Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Тасашы, Ақтасты ауылдарының тұрғындары алдында есеп берді. Онда өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысымен таныстырып, биыл атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Кездесуді Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмасбек Нұғыман жүргізіп отырды.
Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев өткен кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігінің шешімін тапқанын тілге тиек етті.
– Бүгінгі таңда 11 елдімекенде ауызсу мәселесін шешу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұның ішінде 6 елдімекен, яғни, Жаңа Тасашы, Кеген, Түменбай, Шыбышы, Жылысай, Мойнақ ауылдарында ауызсу жүйесінің құрылысын салу және қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Оның екеуі бойынша мемлекеттік сараптама шыққан. Жаңа Тасашы және Түменбай ауылдары үшін облыстық басқармаға бюджеттік өтінім берілді және биыл 5 елдімекенге, Жалағаш, Тоғызбұлақ, Жалаулы, Сарыкөл, Ұзынбұлақ ауылдарына ауызсу жүйесінің құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттарын жасауға 105,2 млн теңге бөлініп, зерттеу жұмысы басталды, – деген Нұрбақыт Теңізбаев құрылыс, жерді тиімді пайдалану, ирригациялық жүйелер, жұмыспен қамту, шағын несие беру, денсаулық сақтау, білім беру сияқты барлық сала бойынша толыққанды мәлімет берді.
Тұрғындар да өз өтініш-тілектерін ортаға салды. Ауыл тұрғыны Күләш Алпысбаева ескі Тасашы ауылындағы электр бағаналарында жарық шамдарының жанбайтынын айтып, қосымша бір көшеге асфальт жолы салынса деген өтінішін жеткізді. Өзге тұрғындар жер телімдерін беру, ауызсу мәселесін алға тартып, Сарыкөл елдімекенінде жолдың нашарлығын, интернеттің жоқтығын сөз етті.
Кездесуден соң аудан әкімі жеке қабылдау өткізді. Онда ауыл тұрғыны Игілік Әбдірасыл жаз маусымында бал арасын ұстау үшін қолайлы жер тауып беру және жер құжаттарын рәсімдеу мәселесін көтерді. Нұрбақыт Молдахметұлы жеке қабылдауға келген тұрғындардың өтініштері ескерусіз қалмайтынын айтып, ол бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Ары қарай есептік кездесу Ақтасты ауылындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев тұрғындар тарапынан 17 мәселе көтерілгенін, оның 4-еуі орындалып, 13-і орындалу үстінде екенін жеткізді. Былтыр әр сала бойынша халықты толғандырған 193 мәселенің картасы дайындалып, сол бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын да алға тартты. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 212 жобаның құжаты «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолданғанын, бүгінге дейін 152 кәсіпкер 1 млрд 256 млн теңге көлемінде несие алып, 25 жобаға оң қорытынды шыққанын, 35 жоба облыстық комиссия қарауында жатқанын айтты. Бұдан әрі жиын сұрақ-жауапқа ұласып, тұрғындар өздерін мазалап жүрген мәселелерді ортаға салды. Атап айтар болсақ, онда Ақтасты елдімекенінде ауызсу, жер жайы көтерілді. Барлық сұраққа жауап берген Нұрбақыт Молдахметұлы бұл мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін және тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Аудан әкімі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Қасымхан Дастанның балаларды қазақша күрестен дайындау үшін қосымша штат бірлігіне қатысты өтінішін назарға алды. Ауыл тұрғыны Әбіжай Айдос ауызсу мәселесін көтеріп, өз жобасын таныстырды. Аудан әкімі орынбасарына аталған мәселені бақылауға алып, заң шеңберінде шешуді тапсырды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы