Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессия отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев, ардагерлер ұйымының, қоғамдық кеңестің төрағалары, құқық қорғау органдарының, департаменттер мен басқарма басшылары, Қонаев пен Алатау қалаларының, аудандардың әкімдері, мәслихат төрағалары қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев жүргізді.
Сессияның күн тәртібінде бірқатар мәселе қаралды. Соның негізгісі – облыстық мәслихаттың 2023 жылдың 19 желтоқсандағы «Алматы облысының 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» № 12-62 шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу мен басқа да бірқатар әлеуметтік жобаларды қайта қаржыландыру бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз баяндама жасады. Ол алдымен облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу себептеріне тоқталды. Оның сөзінше, облыстық бюджет шығыстары ұлғайған.
– Алматы агломерациясын дамыту бойынша көлденең қаржыландыру аясында 2024 жылғы 19 қарашада ҚР Үкіметінің «Алматы қаласының бюджетінен Алматы облысының бюджетіне қаражат аудару туралы» №968 қаулысы қабылданды. Осыған орай, Алматы қаласы бюджетінен бөлінетін трансферттер есебінен «Алматы – Байсерке – Талғар» магистральды газ құбырының 2-желісін салу үшін 95 жер учаскесін сатып алуға 883,1 млн теңге қаражат бөлінетін болады. Оның ішінде Іле ауданында 24 жер учаскесіне 438,3 млн теңге, Қарасай ауданында 71 жер учаскесіне 444,8 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мақсатында сенім білдірілген өкіл ӘКК «Қонаев» АҚ қызметіне ақы төлеуге 197,1 млн теңгені меншікті кірістер көлемін ұлғайту есебінен бөлу жоспарлануда, – деді Асылан Ораз.
Келесі кезекте қаралған Алатау қаласының әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет және спорт ұйымдарының мамандарына лауазымдық жалақыларына ынталандыру үстемақыларын белгілеу туралы мәселе бойынша да облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораздың баяндамасы тыңдалды.
– Алатау елдімекеніне қала мәртебесін беру – осы өңірдің дамуына игі ықпал ететін маңызды қадам. Алайда ауылдық жерлерде жұмыс істегені үшін берілетін қосымша ақының жойылуы көптеген қызметкер кірісінің айтарлықтай төмендеуіне әкелуде. Осыған байланысты 25 пайыз мөлшерінде, яғни жойылған қосымша ақыға тең ынталандыру үстемақыларды енгізуді ұсынамыз. Қабылданған шаралар осы шығынның орнын толтыруға және қызметкерлердің жұмысқа деген ынтасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 30 қазанда өткен ведомствоаралық комиссия отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ынталандыру үстемақыларын белгілеу мәселесін жергілікті деңгейде шешуді ұсынды, – деді Асылан Саматұлы.
Сессия отырысы әрі қарай облыстық мәслихатының 2024 жылғы 29 наурызындағы №18-83 «Алматы облысындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебін ұйымдастыру және пайдалану арқылы жаппай балалар спорт түрлерін дамыту» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы баяндамамен жалғасты. Басқарма басшысы Асылан Ораздың сөзінше, облыстағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебін ұйымдастыру және пайдалану арқылы жаппай балалар спорт түрлерін дамыту жобасы бойынша төлемдер кестесі бекітілмек. Қосымшаға сәйкес, 2024 жылы жоба бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталмауына байланысты төлем кестесіндегі 2024 жылға қарастырылған операциялық шығындар 2025-2029 жылдарға қайта бөлінді. Сондай-ақ сессия отырысында өңіріміздің өркендеуіне үлес қосқан бірқатар еңбек адамы мен өнер қайраткерлеріне «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылданды. Олардың арасында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, елімізге белгілі суретші Жанұзақ Мүсәпір де бар.
Сессияны қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев халық пен жергілікті билік арасында тығыз байланыс орнатуда депутаттардың еңбегі орасан екенін, бірлескен жұмыстың нәтижесінде бірқатар өзекті мәселе шешімін тапқанын атап өтіп, мәслихаттың мақсаты халық игілігіне қызмет ету болғандықтан, алда әлі атқарылуға тиіс қыруар міндет тұрғанын айтты.
– Жергілікті атқарушы органдармен қатар халық қалаулылары да туындаған мәселелердің кезең-кезеңмен шешілетінін тұрғындарға жеткізе білуі тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс орталығы мәртебесіне ие болған Қонаев қаласы мен инвестиция тартудың орталығы ретінде жаңадан құрылған Алатау қаласын дамыту – бірінші кезектегі мәселе. Бұл бағытта барлық мәселені шешуге басымдық беріледі, – деді Рустам Маратұлы.
Аталған сессия отырысында көтерілген мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Ерзат АСЫЛ