Қонаев қаласында облыстық мәслихаттың ХХVІІІ сессия отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, ардагерлер ұйымының, қоғамдық кеңестің төрағалары, құқық қорғау органдарының, департамент пен басқарма басшылары, Қонаев пен Алатау қаласының әкімдері және онлайн режимде аудан әкімдері, мәслихат төрағалары қатысты.
Сессияны ашқан облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, баршаны Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдық мерекесімен құттықтап, тарихынан сыр шертті.
– Бүгінгі сессия Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына арналып отыр. 1994 жылдың 7 наурызында өткен алғашқы мәслихат сайлауы жаңа саяси мәдениетті қалыптастырды. Мәслихаттар тұрғындардың құқықтарын қорғап, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешу бағытында жұмыс істей бастады. Уақыт өте келе, халықтың мүддесін қорғаудағы қызметін одан әрі жетілдірді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылы 3 мамырда «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» №887 Жарлығына сәйкес Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорғаннан Қонаев қаласына көшірілді. 2022 жылы 8 маусымда Алматы облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Алматы облысы мен Жетісу облысының мәслихаттарын бөлу мәселесі қаралды. Бүгінде облыстық мәслихаттың 8-шақырылым депутаттары өз өкілеттіктерін жүзеге асыруда. 6 тұрақты комиссия мен «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы жұмыс істейді. Аталған шақырылым депутаттары 70-ке жуық тұрақты комиссия отырысын өткізіп, 27 сессияда маңызды тарихи шешімдер қабылдады. Әр деңгейдегі мәслихат депутаттары Парламент депутаттарымен бірге өңірлерді аралап, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысып, қордаланған өзекті мәселелерді көтерді. Жыл басынан бері депутаттық корпус облыс көлемінде салынып және жөндеу жұмысы жүріп жатқан 50-ден астам құрылыс нысанының жай-күйімен танысты. Олардың қауіпсіздігіне, құрылыс материалдарының сапасына мән беріп, уақытында аяқталуын қамтамасыз ету үшін арнайы зерделеу жұмыстарын жүргізді, – деген төраға облыстық мәслихат тарапынан жүзеге асқан ілкімді істер мен толымды тірліктер жайын әңгіме арқауына айналдырды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков Алматы агломерациясының инженерлік жүйелерін дамыту жайлы сөз қозғады.
– Алматы агломерациясында жерасты және жерүсті су ресурстарының едәуір қоры бар. Халық пен шаруашылық үшін су қажеттілігін жаба алатын 17 жерасты су кен орны барланды. Агломерация аймағына Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары және «Гейт сити», Қонаев қалалары кіреді. Аталған аймаққа кіретін 188 елдімекеннің Қарасай ауданы Көктөбе ауылынан басқасының барлығы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. 15 елдімекенді сумен қамтамасыз ету бойынша ЖСҚ әзірленуде. Агломерацияға қарасты елдімекендердің 69 пайызы газдандырылған. Жыл соңына дейін Іле ауданының Еңбек, Қайнар, Көктал, Арқабай, Қызыл-Ту, Талғар ауданының Жаңалық, Жамбыл ауданының Ақтерек, Бірлік, Көкдала, Ақсеңгір, Жайсан, Б. Қыдырбекұлы ауылдарын газға қосу жоспарлануда. Қалған 47 елдімекенді 2025-2027 жылдары кезең-кезеңімен газдандыру көзделіп отыр. Осы бағытта «Qazaq Gaz Аimaq» АҚ-мен бірлесіп әзірленген жобаларға жеке инвестиция тарту жұмысы жүргізілуде. Облыс бойынша электр энергиясының қазіргі тұтыну көрсеткіші орта есеппен 550-630 МВт құрайды. Оның 2050 жылға дейін 3000 МВт-қа дейін артуы болжануда. Осының негізінде трансформаторлық қуаттың жетіспеушілігін толықтыру мақсатында жаңа қосалқы стансалар салу қажеттілігі туындауда. Трансформаторлық қуатпен қамтамасыз ету үшін Қонаев қаласында 5 жаңа қосалқы станса, Іле және Қарасай аудандарында 7 қосалқы станса салу жоспарланып, 4-еуінде ЖСҚ әзірленуде, – деді басқарма басшысы.
Келесі кезекте Қонаев және Алатау қалаларын дамыту жоспарын іске асыру барысы туралы аталған шаһар басшыларының баяндамалары тыңдалды. Одан кейін облыстық мәслихат жанынан Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық» депутаттық тобы құрылып, оның құрамы нақтыланды. Сонымен бірге облыстық мәслихаттың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, архитектура және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының мүшесі болып Виталий Гринченко сайланды. Сондай-ақ облыс әкімдігі жанындағы Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде индустрияландыру саясатын іске асыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді.
Сессия отырысы әрі қарай марапаттау рәсіміне жалғасты. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаевқа «Ерен еңбегі үшін» медалі және Іле ауданы Өтеген батыр ауылындағы №24 лицейінің 9-сынып оқушысы Ақжол Герой мен құсбегі Айгерім Жанқылышбайға ҚР Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы табысталса, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары мен бөлім басшысы Зәуре Құсайынова мен Азамат Жандосов, баспасөз қызметінің басшысы Жанна Арынбекова және тағы бірқатар азаматтар Мемлекет басшысының Алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына орай және жергілікті өкілді органдардың қалыптасып, нығаюына, өңірдің элеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі мен белсенді депутаттық қызметі үшін облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет Грамотасын иеленді. Облыстық мәслихат депутаттары Ерболат Құсайынов «Электр энергетика саласына қосқан үлесі үшін» медалімен, Дәулет Жарасбаев «Электр энергетика саласына қосқан үлесі үшін» медалімен және «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ бірнеше халық қалаулысына Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы берілді.
Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев халық пен жергілікті билік арасында тығыз байланыс орнатуда депутаттардың еңбегі орасан екенін, бірлескен жұмыстың нәтижесінде бірқатар өзекті мәселелер шешімін тапқанын атап өтіп, мәслихаттың мақсаты халық игілігіне қызмет ету болғандықтан, алда әлі атқарылуға тиіс қыруар міндет тұрғанын баса айтты.
– Алматы агломерациясын дамыту мәселесі ерекше назарда. Жалпы 3,4 млрд теңгелік 130 іс-шараны жүзеге асыру нәтижесінде Алматы қаласы маңындағы елдімекендердің халқына инфрақұрылымы дамыған ортада өмір сүруіне барынша қолайлы орта жасалмақ. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, шалғайда орналасқан ауылдарды да ұмытпау қажет. Көптеген инженерлік инфрақұрылым желілері кеңестік дәуірде салынып, тозығы жеткен. Ішкі көші-қон есебінен Алматы қаласының маңындағы ауылдар жедел қарқынмен өсіп, қажетті инженерлік жүйелермен қамтамасыз ету керек. Жергілікті атқарушы органдармен қатар халық қалаулылары да туындаған мәселелердің кезең-кезеңмен шешілетінін тұрғындарға жеткізе білуі тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс орталығы мәртебесіне ие болған Қонаев қаласы мен инвестиция тартудың орталығы ретінде жаңадан құрылған Алатау қаласын дамыту – бірінші кезектегі мәселе. 2023 – 2027 жылдарға арналған Қонаев қаласын дамытудың кешенді жоспарында 4 трлн теңгені құрайтын 187 шараны жүзеге асыру көзделген. Алатау қаласында бүгінде арнайы индустриалдық аймақ құрылып, инвестор тарту бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Осындай маңызды жобаларды жүзеге асыруда уәкілетті органның, депутаттардың алатын орны ерекше. Сондықтан алдағы уақытта да облысымызды көркейту жолында тығыз байланыста жұмыс істейтінімізге сенімім мол, – деп сөзін аяқтады Марат Елеусізұлы.
Сессияның күн тәртібіне енгізілген барлық мәселе толық қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ,
Қонаев қаласы