Өткен демалыс күндері Қонаевта алғаш рет волейболдан қала әкімінің кубогі сынға түсті. Әуесқой ересектер арасында өткен жарысқа еліміздің түрлі өңірінен 12 команда қатысты.
Спортшыларды шараның ашылуымен әкімнің орынбасары Төлеген Кенжебеков құттықтады.
«Қонаев қаласы облыс орталығы статусын алғалы тұңғыш рет әкім кубогі өтіп отыр. Алдағы уақытта да түрлі шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Сондай-ақ қаламызда бірқатар спорт нысаны бой көтереді деп көзделуде. Келген қадамдарыңызға нұр жаусын! Баршаларыңызға сәттілік тілеймін!» – деді ол.
Ашық турнирдің алғашқы күні топтық кезең ойнатылып, жартылай финалға «Жаркент-Талды», «Жетісу облысы», «Шымкент», «Ширин» командалары шықты. Командалар ішінен Шымкент спортшылары кіл мықты екенін дәлелдеп, 1-орынды иеленді. 2-орынды Ұйғыр ауданынан келген жігіттер жеңіп алды, ал 3-орынға жетісулық команда табан тіреді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар спортшылар жекелеген «Үздік ойыншы», «Үздік үйлестіруші», «Үздік тосқауылшы», «Үздік шабуылдаушы» номинацияларымен марапатталды.