.
Ең қызығы, «Менің атым Қожа» шығармасы алғаш Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген. Орыс тілді аудиторияға кеңірек танылып, оқырман қауымның қызығушылығын туғызған соң ғана, екінші кезекте француз тіліне аударылып басылған. Сөйтіп, бағы жанған шығарма бірден 30 шақты тілге аударылып, төрткүл дүниеге жайылған.
Өмір кейде әділетсіз болғанымен, уақыт – бәріне төреші һәм әділетті. Бүгінгі таңда ол – өз бағасын алған, әлемдік деңгейдегі ірі қаламгер. Бұл – сан тағдырды бастан өткерген күрескер қазақ әдебиетінің бақыты! – деді Жанарбек Әшімжан.
Жазушының шындыққа ғана сүйенген қайсарлығы, оны майын тамыза суреттеп, әсерлі бейнелермен әспеттей отырып оқырман жүрегіне жеткізгені, ешкімге ұқсамайтын шеберлігі аталған шарада әңгіменің арқауы болды. Соқпақбаев мұраты өзі өмір сүрген кезеңдермен ғана шектелген жоқ, қолын келешекке созды. Нық сеніммен алға ұмтылды. Түптің түбінде ақиқаттың да жолы болатынын қаламгер зерделі түйсігімен айқын болжады. Сондықтан не айтса да, әлемдік әріптестерімен деңгейлес тұратын сөз туғызуға күш салды. Бердібек шығармаларының шектеулерге көнбей, шекара асқаны сондықтан еді.
Мәселен, «Менің атым Қожаны» француздар да жатырқамай қабылдады. Кейіпкердің мойнындағы пионерлік галстукке қараған жоқ. Қазақтың қара баласына тән табиғи қылықтарын қызықтады. Қожаның ішкі дүниесі балаға тән жарасыммен шетелдік оқырмандарды баураған. Бұл – 60-жылдардың аясындағы оқиға. Хикаят 1963 жылы кинофильмге айналып, экранға жол тартты. 1967 жылы француздың әйгілі Канн фестивалінде «Балаларға арналған ең үздік шетел фильмі» номинациясы бойынша жүлдегер атанды. Режиссері – Абдолла Қарсақбаев.
Сол кеңестік кезеңде Францияға өзі бармаса да, онда сөзінің жеткені Эйфель мұнарасына қазақтың жалауын тіккенмен бірдей қуаныш еді. Бір сәт өткен күндер қойнауын оймен шарласақ, тағы бір қызыққа кездесеміз. Рымғали Нұрғалиевтың эссесіндегі мына бір сөйлемдерге назар аударайықшы. Әріптестерінің қолқа салуымен зейнет демалысындағы Дінмұхамед Қонаевтың туған күніне тап болған Бердібек атамыз өзі күтпеген қошеметке кез болады.
«Димекең креслодан тұрып, шеттеу сөренің шыны қақпағын сылдырлатып ашты да, ішінен бір кітапты суырып алды.
– Мынау сенің кітабың, Бердібек. Француз тіліндегі «Менің атым Қожа». Парижге барғанда Мұхтардың «Абай жолын» және сенің осы кітабыңды сыйлаған.
Бүгін менің мынау туған күнге жайған дастарқанымдағы ең үлкен адам – Бердібек. Тіпті анық шындықты айтсам, жазушы баласында қазақта Әуезовтен кейін осы үйді көрген ең үлкен жазушы – Бердібек», – деген екен. Автор бәрін қаз-қалпында бізге жеткізген. Қонаевтың ақ-адал пікірі бүгінгі уақыттың бағасына дәл келіп тұрғанын анық аңғарасыз.
Конференцияда баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов: «Осыдан 57 жыл бұрын Париж төрінде Бердібек Соқпақбаев пен Абдолла Қарсақбаевтың фильмі арнаулы номинацияны жеңіп алса, бүгін, міне, жазушының рухына тағы да Париж өз төрін ұсынып отыр. Мұны біз қазақ-француз достығының нығайып, қазақ әдебиеті мәртебесінің өскені деп қабылдаймыз. Шынайы өнеріміз бен өнегелі достығымыз жасасын! Бердібек Соқпақбаев сомдаған қазақ баласы Қожаның адал, таза бейнесі француз балаларының да жүрегін баурайды деп сенеміз», – деп атап көрсетті.
Шүкір, қазір жер шарының барлық түкпіріне кедергісіз барып-келуге болады. Түрлі мерейтойлар өткізуге мүмкіндіктер мол. Олай болса, Париждегі әдеби-мәдени шараға соншалық басымдық берудің мәнісі неде деп ойлауыңыз мүмкін. Хал-қадірінше оған да жауап іздеп көрелік. Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері орналасқан. Ал ЮНЕСКО дегеніміз – Біріккен Ұлттар Ұйымы жанынан құрылған әлемдік рухани-мәдени құндылықтарды өнегелейтін, олардың сақталуы мен насихатталуына кепілдік беретін халықаралық ұйым. ЮНЕСКО-дағы білікті сарапшылар ұйымға түскен ұсыныстарды мұқият таразылайды. Содан кейін ғана лайықты шешімдер шығарады. 1992 жылы аталған халықаралық ұйымға Қазақстан да мүше болды. Содан бергі уақытта қазақ қаламгерлерінен – Махамбеттің 200 жылдығы, Абайдың, Жамбылдың 150 жылдығы, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығы осы деңгейде аталып өткен. Енді оған Бердібек Соқпақбаевтың ғасырлық мерейтойы қосылды.
Париждегі басқосуда жазушының қызы Самал Соқпақбаева да ойын ортаға салды. Перзент көзімен қарағанда әке тәлімдерінен не байқағанын әңгімеледі. Өнегелі естеліктерін өрбітті. Айтулы шарада «Менің атым Қожа» кітабы француз тілінде қайтадан жарық көріп, шығарма жиналған көпшілікке ұсынылды. Жазушы-аудармашы Ив Готье ол жайында өз көзқарасын былайша білдірді:
– Бұл шығарма Орталық Азия әлемін, шығыс мәдениетін жаңа қырынан ашып, тереңірек бойлауға мүмкіндік береді. Балаларға арналған кез келген кітап ересектерге де қызықты болған кезде ғана сәтті шығады. Әлем әдебиетінде мұндай мысалдар көп. Әсіресе Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзадасы», – дейді аудармашы. Сондай-ақ Мәдениет жөніндегі ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Эрнесто Оттоне Соқпақбаев шығармаларын оқырман ретінде ерекше ұнататынын жасырмады.
Облыс делегациясы Парижге құры қол барған жоқ. Өздері ұйымдастырған «Бердібек жылының» жаңалықтарымен бөлісті. Мәселен, биыл Анкара мен Бакуде өткен ТҮРКСОЙ-дың шарасына қатысып қайтты. Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы түрік және әзербайжан оқырмандарымен қауышты. Облыс өңірінде, мектептер мен мекемелерде Бердібекке арналған әдеби кештер аз ұйымдасқан жоқ. Соның ең көлемдісі және мерейлісі Райымбек ауданында өткен ғылыми-теориялық конференция мен Нарынқол ауылының орталық саябағында ашылған жазушының асқақ ескерткіші еді. Осы орайда Бердібек Соқпақбаев туралы облыстық газетті де айта кетпесек болмас. Биыл «Алатау арайында» отызға жуық материал бердібектану мәселелерін сан түрлі мазмұнда сөз етті. Бұл үрдіс өзінің қалыпты мәнерімен одан ары да жалғаса беретін болады.
ЮНЕСКО бас штаб-пәтерінде өткен мәдени-әдеби шараға өнер қайраткерлері де үлес қосты. Шетелдік көрермендер, әсіресе атақты композитор-күйші Секен Тұрысбектің және «Үшқоңыр» фольклорлық ансамблінің қазақтың қоңыр үнімен үйлескен концертіне құшырлана қол соқты.
Болат МӘЖИТ