Қарасай ауданының «USHQONYR» спорт кешенінде ересектер арасында республикалық таэквондо чемпионаты (WT) өтіп жатыр. Сайысқа 18 және одан жоғары жас аралығындағы спортшылар қатысуда. Әрқайсысының түрлі деңгейдегі белбеулері бар. Жалпы республикалық чемпионатқа 17 облыс пен ірі мегаполистерден (Астана, Алматы және Шымкент қалалары) барлығы 250-ден аса спортшы келді. Олар 16 салмақ категориясында (8 ерлер мен 8 әйелдер) бақ сынасады. Ал, жеңімпаздар алдағы жылы өтетін халықаралық жарыстарға жолдама алады.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, Қазақстан таэквондошылары бұған дейін де ірі жарыстарда ел атын танытып жүр. Алдағы уақытта да дәл осы қарқында шеберліктерін көрсететініне сенеді. Сондай-ақ, байрақты бәсекеге жолдама алатын қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.
«Елімізде таэквондо спорты (WT) ересек спортшылар арасында да, балалар арасында да танымал. Сайысқа еліміздің барлық өңірінен 250-ден аса спортшы қатысып жатыр. Әрқайсысы жеңіске лайықты. Бүгін республикалық деңгейді бағындырса, ел атынан қатысу мүмкіндігін алады. Ал, бұл таэквондоны дамыту жолында маңызды бетбұрыс болмақ. Жарысқа төрелік етуге Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолия өкілдері келді. Яғни, бұл жолғы чемпионат ерекшелігі де осы. Көрермендердің сеніміне де селкеу түспейді. Осы жылдың қыркүйек айында Астанада халықаралық федерация мамандарымен бірлескен семинар өтті. Жиында қазақстандық төрешілердің біліктілігін арттыру және халықаралық жарыстарда біздің төрешілеріміздің санын көбейту бойынша келіссөздер жүргіздік. Кез келген деңгейдегі жарысты әділ өткізу, әрбір спортшының толыққанды дайындығы үшін барлық қажеттіліктерді қамтамасыз ету – біздің міндетіміз», – дейді Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Құдрат Шамиев.
Жарыс «керуги» форматында ұйымдастырылды. Бұл таэквондоның басқа түрлеріне қарағанда ерекше. Онда тек физикалық дайындық қана емес, психологиялық төзімділік те маңызды рөл атқарады. Сондықтан әр спортшы өз шеберлігін барынша көрсете алуы тиіс. Жарыстың мақсаты – Қазақстан Ұлттық құрамасына ерлер мен әйелдер және жастар арасынан кіл мықтыны іріктеу.
«Таэквондо тарихына назар аударатын болсақ, бұл спорт даму жолы арқылы біздің мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Спортшыларға алдымен өзін-өзі тәрбиелеу тәртібін, қарсыласқа деген құрметті үйретеді. Бүгінде Қазақстан таэквондо федерациясына 20 өңірлік федерация кіреді. Жыл сайын елімізде 100-ге жуық аймақтық, ұлттық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өтеді. Ал, таэквондомен Қазақстанда 200 мыңнан аса адам айналысады. Олардың 116 мыңы – жас спортшылар. Сондай-ақ, халық саны 500 мыңнан асатын елдімекендерде 8-ден 30-ға дейін таэквондо бойынша түрлі секциялар жұмыс істейді», – деп атап өтті Қазақстан таэквондо федерациясының бас хатшысы Айзат Қарашашев.
Жылдамдық, серпін, соққы лездігі бұл спорт түрі үшін аса маңызды. Өз бағытына ұқсас жарыстар түрлерінен ерекшелігі – әр спортшының киімі электронды датчиктермен жабдықталады. Сондықтан соққылар автоматты түрде есептеледі. Бұл өте ыңғайлы жүйе. Ол жеңімпазды объективті анықтауға мүмкіндік береді.
Қаблан Бейбарыс Қарасай ауданының таеквондо секциясына 13 жыл бұрын келген. Жаттықтырушылары бірден бала бойындағы жоғары әлеуетті байқайды. Қатарластарынан еңбекқорлығы мен қиындықты еңсеруге деген ынтасымен ерекшеленгенін айтады.
«Жасым 19 -да, оның 13 жылын таэквондоға арнадым. Биыл Индонезияның Тангеранг қаласында өткен ашық Азия чемпионатында G-2 турнирінің жеңімпазы атандым. Жылдар бойы жаттығудың нәтижесінде өзімнің жекпе-жек тәсілімді қалыптастырдым. Қандай жағдай болмасын мойымауды, қайта тұрып әрекет етуді үйреткен жаттықтырушым Жалғаc Орынбасарұлына алғысым шексіз. Алдағы уақытта Олимпиада ойындарында жеңіске жетсем деген арманым бар», – дейді спорт шебері Қаблан Бейбарыс.
Қабланмен бірге Алматы облысын 14 спортшы таныстырады. Олардың арасында республикалық және халықаралық деңгейдегі беделді жарыстардың жүлдегерлері Сүндетбай Бексұлтан, Сүндетбай Айдана, Хасанов Бауыржан, Абдіқадыр Аружан, Қалжанова Аружан бар.
Өз салмақ санаттарында алғашқы жеңімпаздар белгілі болды. Ерлер арасында: Тамирлан Тлеулес (Алматы қ.), Бекасыл Ергеш (Жамбыл облысы), Батырхан Төлеуғали (ШҚО). Әйелдер арасында чемпион атанғандар: Айдана Кумартаева (Алматы қ.), Айша Әділбекқызы (Астана қ.), Назым Махмутова (Түркістан облысы).
22 қарашада ересектер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионаты өз мәресіне жетеді. Келесі кезекте кадеттер арасында Қазақстан чемпионаты басталады. 12-14 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар 20 салмақ дәрежесінде (10 ұлдар, 10 қыздар) сайысқа түседі. Чемпионатқа бұл жас категориясында 600-ден аса спортшы қатысады.