Райымбек аудандық әкімдігінде өңір кәсіпкерлері бас қосты. Жиынды «Атамекен» ҰКП Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы мен Райымбек аудандық филиалы ұйымдастырды.
Басқосуға облыстық кәсіпкерлер палатасының құқық мәселелері жөніндегі директорының орынбасары Еркін Майлыбайұлы, ветеринария басқармасының бас маманы Айболат Жұмақын, ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Олжас Молдатаев, экология департаментінің инспекторы Айдар Құттыбай, Алматы облысы бойынша «Даму» кәсіпкерліті дамыту қоры» директорының орынбасары Аслан Слямов, Райымбек аудандық прокуратурасының аға прокуроры Талғат Әбеков, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызмет бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Ұлықпан Жүнісбеков қатысты. Жиынды Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов ашып, мәселенің мән-жайына тоқталды.
Жиналыстағы негізгі әңгіме аудан көлемінде әр салада еңбек етіп жүрген кәсіпкерлердің құқықтарының заңдық тұрғыда қорғалуы төңірегінде өрбіді. Алғаш сөз тізгінін ұстаған «Сенім» шаруа қожалығының жетекшісі Мұрат Оспанұлы кәсіпкер құқығы жөнінде өзін толғандырған мәселелерді құзырлы орган өкілдерінің назарына ұсынды. Райымбек ауданы негізінен мал шаруашылығын дамыту мен ауылшаруашылық дақылдарын, соның ішінде картоп өсіруге қолайлы өңір саналады. Осынау екі саланы дамытып, молшылық негізін қалау кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелерінің еншісінде. Іс тетігін іскерлікпен шешіп, шаруасын шалқытып жүрген кәсіпкерлердің аудан экономикасының артуына үлес қосып келе жатқанын ешкім жоққа шығармайды. Бұған мемлекеттің сындарлы саясатын іске асырудағы іс-шаралардың оңды ықпалы игі әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Соның нәтижесінде ауданның ауыл шаруашылығы көптеген нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Әр жылдың қорытындысы бойынша сөйлейтін цифрлар бұған айқын дәлел болса керек.
Ойын осылай бастаған кәсіпкер осы салада алаңдаушылық тудырып, әлі күнге оңтайлы шешімін таппай келе жатқан керағарлықтарға да кеңінен тоқталды. Соның ең негізгісі – кәсіпкер құқығының заңдық тұрғыда қорғалмауы. Нақтылай айтқанда, өздері жыл бойы терлерін тамшылата төгіп, еткен еңбектерінің түпкі нәтижесін көретін шақта құзырлы органдар тарапынан түрлі кедергіге кездесіп келе жатқаны. Дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бір ғана мал өнімдерін сатуда кездесетін қиындықтарды айтса да жеткілікті. Кәсіпкер өзі өсірген төрт түлігін сатып, пайдасын бір мәрте болса да көруі тиіс қой. Бірақ жағдай олай болмай шығады. Осыдан кейін, үйдегі патша көңілді базардағы баға бұзадының кері келіп жатады. Бұған ауданның орталықтан тым шалғайда жатқаны және мал сою алаңдарының жоқтығы да кері әсерін тигізетіні анық. Жергілікті жерде малдарын сатудың реті болмағасын, мал иесі қолындағы өнімін 350-400 шақырым жердегі базарларға сүйрейді. Міне, жоғарыда айтылған кедергілер осы жерде көрініс береді. Мал иесі уақытының көбін сатуға алып шыққан тірі малы мен сойып, ет түрінде апаратын өніміне талап етілетін нөмірленген формадағы жөн-жосықсыз анықтамаларды алу үшін ауылдық округ әкімдігіне, ветеринариялық станса мен зертханаға сабылады. Алған анықтамаларын растату үшін учаскелік полиция инспекторын іздейді. Тағы бір мәселе – өз малының етін қаладағы балаларына, жақындарына жеткізіп беру үшін де жоғарыдағыдай құжаттардың талап етілетіні. Мұндай іс-әрекеттердің заңның ешқандай бабы мен тармағында көрсетілмегенін ескерсек, кәсіпкер құқығының бұзылуы, заңдық тұрғыда қорғалмай жатқаны түсінікті. Әңгімеге тұздық болған мәселе бойынша сөйлеген «Үш Қақпақ» шаруа қожалығының жетекшісі Бақыт Қуанов, «Жұлдыз» шаруа қожалығының жетекшісі Жұлдыз Бұтабаев, басқа да кәсіпкерлер өз ойларын ортаға салды.
Аға прокурор Талғат Абеков пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палата өкілі Еркін Майлыбайұлынан құзырлы орындар тарапынан өздерінің құқықтарының заңдық тұрғыда қорғалуына қатысты шешімдер шығарылуына, анықтаманың ауылдық әкімдіктен ғана берілуіне және ол анықтама ешқандай талқылауды, тергеп-тексеруді қажет етпейтініне ықпал етулерін, тиісті орындарға жетуіне көмек көрсетулерін өтінді. Өтініштер қос тараптан мақұлданды.
Әрине, кәсіпкерлердің талабы орынды. Дегенмен мәселенің екінші жағы бар екенін де есте ұстаған жөн. Жоғарыдағы анықтамалардың талап етілуі еріккеннен жасалып жатқан нәрсе емес. Мал болған соң, олардың арасында ауру-сырқауы, жұқпалы індетке ұшырағандары да кездеспей қалмайды. Ал халыққа мал мен ет таза күйінде ұсынылуы қажет. Бүгінгі таңда мал ұрлығы да тыйым бермей тұрғанын ескерсек, учаскелік полиция инспекторының қолынан анықтама алмау келеңсіз құбылысқа бұрынғыдан да кең жол ашатыны анық. Кәсіпкерлерден кейін сөз алған аудандық ветеринариялық зертхана маманы Дархан Чапаев, криминалды полиция бөлімінің бастығы Әсет Молдасанов, «Атамекен» ҰКП Райымбек аудандық филиалының директоры Гүлназ Тоқмолдаева кәсіпкер құқығын қорғаудағы көлеңкелі жақтарға қатысты өз тараптарынан түсіндірме берді, ұсыныстарын айтты. Жиында ауыл шаруашылығы техникалары мен мал шаруашылығына берілетін субсидиялардың да қолайлы-қолайсыз тұстарына да назар аударылды. Кәсіпкер құқығының қорғалуына қатысты бұдан басқа да мәселелер сөз болды.
Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ
Райымбек ауданы