Талғар ауданы Панфилов ауылындағы «Қобыланды» жылқы зауытының аумағында қоғам қайраткері Темірхан Досмұхамбетовты еске алуға арналған 100 шақырымға созылған халықаралық ат жарысы өтті. Бәйгеге Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің шабандоздары қатысты. Тұлпарлардың арасында қазақтың Адай және Қостанай тұқымдары да болды.
Жарыстың ашылу салтанатында Біріккен Араб Әмірліктерінен келген мейман, бәйгенің бас төрешісі Мұхаммед әл-Хадарәй, Қазақстан Республикасы ат спорты федерациясының президенті Дәурен Асхат, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы олимпиадалық спорт түрлері, спорттық резервтер және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Ербол Бұжабаев, «Қобыланды» жылқы зауытының иесі Шыңғыс Досмұхамбетовтер сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қазіргі таңда қазақтың Адай және Қостанай жылқыларының тұқымы жоғалып кету алдында тұрғандықтан, олар жан-жақты қолдау мен асылдандыруды қажет етеді. Оның үстіне Қазақстан ат спорты бойынша халықаралық сайыстарға қатыса алмай жүр. Сондықтан ат спорты федерациясы мен «Байсерке Агро» ЖШС және «Қобыланды» жылқы зауыты бірлесіп, халықаралық төрешілер комиссиясына қазақ жылқыларының тұқымын ұсынып, олардың халықаралық ат жарысына қатысуына жол ашуды көздеп отыр.
Бұл жарыс БАЭ вице-президенті Мансур Бен Зайд Аль Нахайян және оның «Emirates International Endurance Village» командасының қолдауымен өткенін атап өту керек. Біріккен Араб Әмірліктерінен келген мамандар жарыс барысында отандық төрешілер мен бапкерлерді ат спортының осы түрі бойынша жұмыс істеуге үйретіп, ақыл-кеңестерін берді, тәжірибелерімен бөлісті.
Бәйгеге қосылған аттар 100 шақырымдық қашықтықты бір күнде шаршамай өтіп, жоғары төзімділік, шеберлік пен рухтың күштілігін көрсетті. Бұдан бұрын «Байсерке Агро» ЖШС ҚР Ат спорты федерациясымен бірге жылқының аман-саулық Кодексін бекіткен еді. Ол жылқының денсаулығы, қауіпсіздігі және онымен тиісті қарым-қатынас жасау талаптарын айқындайды.
Алғашқы жеті орынға жүлде белгіленіп, бас бәйгеге шетелдік автокөлік, қалған алты орынға 4 миллион теңге тігілген байрақты бәсекеде бірінші орынды Маңғыстау облысынан келген шабандоз Нұрсұлтан Омардың «Көк жебе» атты сәйгүлігі жеңіп алды. Екінші жүлдені Жетісу облысының шабандозы Хабай Дәрігербектің «Бақторы» тұлпары еншілесе, үшінші орын – тағы бір маңғыстаулық Нұрсұлтан Құмаровтың «Тобылғы» торысына бұйырды. Абай облысынан келген шабандоз Виктор Жаналиевтің «Гүлсары» атты тұлпары төртінші жүлдені қанжығасына байласа, бесінші жүлдені тағы бір жетісулық Дәулет Бейісбаевтың «Қаһарманы» иемденді. Алтыншы жүлде Мажарстаннан келген Орхидея Мехорктің «Нобель» атты атына бұйырса, Алматы облысының шабандозы Наталья Долгихтің «Неаполь» жүйрігі жетінші жүлде иесі атанды.
Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған сайыс ат спортының барлық талабына сай жоғары деңгейде өтті. Бәйгеде халықаралық төрешілер қазақтың Адай және Қостанай жылқыларының мықтылығына, төзімділігіне тәнті болды. Демек, сайыс өз мақсатына жетті, қазақ жылқыларына халықаралық сайыстарға жол ашылды деген сөз.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Талғар ауданы