Қарасай ауданы Шамалған ауылдық Мәдениет үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен бастау алған «Бірлігіміз – әралуандықта» атты жобаның «Өнерім саған – Қазақстан!» атты республикалық фестивалі өз мәресіне жетті. Аталған мәдени шараның жоғары деңгейде өтуіне облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы қоғамдық келісім және даму орталығы атсалысты.
Байқауға Алматы, Жетісу және Түркістан облыстары мен Алматы қаласынан келген 16 мен 45 жас аралығындағы 20-дан аса этнос өкілі қатысты. Ән айту, би билеу және қазақтың ұлттық саз аспаптарында шығарма орындау номинациялары бойынша жарысқа түскен өнерпаздар үлкен дайындықпен келгені байқалды. Үміткерлер ең алдымен өздері алдын-ала дайындап әкелген бейнежазбаларын ұсынды. Осы сынақтан сүрінбей өткен таңдаулы 12 өнерпаз гала-концертте өз өнерлерін жұртшылық назарына ұсынды.
Аталған шарада Қарасай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Дүйсенова мен қоғамдық келісім мен даму орталығының басшысы Елбосын Абай сөз сөйлеп, еліміздегі ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімді сақтауда Қазақстан халқы ассамблеясының атқарып жатқан игі істеріне тоқталды. Сондай-ақ тіл жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Асылы Османның сөздері де ешкімді бейжай қалдырмады.
– Тағдыр мені даладай дархан қазақ халқымен мәңгілікке табыстырды, – деді Асылы Әлиқызы салтанатты шарада. – Ал оның тілі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы аса бағалы асылыма айналған. Сталиндік репрессия кезінде тауқымет тартқан халықтардың барлығын бауырына басып, аман қалуына септігін тигізген – қазақ халқы болатын. Сондықтан мен үшін ана тіліне айналған қазақ тілін қастерлеу, оның жарқын болашағы үшін күресу – азаматтық борышым болып қала бермек.
Қазылар алқасының қатарында Асылы Османнан өзге атақты күйші, республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы, облыстық Сүйінбай атындағы филармонияға қарасты «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Абылайхан Ысқақов, Қазақстанның мәдениет қайраткері Кенжекей Ақжолова, мәдениет саласының үздігі, «Алтынай» ұлттық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Бекзат Ағияр, облыстық қоғамдық келісім және даму орталығы этномәдени бірлестіктердің жұмысын үйлестіру бөлімінің меңгерушісі Жансұлу Башеновалар болды.
Гала-концертте алдымен Ұйғыр ауданынан келген Шахинам Құрбанова сахнаға шығып, қазақ әнін әуелете шырқады. Нұршат Ашимахунов пен Дильназ Асымжановалар мың бұрала биледі. Қазақтың ұлттық өнерін ұлықтаған өзге де өнерпаздар көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлады.
Байқау қорытындысы бойынша, «Вокал» номинациясында үшінші орын Түркістан облысынан келген Дильноз Тажиметова мен жетісулық Маргарита Асановаға бұйырды. Екінші орынды Ұйғыр ауданының өнерпазы Шахинам Құрбанова мен ілелік Дильшат Юсупов еншіледі. Ал бірінші жүлдені түркістандық Мұратжан Атажанов пен жетісулық Яна Адамова қанжығасына байлады.
«Қазақтың ұлттық аспаптарында ойнау» номинациясы бойынша үшінші орынды Жамбыл ауданының өкілі Виктория Бачурина мен Ислам Агмат иеленсе, екінші және бірінші орындарды жетісулық Анастасия мен ілелік Дильбаргүл Талипова, қарасайлық Тимур Ким жеңіп алды. «Би» номинациясында жүлделі орындар жетісулық «Өрнек» би ансамбліне, Ұйғыр ауданының өнерпаздары Нұршат Ашимахунов пен Дильназ Асымжановаға бұйырды. Жеңіпаздарға арнайы дипломдар және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Ал өнер додасының бас жүлдесіне Құрманғазының күйлерін қобыз бен домбырада күмбірлетіп, үздік өнер көрсеткен Қарасай ауданының өнерпазы Сабира Гусейнова лайық деп танылды. Бұл байқау ұлттық өнерімізді насихаттаумен қатар елімізді мекендейтін ұлыстардың татулығы мен бірлігіне оң әсерін тигізгені анық.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы