«Қыз өссе – елдің көркі», «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербейді» деген өсиет сөз бар. Демек ана тәрбиесінің ұлт болашағына тигізер үлесі зор. Осыған орай, Кеген ауданы Тасашы ауылдық Мәдениет үйінде аудандық жастар ресурстық орталығы мен ауылдық округтегі аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Қазақ аналары: кеше, бүгін, ертең» деген тақырыпта аудандық семинар өтті.
Аталған шараға аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Көнеева, облыстық жастар ресурстық орталығының психолог маманы Меруерт Рысбекова мен ұйымдастыру бөлімінің маманы Әкежан Қабдолдаев, аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкері Гүлназ Толонқызы, ауыл әкімі Ерболат Төребаев, ауылдық округтердегі аналар кеңесінің мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Қонақтарды «Ару Ана» әжелер тобы шашумен қарсы алып, ұлағатты ұстаз Сара Қасымханова қазақ дәстүрінен сыр шертетін арнайы көрмені таныстырды. Алғашқы кіріспе сөз алған Тасашы ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Сара Қасымханова кешегі әжелер тәрбиесін алға тартып, бүгінгі аналардың қоғамда алатын орнын әңгімеледі.
Семинар барысында баланы бесікке салу, келі-келсап, көрпе жасау, әжелердің құрақ құрау сынды дәстүрлі қолөнер бұйымдары көрсетіліп, шараның мазмұнын айшықтай түсті. Бір әулеттің ғана емес, бүкіл елдің данагөйіне, асыл анасына айналған Домалақ ана жайлы «Ару Ана» ансамбльнің орындауындағы «Домалақ ана» әні көпшілікті баурап алса, Ақтасты Мәдениет үйінің директоры Жандос Маратұлы бастаған өнерпаздардың қазіргі заман әйелдері жайлы әзіл-шыны аралас сахналық көрінісі көрермендерді бейжай қалдырмады.
Жастар ресурстық орталығының психолог маманы Гүлназ Толонқызы ана тақырыбында баяндама оқып, тренинг-сауалдар жүргізді. Тасашы ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі, ардагер ұстаз Жеңіс Қарабалаев, облыстық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері Меруерт Рысбекова, Әкежан Қабдолдаевтар қоғамдағы ана рөлінің бүгіні мен кешегісін тілге тиек етті.
Шара соңында ауыл әкімі Ерболат Төребаев ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, бір топ аналарға елеулі еңбегі үшін Алғыс хат табыс етті.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ,
Кеген ауданы