Балқаш ауданына Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Алматы облысы бойынша өкілі Эльбрус Сұлтанқұлов пен облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Қайрат Пилалов арнайы іссапармен келді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында жиын өткізіп, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Жиынға аудандық прокуратура, полиция бөлімі және нотариус қызметкерлері мен мекеме-ұйым басшылары қатысты. Басқосуды жүргізген аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Азамат Алтынбаев Балқаш өңіріне арнайы атбасын бұрған құрметті қонақтарға сөз берді.
Алғашқы сөз кезегін алған Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Алматы облысы бойынша өкілі Эльбрус Сұлтанқұлов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқығын қорғау мәселесіне ерекше мән беретінін айтып, осы орайда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жиынға дейін аудан орталығындағы Бақанас аграрлы-индустриалдық колледжінде болып, студенттердің жағдайын сұрап, олармен ашық пікір алмасқанын айтты. Сонымен қатар мемлекетімізде адам құқықтары жөнінде қабылданған жаңа заңдардың қолданысқа енгізілгені және мемлекеттік қызметкерлердің әдебі жайында сөз қозғады.
Келесі кезекте сөз сөйлеген облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Қайрат Асанұлы күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша баяндама жасап, қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Дүниеде адамнан асқан құндылық жоқ» деген халық аузында кеңінен тараған тәмсіл бар. Сол себепті де ел дамуының ең маңызды құжатына айналған Ата Заңымыздың алғашқы екі бөлімі халықаралық құқықтық шарттарға сай адам құқықтарын қорғауға негізделген. Ал адам құқығы мен бостандығын, мүддесін қорғау – мемлекеттік саясаттың басты бағытының бірі саналады.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ,
Балқаш ауданы