Қарасай ауданындағы «USHQONYR» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының ересектер мен кадеттер арасындағы таеквондо (WT) чемпионаты өтті. Чемпионатта 18 және одан жоғары жастағы 250-ден астам спортшы бақ сынасты. Олар 16 салмақ категориясында (8 ерлер арасында, 8 әйелдер арасында) жүлдеге таласты. Жарыс нәтижесінде ұлттық құрама жасақталды. Ал, құрам келер жылы Қытайда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.
Таеквондо —жауынгерлік өнер. Спорт түрі арқылы қолмен және аяқпен өз-өзін қорғау тәсілдері үйретіледі. Әр жекпе-жек үш раундтан тұрады, ал әр кезең ұзақтығы екі минут. Бұл уақыт аралығында қарсыласын соққы санымен басып озған спортшы ұтады. Жеңімпаз ұпай санымен анықталады.
«Жылдамдық пен дәлдікті жаттығулар арқылы дамытамыз. Әрбір спортшыға жарыс тәжірибесі қажет. Себебі, ең қиын жаттығудың өзі жарыс алаңын бейнелей алмайды. Шынығу кезіндегі жай-күй қолайлы болса, сайыс уақытында спортшылар күш-қуатын барынша салады. Бәсекелестік алаңында кімнің болса да кенже қалғысы келмейтіні сөзсіз», — деп атап өтті Алматы облысының таеквондо спортынан аға жаттықтырушысы Жалғас Орынбасарұлы.
Ересектер арасындағы республикалық чемпионаттың нәтижесі бойынша бірінші орынды Алматы қаласының командасы иеленді. Олар үш алтын, бес күміс және алты қоланы қанжығасына байлады. Екінші орын Шымкент қаласының таеквондошыларына бұйырды: үш алтын, бір күміс және екі қола медаль. Ал, үшінші орынға Атырау облысының командасы жайғасты: екі алтын, бір күміс және бес қола медаль. Алматы облысының командасы бесінші орында тұрақтады. Қоржында 1 алтын (иегер- Бауыржан Хасенов), 1 күміс және 3 қола медаль бар.
«Күнделікті жаттығу мен жаттықтырушының қатаң тәртібін сақтау, табандылық және еңбек — осының бәрі жеңіске жетудің кілті. Спорт түрінде ұту үшін тек физикалық дайындық аздық етеді. Оңды-солды соққының берер пайдасы шамалы. Сондықтан сыни ойлай отырып, ұтымды соққы қалыптасыру маңызды. Яғни, бұл спорттың ең күшті қаруы — спортшының өзі, оның дене қимылын меңгеруі, техникалық білім мен тактикалық дағдыларын көрсете алуы», — деді Алматы облысының спорт шебері Бауыржан Хасенов.
Ерлер арасында алтын медаль иеленгендер: 54 кг дейін — Бегзод Қадырқұлов (Шымкент қаласы), 58 кг дейін — Тамирлан Тлеулес (Алматы қаласы), 63 кг дейін — Самирхон Абабакиров (Шымкент қаласы), 68 кг дейін — Дамир Шуленов (Алматы қаласы), 74 кг дейін — Бекасыл Ергеш (Жамбыл облысы), 80 кг дейін — Батырхан Төлегали (ШҚО), 87 кг дейін — Нұрлан Мырзабаев (Түркістан облысы).
Әйелдер арасында алтын алған спортшылар: 46 кг дейін — Айдана Қмартаева (Алматы қаласы), 49 кг дейін — Нодира Ахмедова (Шымкент қаласы), 53 кг дейін — Азиза Қаражанова (Жамбыл облысы), 57 кг дейін — Мария Севостьянова (Атырау облысы), 62 кг дейін — Айша Әділбекқызы (Астана қаласы), 67 кг дейін — Нұрай Құсаинова (Атырау облысы), 73 кг дейін — Назым Махмутова (Түркістан облысы) және 73 кг жоғары — Меруерт Ткебаева (Ақтөбе облысы).
Кадеттер арасында таеквондо чемпионатында Алматы облысының спортшылары 6 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль жеңіп, командалық есепте бірінші орынға шықты. Жасөспірім ұлдар арасында чемпион атанғандар: Оңғар Еркін мен Нарзулла Амир. Жасөпрім қыздар арасында: Үтешова Аяулым, Аман Амира және Амангелді Нұрай үздік өнер көрсетті.
Командалық есепте екінші орын Қызылорда облысының спортшыларына бұйырды( 3 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль). Үздік үштікке Атырау облысының командасы енді (3 алтын, 2 күміс және 1 қола) жеңіп алды.
Кадеттер арасында 500-ден астам спортшы қатысып, 12-14 жастағы жасөспірімдер 20 салмақ санатында (10 ұлдар мен 10 қыздар) жарысқа түсті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер өздерінің спорттық деңгейін шыңдап, Қазақстан жастар құрамасына қосылды.