Қарасай ауданында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған Тіл форумы өтті. Онда еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының профессорлары мен тіл білімі саласының мамандары дәріс оқыды. Облыстық тілдерді дамыту және білім басқармалары бірлесіп ұйымдастырған ауқымды шараға аймақтың 9 ауданы мен 2 қаласынан 200-ден астам ұстаз қатысты. Сондай-ақ тіл оқыту орталықтарының меңгерушілері, оқытушылары мен әдіскерлері келді.
Форум барысында мектеп оқулықтарындағы олқылықтар мәселесі көтеріліп, мұғалімдер өз ұсыныстарын ортаға салды. Кітап авторлары мен оқулықты қолданатын ұстаздар арасында жанды байланыс орнатылып, оқыту үрдісін жақсартудың жолдары талқыланды. Мектеп оқулығында тіпті мұғалімдердің өздері түсінбейтін тапсырмалар кездесетіні ашық айтылды. Сондықтан оқу құралын жазатын автор мен мұғалімнің арасында алтын көпір орнаса, оқулық сапасы жақсарады деген тоқтам жасалды.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым және білім мәселелері жөніндегі вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы «Қазақ тілі пәні: автор, мұғалім және оқушы үштігінің өзара байланысы» тақырыбында баяндамасында жасап, бұл мәселені жан-жақты тарқатты. Сайып келгенде жиынның мақсаты да сол – оқулық жазатын тіл мамандары мен сол кітап бойынша бала оқытатын ұстаздардың пікірін білу, ұсыныстарды ескере отырып, алдағы уақытта оқыту сапасын арттыру.
Жиын барысында «Oxford Qazaq Dictionary» сөздігінің тұсаукесер рәсімі жасалды. Бұл кітапта ағылшын және қазақ тілдерінің грамматикасы мен дыбысталуы, емле ережелері түсіндірілетін қысқаша нұсқаулықтар, сондай-ақ қазақ тіліндегі іскерлік және электрондық хат-хабар жазу үлгілері берілген. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша сабақ беруге қатысты өзге де мәселелер талқыланған форум екі бөлімде жалғасып, ғалымдардың баяндамалары тыңдалды және ұстаздар өзара тәжірибе алмасты.
Негізгі бөлімі Қаскелең қаласындағы «SDU» университетінің мәжіліс залында өтті. Онда педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық құндылықтар академиясының академигі Фаузия Оразбаева «Педагог мәртебесі: мұғалім тұлғасы, әдіснама және әдістеме» тақырыбын тарқатты. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қазақ тіл білімі және әдістемесі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Тыныштық Ермекова мектепте қазақ тілі пәнін оқытудағы өзекті мәселелер туралы сөз қозғады. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова орфограммаларды анықтаудың негізі ретіндегі эксперименттік диктант нәтижелері немесе қазіргі жастардың жазу мәдениеті турасында баяндама жасады.
Форумның екінші бөлімі «Алтын ауыл» шағынауданындағы Саяділ Керімбеков атындағы орта мектепте шеберлік сағатымен жалғасты. Мұнда мұғалімдер 5 секция бойынша бір-бірімен байланыс орнатып, тәжірибе алмасты және Ұлттық құндылықтар академиясы мүшелерінің дәрісін тыңдады. Соңында қатысушыларға облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен білім басқармасының бірлескен сертификаты табысталды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Қарасай ауданы