АҚШ-тағы Президент сайлауындағы Трамптың жеңісіне Мәскеудің де, Киевтің де, тіпті кейбір еуропалық елдердің де онша қуана қоймағаны аңғарылды. Украина ақпарат агенттіктері жүргізген сауалнама қорытындысына қарасақ, республикашыл Донның жеңісіне киевтіктердің сенімсіздікпен қарайтыны байқалды. Өзінің сайлауалды үндеулерінде уәде еткеніндей, Трамптың қысқа мерзім ішінде Украина мен Ресей қақтығысын тоқтата алатынына күмән келтіреді. Жоғарғы Рададағылар су жаңа америкалық көсемді Украина Қарулы күштеріне қолдау жасауды жалғастыру үшін біраз тер төгуге тура келе ме деп алаңдаулы. Ал еуропалық дипломаттар болса, ендігі жерде Украина «үлкен бәлеге жолықты» деп санайды. Кремльге келсек, ондағылар Ресейдің «өз күн тәртібі бар» деп мәлімдеді, дегенмен диалогқа дайын екендіктерін білдіріп отыр. Осыған орай бірде есірік, бірде сарабдал саясаткер сияқтанып көрінетін, сайланғанымен, әлі таққа отырып үлгермеген Трамптың жеңісіне орай ұстаным-көзқарастарын білдіріп жатқан бірқатар елдегі ахуалға назар салып көрсек деп отырмыз.
Ең алдымен, Ресейді алайық. «Знание. Первые» ағартушылық марафонында «Білесіздер ме, шынымды айтсам, Трамптың жеңісіне ешқандай реніш-қуанышым жоқ. Біздің өз күн тәртібіміз бар. Бүгін біз «Чукотка» мұзжарғышын суға түсірдік. Бұл біз үшін маңыздырақ. Міне, осыған мен керемет қуанып тұрмын», – деген Кремль өкілі Д.Песков Ресей үшін Құрама Штаттардағы сайлауда Дональд Трамптың жеңісі туралы ақпараттан «Чукотка» атты жаңа мұзжарғыш кеменің суға сәтті түсірілгені туралы жаңалық әлдеқайда маңыздырақ деп мәлімдеді. Ол осы мәлімдемесіне іс басындағы Президент Джо Байденнің Трампты ұлықтау салтанатына (2025 жылдың 20 қаңтары) дейін орнында қалатынын әрі мұның уақыт көлемі жағынан әжептәуір мерзім екендігін қосты. Расында да, Ресей Президенті В.Путин республикашыл әріптесін Мемлекет басшысы болып сайлануымен ресми түрде құттықтамады. Д.Песков мұны әңгіме Ресейге қарсы: «Дос емес ел турасында болып отыр, сондықтан америкалық сайлау жеңімпазының атына құттықтау жолдау Путиннің жоспарында болмаған», – деп түсіндірді. Дей тұрғанмен, Д.Песков егер Трамп әкімшілігі Украин қақтығысын реттеуге арналған қажетті әрекеттер жасайтын болса, онда Ресей мен АҚШ арасындағы тікелей диалогтың жаңғыртылу мүмкіндігі барын да ескертіп өтті. Ол: «Біз ең күрделі мәселелерді талқылауға арналған диалогқа ашықпыз. Сондықтан уақыт көрсетеді», – деді. Ал Ресей Сыртқы істер министрлігі өз кезегінде Ресейдің АҚШ-тың жаңа әкімшілігімен арнайы әскери операцияның ұлттық мүддесі мен мақсаттары тұрғысынан келе отырып жұмыс істейтінін мәлімдеді. Дипломатиялық ведомствоның таратқан хабарламасында: «Ресейде жақсы танымал америкалық сайланған Президентке де, Конгресстің жаңа құрамына да қатысты жаңсақ ойымыз жоқ. Өйткені алдын ала алынған мәліметтерге қарағанда, Конгрессте республикашылдар басымдыққа ие болмақ. АҚШ-ты басқарып отырған саяси элита, оның қай партияға қатысты болғанына қарамастан, антиресейлік қағидалар мен «Мәскеуді тежеу» бағытын ұстанады», – делінген.
Енді әлем назар тіккен бұл уақиғаның басты фигуранттарының бірі Украинаға келейік. Украина Президенті В.Зеленский Трампты бірден дерлік құттықтағаны барлық жерде айтылды. Өйткені оның әрбір әрекеті қазіргі таңда әлем жұртшылығының назарында. Ал Жоғарғы Раданың вице-спикері Александр Корниенко: «Біз сайланған Президент Трамптан бастап, соңы Конгресс пен Сенат болып олардың біздің қайта сайлануымызға барынша жәрдемдескендерін қатты қалаймыз», – дей келіп, бұл жеңімпаз республикашылдың Украина қақтығысын аяқтауға және кезекті Парламент сайлауын өткізуге көмектесетініне үмітті екенін білдірді. Алайда Жоғарғы Раданың сыртқы саясат мәселелері жөніндегі комитетінің басшысы Александр Мережко Трамптың Украинаны қолдауын жалғастыра беруіне көндіру үшін талай күш жұмсауға тура келетініне сенімді. Оның пікірінше, Трамптың Президенттігі Украина үшін жаман болмауға тиіс. Әйтсе де, «АҚШ-тың жаңа көшбасшысы келгендегі жағдай Киевке Джо Байденнің кезіндегідей жеңіл бола қоймас» деп мойындады Рада депутаты. Украинаның басқа саясаткерлерінің де болжамдары анау айтқандай сенімді болмай тұр. Рада депутаты Алексей Гончаренко «Мына сайлаудан кейін В.Зеленскийдің «Жеңіс жоспары» мүмкіндігінен түбегейлі айырылды» деген сенімде. Оның пікіріне қарағанда, Трамптың Ақ үйге келуімен әлемдік тәртіп ережелерге емес, келісімдерге негізделетін болады. Ал Батыстың Украина Қарулы күштерінің жеңісіне мүдделілігін сақтап қалу үшін украиналық саясакерлер «24/7 сағат жұмыс істеуге тиіс». «Financial Times»-тің Украинаның қорғаныс ведомствосындағы дереккөзі «Трамп билікке келгеннен кейін украин армиясы Донбастың бүкіл аумағына жүргізіп отырған бақылауынан айырылады» деген алаңдаушылығын айтып кетті. Ол: «Украина Қарулы күштері АҚШ көмегі тоқтап, біз Донбастан айырылып қаламыз деп қауіптеніп отыр», – деп атап көрсетті. Парламенттік «Слуга народа» фракциясының көшбасшысы Давид Арахимия «Енді проблема көбейеді, бірақ америкалық Президенттің алмасуымен бірге жаңа динамиканың көзделіп отырғаны айқын» деген болжам айтты. Еуроинтеграция мәселелері жөніндегі украиналық вице-премьер Ольга Стефанишина болса, Трамптың украиналықтардың пайдасына «көбірек саяси импульстар» ұйымдастыруға шамасы келетініне сенімділік танытып отыр.
«Financial Times»-тің жазуына қарағанда, еуропалық дипломаттар Трамптың шешуші штаттарда ие болған басымдығынан «шок алып қалыпты». Олар сайланған Президент өзінің «America first» («Бәрінен бұрын Америка») бағдарламасын батылырақ ілгерілетеді, сәйкесінше, енді Украинаға «үлкен қатер төнеді» деп болжауда. Еуроодақтың сыртқы саясат қызметінің өкілі Петер Стано еуропалықтар Украинаны қолдауын жалғастыра береді деп мәлімдеді. Ол АҚШ-тың жаңа Президенті лауазымына тек 2025 жылы ғана кіріседі, ал оған дейін Еуропадағы Киевті қолдау бағдарламасы өзгермейтінін еске салды. Осы жерінде оның уәжі Ресей басшысының сырт көзге бейғам көрініп отырған ұстанымымен үндес екенін аңғару қиын емес. Алайда «Біз талай рет айтқанбыз, біздің Украинаны қолдауды жалғастыру ниетіміз бір және мойнымызда міндеттемеміз бар» деген тұжырымы Мәскеудің позициясынан алшақтатып тұр. Басқаша айтқанда, екеуі де Ақ үйдің басшысы ауысқанға дейін «онша-мұнша шаруамызды бітіріп үлгереміз» деген сенімде екендіктері айқын. Теке-тірестің соңы қантөгіссіз бітсе деп тілейміз ғой.
Ал Франция Президенті Эммануэль Макрон аймақтас елдерді Трамп билікке келгеннен кейінгі басатын қадамдарын өзара үйлестіруге үндеді. Макрон: «Трамптың жеңісінен кейін Еуроодақ елдерінің «әркім өзі үшін» қағидасына ерік беріп кетуіне жол беруге болмайды. Бізге Құрама Штаттармен жасалар қарым-қатынастарда үйлестірілген еуропалық стратегия қажет», – деп жазды. Талдап, тізбелеп келе жатқан саясаткерлердің ішінде біреуі сергек ой білдірді-ау деп қоямыз. Француз басшысы Париж бен Берлиннің анағұрлым біртұтас, қуатты және тәуелсіз Еуропа құру жолында жұмыс істейтіні жөнінде ГФР канцлері Олаф Шольцпен телефон арқылы сөйлесіп үлгергенін қоса айтып өтті. Өзінің жазбасын: «Бұл соны контексте біз өзіміздің мүдделеріміз бен құндылықтарымызды қорғай және АҚШ-пен ынтымақтаса отырып, анағұрлым біртұтас, қуатты және тәуелсіз Еуропа үшін жұмыс істейтін боламыз», – деп қорытты. Бірақ содан кейін Трампқа қоңырау шалып, оны жеңісімен құттықтап, одан Еуропа одағымен санасуды өтінді. Саясаткерлер Украина мәселесі жөнінде әңгімелесіп, Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады. Әуелде «сергек пайым» деп қуанып қалсақ та, «кім-кімге дөңайбат көрсетті» деп иек қасып қалдық. Саясат дегеннің ұстараның жүзіндей қылпылдап тұратынына сөз жоқ.
Швецияның Премьер-Министрі Ульф Кристерссон да республикашылдың жеңісінің аясында Украина Қарулы күштеріне ары қарай да көрсетілер көмек көлемінің қысқару қаупін аңғарыпты. Кристерссон: «АҚШ Украинаға ауқымды әскери көмек көрсетуде. Біз мұны бағалаймыз, біз бұл үшін ризамыз және мұны әлдебір болуға тиісті нәрсе ретінде қабылдамаймыз», – деді. Швед Премьері өзінің сөзін «Еуропа әртүрлі сценарийлерге ұзақ дайындалған болатын, сондықтан оқиғаның мұндай бағытта өрбуіне де дайын болады» деп қорытындылады. Шыны керек, шымшық сияқты шошаңдаған оның пікірінен салмақты ештеңе ұстай алмадық.
Ал енді жаһан болып назар тігіп, талқылап жатқан осы жайтқа Азия мен Таяу Шығыс көшбасшылары не деген, соған мойын бұралық. Сайланған Президент Трамптың өзінің нұсқасы бойынша АҚШ-тың басты қарсыластарының бірі Қытай қайтті екен десеңіз, Пекин де саясаткерді жеңісімен құттықтапты. Сайланған жағдайда Ресей мен ҚХР-дың арасын «ажыратамын» деп доқ көрсеткеніне қарамастан, Қытай Сыртқы істер министрлігі «Америка халқының таңдауын құрметтейміз» деп мәлімдеді. Сөйтіп, Пекин өздеріне тән сабырлылық танытыпты. Қалғанын уақыт еншісіне қалдырған сыңайлы.
Таяу Шығысқа келсек, Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяху Трампты «тарихи оралысымен» алғашқылардың бірі болып құттықтады. Сонымен қатар онымен «Иран қатері» мен Израильдің қауіпсіздігін талқылады.
Қорыта келгенде, әлемдік саясаттың тізгінін ұстап отырған Мемлекет басшысының ауысуы әлем елдерінің барлығын алаңдатып отырғаны даусыз. «Жаңа сыпырғыш жаңаша сыпырады» дегендей, бұған дейін осы тақта бір отырып көрінген атақты банкирдің қайыра айналып соққанда бұған дейін «Қап!» деп кеткен кейбір, өзге ешкім саралап үлгермеген бір ойларына кірісіп кетуі ғажап емес қой. Қалай десек те, әліптің артын баққан ұтыла қоймасы анық.
Бейбіт МЕКЕЕВ