Қарап отырсақ, егеменді ел болып, дербес мемлекет атанғанымызға 30 жылдан асыпты. Ата-бабамыз армандап өткен қасиетті тәуелсіздікке қол жеткізгенде, барша қазақ жүрегі жарыла қуанды. Азаттық жақсылыққа жол ашты. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз қайта тірілді, салт-дәстүріміз салтанат құрды, ана тіліміздің мәртебесі артты. Иә, дәл солай болды. Заң жүзінде бәрі бекіді. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп көрсетілді. Бірақ содан бері қаншама уақыт өтсе де, тілге құрмет өз дәрежесінде болмай тұр.
Қазақ тілінде жазылған шала-жансар жарнамаларды, шұбарланған көше атауларын көргенде көңілің құлазиды. Мәселен, Іле ауданы Байсерке ауылындағы Жамбыл Жабаев атындағы көше атауына қарап, қаның қарадай қайнайды. Бір үйде Жамбыла, екіншісінде Ж.Жабаева, ал одан кейін Джамбула болып кете береді. Бұл не деген масқара? Сонда «Әй, дейтін әженің, қой дейтін қожаның» жоқ болғаны ма? Бұрынғы заман келмеске кетті ғой. Қаракөздеріміз көбейді. Енді қашанғы ұлы бабамыздың есімін қорлап, көзіміз бақырайып отыра бермекпіз? Сол көшеде кеудесінде намыс оты жарқылдаған, жүрегі ұлтым деп соққан бір жанның табылмағаны ма?
Жыр алыбы Жамбылдың жырлары ұрпақтарымен бірге жасап келеді. Ескерткіші әр аймақта асқақтап тұр. Бүтін бір облыс ұлы бабамыздың есімімен аталады, одан қалды аудан, елдімекендер, мәдени ошақтар бар.
Мұның бәрін талдап жатқанымыз, ұлттық өзімшілдікті ояту емес, өз тілімізді шұбарламай, кемсітпей, көкірегі ояу, саналы азаматтарға ой салу. Тағдырдың талай тауқыметін тартсадағы қазақ халқы тіл тұтастығы мен тұнықтығын сақтай білген. Оны қастерлеп келесі ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз. Кемеңгер жазушы Ғабит Мүсірепов «Сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік белгісі – ана тілі, оны өгей ұлдары менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деген екен.
Олай болса, ана тілімізді құрметтейік, ұлы тұлғаларымыздың есімін шұбарламай, асыл мұраларын жас ұрпаққа өнегелейік.
Бағдат Шойбасов