«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Дәл осы сөзді бір ғасыр бұрын Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов айтқан еді. Сол кездегі басылымның бағасын, ел ішіндегі орнын нақтылап берген осы бір ауыз сөз әлі де маңызын жойған емес. Өйткені газет халықпен бірге жасайды, көңілдегі ойды дөп басып, көкірек көзді ашады. Рухыңды оятып, парасат-пайымыңды кеңейтеді.
Қазір ел арасында әлеуметтік желідегі жазбамен ғана қанағаттанып, көңіл көтеріндер саны артқан. Бірақ сол желілік ақпарат күнделікті өмірімізге, денсаулығымызға, тіл байлығымызға зиянын тигізуде. Жастардың тілін шалажансар, ойын біртұтам, сөзін қарыстай етіп жатыр. Желіге желпіне кіріскендер сөйлеу мен жазудан қалып барады. Осы мәселені дер кезінде байқаған Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда «Оқитын ұлт» жобасын қолға алуды ұсынды. «Оқитын ұлт» бұл – желіні жемтік ететін емес, сауатын салмақты басылымдардан іздейтін ұлт. Олар – санасын тик-токтың трендімен емес, құнды кітаппен сергітетін, ойын инстаграммен емес, мазмұнды мақаламен қорытатын жандар. Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адам кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті», – деген. Ендеше, оқымайтын ұлт – құрдымға кеткен ұлт.
Әдеби кітаптар мен көркем шығармаларды көп парақтайтындар Үндістанда тұрады. Екінші орынға тай елі, үшінші сатыға қытайлар орныққан. Алғашқы орындағы елдің әр тұрғыны кітап оқуға аптасына орта есеппен 11 сағатқа жуық уақытын арнайды екен. Ал бізде ше? Апталап емес, жылдап кітап пен газет-журналдың бетін ашпайтын жандар көбеюде. Бұл –қауіпті дерт.
«Оқитын ұлт» жобасы аясында баспасөзге жазылу науқанында облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар мен «Огни Алатау газетінің бас редакторы Забира Сайділдина Ұйғыр ауданына арнайы келіп, ел-жұртпен кездесті. Халықтың көңіліндегі күпті ойларды тыңдады. Қазіргі қоғамның бет-бейнесі газет оқығанда түзелетінін, ойы орамды болатынын ұғындырды.
Алғашқы кездесу Ұйғыр ауданындағы орталық аурухана ұжымымен өтті. Жиынды ашқан Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы облыстың ақпарат айдынында басты басылымдар болып саналатын қос газеттің басшыларымен таныстырып, кездесудің мақсатын айқындап берді. Алғашқы сөз алған «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Забира Сайділдина ғасырдан астам тарихы бар, талай Алаш арыстарының құнды дүниелері жарық көрген, талай қазақ зиялыларының қолтаңбасы қалған басылымның облыс қана емес, республикада да орны ерекше екенін әңгімелеп, осындай газеттердің тамырына балта шауып, құрдымға кетіру тарихымызға жасалған қастандық екенін қадап айтты. Білім – телефондағы бірер секундтық жыл еткен «рилзта» емес. Ол – кітапта, қара сөздің лағылы терілген газет пен журналда. Осылайша ой қорытқан Забира Дайранқызы 100 жылдан асқан басылымға оқырман болуға шақырды.
Сөз кезегін алған Қуаныш Тұнғатар да әлемнің ең озық елдерінің өзі газеттен бас тартпай отырғанын, тіпті кейбір мемлекеттерде қалалық басылымдардың өзі миллиондаған тиражбен тарап жатқанын сөз етті. Егер әлеуметтік желінің қауқары соншалықты мықты болса, мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ, Ұлыбритания сынды озық елдер неге әлі күнге газетке арқа сүйейді? Өйткені олар нағыз құндылық қағаз басылымда екенін түсінеді. Интернеттегі сайттарға зерттеу жүргізген мамандар осыдан 10 жыл бұрынғы ақпаратты таба алмаған. Себеп – интернеттің тұрақсыздығы. Ал архивтегі газет тігіндісінен 100 жыл бұрынғы ақпаратты да еш қиналмастан алуға болады. Осындай маңызды ақпаратпен бөліскен Қуаныш Тұнғатар «Алатау арайы» газетінің тыныс-тіршілігімен таныстырып, 9 аудан мен 2 қаладағы игі істерді сүйіншілеп қана қоймай, ел арасындағы өзекті проблемаларды көтеруде де басылым өзіндік жолын қалыптастырғанын, газет бетінде көтерілген сыни дүниелерге тиісті орындар тарапынан көңіл бөлініп, көп мәселенің шешімінің де табылып жатқанын уақыт өзі дәлелдеп отырғанын айтып өтті. Сондықтан тарихы тереңде жатқан аға басылымға қолдау көрсетіп, газетке жазылуға үндеді.
Оқырмандармен келесі кездесу Қырғызсай және Үлкен Ақсу ауылдарында жалғасты. Қырғызсай орта мектебінде ауыл азаматтары, ұстаздар мен оқушылар жиналды. Бас редакторлар газет жайында кеңінен әңгіме өрбітіп, Мемлекет басшысының игілікті бастамасын тілге тиек етті. Ауыл әкімі Жәнібек Айғожаев алыстан ат арытып келген қонақтарға алғыс білдіріп, елдімекенде қос басылымға оқырман болуға асығатын азаматтардың көп екенін айта келе, күйбең тірлікпен рухани азықты екінші орынға ысыратын шаруа адамдары арасында да үгіт-насихат жүргізілсе деген ұсынысын жеткізді. Ал ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалибек Дынысбаев газет қай кезде де өз бағасын түсірмейтінін, ондағы әрбір мақаланың ішінде құнарлы ой, пайымды пікір барын, сұңғылы сөз сұрыпталып жазылатынын жастарға түсіндірді. Сондықтан газет оқуды ауыл болып қолға аламыз деп сендірді.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, аталған кездесуге Қырғызсай ауылының тумасы, белгілі кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев да келіпті. Өнер иесі облыстық, аудандық басылымдарды міндетті түрде оқитынын, ондағы сан түрлі жанрдағы мақалалар, зерттеулер, сұхбаттар көңілінен шығатынын паш етіп, ауылдастарын газетпен бірге болуға шақырды.
Үлкен Ақсу ауылындағы кездесу де орта мектеп залында өтті. Жиынды Ұйғыр аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақжол Ташкенов ашып, жүргізіп отырды. Ауылдық округтің қауымдастық төрағасы Мусажан Таипов пен жігітбасы Турганжан Имиров келген қонақтарға ризашылық білдіріп, қаламды серік еткен журналистердің ауылдағы ағайынның жағдайын біліп, мұндағы атқарылып жатқан ауқымды істерді газет бетінен жиі көрсек деген ұсыныстарын айтып, қос басылымға қолдау көрсететіндеріне сендірді.
Газет дегеніміз – тарих, өткен күннің куәгері, ақпарат айдынының хабаршысы. Газет – көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын, жата жастана оқып, айызыңды қандыратын рухани азық. Біз газетті жоғалтсақ, өзімізді жоғалтамыз. Көзіміз бен құлағымыздан һәм тілімізден айырыламыз. Сондықтан газетке жазылуға асығайық, ағайын! Оқитын ұлтқа айналу арқылы біз озық ұлтқа айналамыз!
Анар Дүйсенбайқызы,
Еңбекшіқазақ ауданы