Заречный кентіндегі ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «№57 мекемесі» РММ-нің өнеркәсіптік аймағында жиһаз жасайтын зауыт іске қосылды. Жазасын өтеушілерді еңбекке баулитын жұмыс орнының ашылуына облыс әкімдігі мен прокуратура қолдау білдірген.
Зауыттың салтанатты ашылуында Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары М.Сабыров, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Жақыпов, Алматы облысы бойынша мекемелерде қылмыстық жазалардың орындалуын қадағалау және заңдылығы жөніндегі мамандандырылған прокурорының өкілі Д.Балғабек сөз сөйлеп, жазасын өтеп жүргендерді еңбекке тарту, олардың болашақтағы өміріне оң әсерін тигізетінін алға тартты. Шынымен, үнемі еңбек ететіндердің құқық бұзушылыққа баруға ойы түгілі уақыты да болмайды. Сондықтан, түзеу мекемелерінде екі қолға бір күрек беретін жұмыс орындарын ашу маңызды.
Аталған зауытта тұрақты түрде 30 адам жұмыспен қамтылып, әлеуметтік қолдаулар көрсетілмек. Зауыттың өндіру қуаты айына 6000 дана дайын жиһаздан асады. Өнімдері еліміздің барлық аймағына сатылады. Сапалы жиһаздар нарыққа «BEREN» брендімен таралатын болады. Зауытқа қазір «NAT Invest» ЖШС тарапынан 250 млн теңге жеке инвестиция тартылған. Сонымен қоса, өндіріс орны ҚХР-дан әкелінген ең соңғы үлгідегі өнеркәсіп жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Зауытта жұмысшыларға барлық жағдай жасалған.
Заречный кентіндегі түзеу мекемесіндегі мамандардың сөзінше, мұнда 33 жеке кәсіпорын жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындарда 600-ге жуық жазасын өтеп жатқан азаматтар еңбек етеді. Оларға 85 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Мұнда қатаң күзетілетін аймақта орналасқан ғимараттар тегін беріледі және арзан жұмыс күші жеткілікті. Сондықтан түрмеде өндірістік нысан ашу кәсіпкерлер үшін тиімді. Жазасын өтеушілер өз жалақысы есебінен мемлекет немесе жеке тұлғалар алдындағы қарызын қайтарады. Ал бұл жағдайда олардың жазасы жеңілдеп, бостандыққа шығу мерзімі жақындай түседі.
Ерзат АСЫЛ