Күзгі әскерге шақыру науқанында Ұйғыр ауданында орын тепкен Райымбек аудандық шекара басқармасының әскери бөліміне 500 сарбаз Отанын қорғауға келді.
Енді еліміздің түкпір-түкпірінен келген жалындаған жастар жарғақ құлағы жастыққа тимей, шекара дегеннің не екенін ұғынып, ондағы өмір мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бір жыл бойы жаттығады. Табандылық пен төзімділіктің ер-азаматқа қажеттігін әскерде ұғына алады. Бірақ оның бәрі тек ант қабылдау рәсімінен кейін ғана жүзеге асатыны анық. Сондықтан жуырда әскери бөлімде сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті.
Бұл шараға ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Әлібек Каюпов, Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова, Ауған соғысының, шекара қызметінің ардагерлері қатысты. Сонымен қатар сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары да осындай ерекше күннің куәгері болуы үшін арнайы келді.
Сап түзеген сарбаздар кезек-кезек ант қабылдады. Жас жауынгер сынынан өткен бес жүз сарбаз Отан қорғаушылармен теңқұқылы сапта бой түзеу үшін Отанға адал болуға, қалтқысыз қызмет етуге, әскери өмірдің қиындығы мен ауыртпалығына төтеп беруге салтанатты түрде ант берді.
Шарада алғашқы құттықтау сөз ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Әлібек Каюповқа берілді. Әлібек Амангелдіұлы шекарашы сарбаздарға анттарына адал болып, жауынгерлік-даярлық қызметінің үздігі атану үшін табандылық пен шыдамдылық, еңбекқорлық қажеттігін айтып, қазақстандық шекарашылардың үздігі атануларына тілектестігін білдірді. Ал Отан алдындағы борыштарын өтеуге балаларын жіберген ата-аналарға алғысын айтып, олардың ұлдары нағыз патриот екенін, елдің ертеңін, мемлекеттің болашағын осындай батырлар қалайтынын тілге тиек етті. Сонымен қатар Әлібек Амангелдіұлы өз сөзінде биыл Алматы облысы мен Кеген ауданы әкімдерінің қолдауымен қазақ-қырғыз шекарасының бойында су жаңа шекаралық жылыту пункттері ашылғанын сүйіншілей жеткізді. Бұл да болса сарбаздарымыздың шекараны қырағылықпен күзетуіне әсер ететін бірден-бір фактор екенін де айтты. Жаңа келген шекара қызметінің сарбаздарына сәттілік тілеп, ел қорғаны болатындарына сенім білдірді.
Ал аудан әкімі Бота Серікқызы әр сарбаздың артында үміт артқан ата-анасы, бауырлары, туған-туысы тұратынын, сондықтан Отан қорғаушылардың сол үмітті ақтап, әскерді абыроймен аяқтап, отбасыларына аман-есен жетулерін тіледі. Ата-аналар атынан сөз қатардағы жауынгер Тұрсын Қуаныштың анасы Жазира Батырбековаға берілді. Өз ұлымен бірге әскер қатарында жүрген әр бала өз баласындай екенін елжірей айтқан ананың тілегі көптің көңілін босатты. Ұлының азамат болып, әскерге өз еркімен барып, Отан алдындағы борышын өтеуге деген талпынысына мақтанатынын айтты. Ел қорғаны болар сарбаздарымыздың амандығын тіледі.
Мінбеге көтерілген қатардағы жауынгер Диас Тілектес әскери өмірді көру, оны сезіну, оның қиындығы болса, төзе білу әрбір ер-азаматтың борышы екенін айтып, сол қасиетті борышты өтеуге келген өзі сынды Отан қорғаушыларға сәттілік тілеп, «Антымызға адал болып, ел сенімін ақтайық!» деген ұранды сөзімен қорытынды жасады.
Салтанатты шара аяқталған соң басқарманың арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимыл бөлімшесі жеке құрамының орындауында «Мемлекеттік шекараны бұзушыларды ұстау» операциясы және қоян-қолтық ұрыс әдіс-тәсілдері көрсетілді. Арнайы жаттықтырылған иттердің көмегімен шекара бұзушыны ұстау операциясы жас сарбаздар мен ата-аналардың көңілінен шыққаны анық.
Шекара – жас сарбаздардың шеберлігін шыңдап, Отанының нағыз патриоты етіп шығаратын орта. Сарбаздар шекарада нағыз әскери өмірді сезінеді. Қиындығын да, қызығын да көре алады. Бастысы Отан қорғауға бейімделеді. Ал Отан қорғау – әркімге бұйыра бермейтін бақ.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы