Ақсақал деген ұлттың ұлы ұғымын шама-шарқына қарай бүкіл өмір жолына темірқазық етіп алған, бұрынғының жасы, кейінгінің қариясына айналған, шын мәніндегі кісілігі мол халық перзенті болған арда азамат туралы ой-толғам ортаға салмақшымыз. Ол кісіміз Кеңес кезінде де адал еңбектің туын көтеріп, әлеуметтің тіршілігін түзеу ісінде бозторғайдай шырылдаған, талай шаруашылықты басқарып, ғылым мен ауыл шаруашылығын ұштастырып, тұралап қалғанын тұрғызған, азаттық алғаннан кейінгі аласапыранда, жабайы жекешелендіру кезіндегі оралымсыздыққа өзегі өртене жүріп, уақыт тезінен сүрінбей өтудің жолын зерделей алған Сүлеймен Көшкінұлы еді. Бұл кісі туралы қалам тартуымыздың тағы бір себебі – бүгінгі жастарға елде соқпағы оңай болмаған, өмір жолында төзімділік танытқан алдыңғы толқынның барын аңғарту.
Ол өткен ғасырдың 30-жылдарының ортасында мына жарық дүниенің есігін ашыпты. Қара жұмыстан зорығып, бақилық болған әкеден төрт жасында жетім болып қалыпты. Қуғын-сүргіннен енді ес жиып келе жатқанда қамқор болып жүрген, Кеңес қызметкері, әкесінің ағасы Сейдахмет «Халық жауы» деген қара тізімге ілініпті. Таққан айыптары – қызылдардың қысымы қүшейгенде босқынға айналған тау жұртына басшы болып келген қайраткер қазақ Ораз Жандосовпен қанаттасып, «Атажұртыңды тастама, алдыңдағы малыңның сүтін іш, төлі – сенікі, басы – өкіметтікі» деп араша түскендері үшін екеуі де бір-бір түйір оққа байланыпты.
Тағдырдың сан түрлі тәлкегін көріп, содан көңіліне түйгені тек адалдық қана еді. Отызыншы жылдардың ойранынан енді ес жия бергенде сұрапыл соғыс басталып, ер-азамат майданға аттанады. Ащысы мен тұщысы кермектей кернеген ауыл тірлігі аналар мен балалардың еншісінде қалады. Бала Сүлеймен соның бәрін көзімен көреді. Шама-шарқы келгенше әжесі мен анасына көмек береді. Балалықтың базарын сан тірлікпен жалғап өскен Сүлеймен Көшкінұлы 1954 жылы орта мектепті бітіріп, Талдықорған қаласындағы малдәрігерлік-зоотехникалық техникумға оқуға түседі. Оны жақсы бітіріп шығады. Жолдамамен Жаркент өңіріне барып, алғашқы еңбек жолын бастайды. Әр күні қартайған әжесі, кеңшар жұмысына жегілген анасы есінен шықпайды. Бір күні осыны суыртпақтап басшыларына жеткізеді. Олар да жігіттің меселін қайтармай, жанын ұғып, еліне жібереді. Талдықорғаннан Алматы облысы Кеген ауданы атажұрты саналатын Тоғызбұлақ ұжымшарына оралады. Ол кезде маманның тапшы кезі. Сүлеймен бірден бөлімшеге зоотехник болып қызметке тұрады. Теориялық білімді тәжірибеде көрсетіп, жұрттың да, ұжымшар басшыларының да көзіне түседі. Бөлімше меңгерушілігіне көтеріледі. Мэлс Ысқаққызымен шаңырақ көтеріп, Болат есімді ұлы өмірге келеді.
Тоғызбұлақ ұжымшарына Жартыбай Қожашұлы басшы болып келеді де, жаңашылдық пен жұмыс істеуді талап етіп қана қоймай, өзі оның жол-жобасын көрсетеді. Сол кезде күздеу мен жайлау болып келе жатқан жерлерден ауыл тұрғызып, орталықты төңіректеген малды, әсіресе жылқы мен сиырды сонда бағу жайын қарастырады. 1964 жылы орта Меркі мен Кеңсудың ортасында жатқан кең алап Жайдақбұлақтан заманға сай ақшаңқан ауыл тұрғызып, ірі қараны сонда бағу қажеттігін алға тартады. Әрине, таулы өңірден бір ауылды тұрғызу оңай емес екені мәлім. Бұл жұмысты кім атқарады, кімнің өресі жетеді дегенге келгенде таңдау жиырма сегіз жастағы Сүлеймен Көшкінұлына түседі. Қашанда сенімге селкеу түсірмей жүретін ол бірден іске кірісіп кетеді. Тапсырманы мінсіз атқарған алғыр азаматты ұжымшар басшылығы бас зоотехникке тағайындайды. Мұнда да ол ерекше танылады. Ендігі жерде ісімен көрінген ісмерді аудан басшылығы жаңадан құрылған Жылысай кеңшарына бас зоотехникке ауыстырады. Осындай қауырт жұмысты атқара жүріп, Сүлеймен Көшкінұлы сол кездегі Алматы зоотехникалық-мал- дәрігерлік институтын үздік бітіріп, оның аспирантурасына қабылданады. АҚШ-тан әкелінген «Сантагер» асылтұқымды сиыры Талдықорған облысының Көктал кеңшарында жаңадан өсіріліп жатқанынан хабардар еді. Жетекшісі, атақты профессор Анатолий Росляковқа сол тұқымды кандидаттық жұмысыма тақырып етіп алсам деген тілегін жеткізеді. Оның бұл өтінішін ол бірден қабылдайды. Сөйтіп, ғылыми кеңесте бекіттіріп берген соң, ізденістерін жалғастыра береді.
Шаруашылықта теория мен практиканы ұштастыру жолын ойластырып жүргенде, Талдықорған облысының сол кездегі бірінші хатшысы Ә.Алыбаев қызметке шақырады. Іздегенге сұраған, Көктал кеңшарына бас зоотехник болып жұмысқа тұрады. Әріптестерімен қанаттас жүріп, игілікті істерді атқарады. «Сантагер» асылтұқымын асылдандыра беруге баса көңіл бөледі.
Еңбегі жанып, елге танылған Сүлеймен Көшкіновті жоғары билік өкілдері сол кездегі Гвардия ауданының Ленин атындағы асылтұқымды мал зауытына басшы етіп жібереді. Шаруашылық жұмысын жандандырумен қатар білікті маман рухани салаға да ерекше көңіл аударады. Ол кезде кеңшар орталығында санаулы болмаса, өзге ұлт өкілдері көп болған. Қазақ мектебі жоқ. Ана тілі жетімнің күйін кешуі оны ойлантып қана қоймай, намысын оятады. Қолынан келгенше сыналап, жұмыс бастайды. Алдымен үй салуды қолға алады. Оған шашыраңқы бөлімшелердегі қандастарын, әсіресе зейнет жасындағы үлкендерді кіргізіп, бұлар немерелерін оқытады деген уәжін алға тартады. Қазақ көшелері пайда болады. Қазақ сыныбы ашылады. 96 бүлдіршінге арналған балабақша ғимараты бой көтереді. Бұл өзге ұлт өкілдеріне шаншудай қадалып, Көшкіновке «ұлтшыл» деген айып тағылады. Ауданды қойып, обкомның бюросында шулы іс ретінде қаралады. Оның жұмысына тәнті болып жүрген облыс басшысы, қайраткер қазақ, Торғайды түлеткен Социалистік Еңбек Ері Сақан Құсайынов арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей қорғап қалады. Партияның үстемдігі жүріп тұрғанда мұндай батылдықты батырлық демей көріңіз?!
Бір күні Сақан Құсайынұлы телефон шалып: «Сені ендігі жерде мен мал шаруашылығының Жуковы деп білемін. Себебі Жуков бет алған жерде жау жеңілмей қалған емес, – деп бір қайырып тастайды. – Қаласаң, облыс орталығына жақында. Талдықорған қаласын сүтпен қамтамасыз ету ілгері жылжымай тұр. Сондықтан Талдықорған ауданына келуің керек». Ол алғашында бастаған жұмыстарын аяғына шығару керектігін айтып көреді де, артынан сыйлы азаматтың тілегін орындайды. Талдықорған аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне келісім береді.
Бұл жерде де ол сенімге селкеу түсірмей, сүт өндіруді жақсы жолға қойып, мемлекетке бұрын 13 мың тонна сүт өткізіп келсе, санаулы жылдарда 20 мың тоннаға жеткізеді. Осы қызметтерде жүргенде аудан үш мәрте Бүкілодақтық жарыста жеңімпаз атанып, жалау көтереді. Еңбегі еленіп, «Ерен еңбегі үшін» медалін өңіріне тағып, республикамыздың Құрмет грамотасымен марапатталады.
Облыс басшылығы ісі ілгері баспаған Панфилов ауданындағы бұрынғы «Октябрь» кеңшарына Көшкіновті директор етіп жібереді. Келсе, кеңшар қарызға белшесінен батқан. Кеңшарды тығырықтан алып шыққан жаңашыл жан «биогумус» жауын құрты жер құнарын арттыратынын, тыңайтқышқа ақша шығармайтынын, экологиялық жағынан таза екенін естіп, оны өсіретін Украинадан екі «КамАЗ» құрт алдырады. Бір құрт сол кездегі ақшамен есептегенде –
3 сом, 1 млн құртты 3 миллион сомға сатып алады. «Сол жылы кеңшарымыз 10 миллион пайда табыс тапқан» деп еді С.Көшкінов. Абырой болғанда, жауын құрты мол табыс береді. Облыс көлемінен асып, нәтижесі республикаға тарайды. Көршілес Өзбекстан, Қырғыз елінен де сатып алушылар келе бастайды. Шыққан шығын бір жылда өтеледі. Табыс көзін табуды көздеген ұжымның азаматтары мұнымен шектелмейді, тері өңдеумен де айналысады. Тері илейтін цех ашып, оны іске қосады.
Кеңес өкіметі келмеске кетіп, аласапыран басталады. Осы алмағайыпта бозторғайдай шырылдап, өмір бойы еткен еңбегі зая кетіп, тауы шағылған, шаруашылықты оңалтам деп жүріп, ғылымнан алыстап қалған, зейнет жасына жетпеген С.Көшкінов аудан әкімінің орынбасары болып қызметін ары қарай абыроймен жалғастырады. Қай салада да өзінің жүйріктігін танытады. Иә, мұның бәрі өткеннің әңгімесі десек, Сүлеймен Көшкіновтің уақыт еншісіне берген кейінгі жүйелі жұмыстары да бір әлем деуге тұрарлық. 1985 жылы орталығы Қоңырөлең аталатын Октябрь кеңшарында басшы болып жүргенде, профессор С. Мұхамеджанов кеңшар аумағында ыстық судың қоры бар екенін айтады. Мұндай жаңалықты қалт жібермейтін Көшкінов жер бұрғылаушыларға барлық жағдайды жасайды. Бұрғы салған Керімағаш бөлімшесінде он-он бес отбасы тұрады екен. Ғалымдардардың болжамы ақиқатқа айналып, сегіз айдан кейін 3 мың метр тереңдіктен 95 градустағы ыстық су атқылайды. Суды арнайы зертханаға жібереді. Үш айдан кейін талдау қорытындысы келеді. Қорытындыда су құрамында барлық элементтің бар екені көрсетіліп, ол мемлекеттік стандартқа сай делінеді. Шетелдік ғалымдар да оны растаған. Ендігі жерде бір байлықтың көзі суды тиімді пайдалану жолдары қарастырылады.
Шағын болса да «Керімағаш» шипажайы бой көтеріп, ұжымшар мүшелерінің демалыс орнына айналады. Бірақ бас-көз жоқ тарату кезінде шипажай иесіз қалады. Бұл Сүлеймен Көшкіновтің арқасын аяздай қариды. Аудан әкімімен ақылдаса келіп, шипажайды қайта жандандыруға ниеттенеді. Мәскеуден кандидаттық қорғап келген баласы Болатқа шипажайды дәрігер ретінде қолға алу керектігін айтады. Жоғары оқу орнын да қызыл дипломмен бітірген Болат алғашында жеке емхана ашуға ниеттеніп жүргенін айтып, келісе қоймайды. Артынан әке сөзін жерге тастау қиын екенін ой таразысында өлшеп, келісім береді. Аудан әкімі бардың бағасын білген Болатқа ризалығын білдіріп, «қирату оңай, жасау қиын» деп табыс тілейді. Әрине, алғашында көп қиындыққа кездеседі. Табандылық бәрін жеңіп шығады. Қаншама тер төгіледі, қаншама жұмыс жасалады. Талай әкімнің есігін қағады. Ондағы бір қиындық жердегі қарасор еді. Бұл цементтің өзін жеп жібереді екен. Оны түсініп қол ұшын созған, сол тұстағы облыс әкімі Заманбек Нұрқаділов болыпты.
Өзі басқарған кеңшардан жер үлесін алғанда Сүлеймен Көшкінұлына Керімағаш өңірі тиеді. Шипажайды аукционда еншілейді. Құл болу туралы алып-қашпа әңгіме жайына қалып, ондағы қызметшілер ынтымақпен жүріп, жұртқа қызмет көрсетеді. Заманауи құрылыстар жүргізіліп, екі қабатты емдеу кешені салынады. Балшықпен, сумен емдейтін, физиоем, массаж, ішек шаю, өзге де ем жасайтын орындар іске қосылады. Кезінде он үйлі Керімағашта бүгінде жүзден аса түтін тұрып жатыр екен. Шипажай жүзге таяу адамды жұмыспен қамтиды. Бас дәрігер Болат Сүлейменұлының бастамасымен 100 орынды мешіт салынса, ол өткен жылы қайта жөндеуден өтіп, қосымша ғимараттар қосылып, күмбезі биіктеп, төңірегі түрлі ағаштармен, жасыл- желекпен абаттандырылыпты. 180 балаға арналған екі қабат мектеп жұмыс істейді. Өзге жерлерде бала саны азайып жатса, от жағып, үй жылытпайтын, су ысытпайтын Керімағашқа келушілердің санының артуына орай бала саны 220-ға таяған.
Сүлеймен Көшкінұлының әуел бастағы мақсаты демалушыларды экологиялық таза азық-түлікпен қамтамасыз ету еді. Әке үмітін ақтаған ұлдары оған да қол жеткізген. «Сантагер» асылтұқымы, «Алатау» сүтті сиырлары, бірнеше үйір жылқы, жүзге таяу түйе баршылық. Шабындық, егістік жер, көкөніс өндіретін орындар сала-саламен тұр. Осының бәрі шипа алуға келген адамдар үшін жасалып жатқан қызмет деп білеміз. Күніне бес уақыт ішетін тамақтың бәрі де табиғи өнімдер. Шипажай азаматтарының маңдай терімен дастарқан сәнін келтірген тағамдар. Айран мен сүт, шұбат, ірімшік, құрт, бал, қатық, қымыз, қаймақ, сарымай – бәрі үздіксіз дастарқанда тұрады. Әр аптаның жұмасында жеті шелпек пісіріліп, дүниеден өткендерге Құран бағыштау, кешке қарай шипажай қызметкерлерінің өнерін тамашалау жақсы жолға қойылған. Кітапхана және бар. Елуден аса гүл түрі көздің жауын алады.
Қазақта ең әдемі үлгі бар. Ол – ұрпақтар сабақтастығы. Сүлеймен Көшкінұлының ісін баласы Болат жалғастырса, енді Болаттың ұлы, тәжірибелі дәрігер Ербол Болатұлы ұштастырып келеді екен. Осының бәрі өмір соқпағын көп көрсе де, сүрінбей жол тапқан Сүлеймендей асыл азаматтың қажыр-қайратымен іске асқан, жалғасын тапқан даңғыл жолы екені ақиқат. Осындай адал еңбекті серік еткен, жылдар жылжып, ұрпақ алмасқанда, бүгінгі әкім-қаралардың арасынан Көшкіновтей артынан артық сөз ермеген бір көшелі шығып, оны аңыз етіп айтар күн туар ма екен? Жақсыдан қалған бір өнеге – шипажайға жұмысқа келгендерге үй салып алғанша тегін баспана беріп, мал басы деп бір сиырды босағасына байлау үрдісі тағы қай мекемеде бар екен? Әй, жоқ-ау.
Сүлеймен Көшкінұлы зейнетке шыққаннан соң да ұл-қызына үлгі болумен қатар алысты болжайтын ақыл-кеңесімен бағдар беріп отырды. Ол кісінің тағы бір тағылымды ісі, кіндік қаны тамған, өзі іргетасын қалап, береке-бірлікке ұйытып кеткен Жайдақбұлақ ауылының өркендеуіне де аз үлес қосқан жоқ. Бұл өзімшілдіктен ада, ел деген асыл қасиеті болатын. Шіркін, бұл өзгелерге де жұғысты болса, қане? Соның дәлелі – еңселі мешіт үйін салып, білім ұясының жаңаруына да септігін тигізді. Жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасыларына енші деп жылқы, сиыр, қой-қозы берумен бірге ауылды көркейтетін де, іргесін кеңейтетін де келер ұрпақ деп әр отбасында дүниеге келген сәбидің жөргекпұлы деп 100 мың теңге беру дәстүрге айналды. Сүлеймен Көшкінұлы шаруашылықты жақсы білумен бірге көкірегі ояу, санасы сәулелі, сөз парқын ажырататын, арғы-бергі тарихты саралай алатын, жұрт мойындаған абыз ақсақал еді.
Қоғам жұмысында арды аттамай қызмет еткен, ұл өсіріп, қыз тәрбиелеген, немереден шөбере сүйген Сүлеймен Көшкінұлы пәни дүниеден бақи дүниеге аттанғалы да бес жылдың жүзі зулап өте шығыпты. Адал сүт емген балалары абыз әке сеніміне селкеу түсірмей, өсиетін орындап, аналары Мэлс Ысқаққызының айналасына үйіріліп отыр. Асыл ана ардақты жарының, ел азаматының: «Дүниені қусаң да жетпейсің, жисаң да жетпейсің. Халқыңа қызмет ет, ұлтыңның үдесінен шық, өзімшіл болма, көпшіл бол!» – деген аталы сөзін әр күні ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің есіне салып, Аллаға шүкіршілік етіп отырады.
Сүлеймен МӘМЕТ,
ҚР Мәдениет қайраткері