Есепшінің жұмысы мұқияттылық пен дәлдікті талап етеді. Себебі оның қолында жай ғана сандар емес, үлкен мекемелердің қаржысы тұрады. Осынау жауапты салада адал қызмет атқарып, абыройға кенелген еңбеккерлер қатарында Іле ауданының Құрметті азаматы Арыс Омаров та бар.
Ағаның өнегелі өмір жолына назар салсақ, ол кісі 1950 жылы 9 мамырда Жамбыл ауданына қарасты Қастек ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Талғар ауылшаруашылық техникумын бітірген соң алғашқы еңбек жолын Күрті ауданынан бастайды. Жұмыс істей жүріп, Алматы халық шаруашылығы институтын сырттай оқып бітіреді. Білімі мен білігі одан сайын толыға түседі. Бұдан кейін Іле, Жамбыл, Қарасай және Талғардағы аудандық пошта байланыс торабында басшылық қызметтер атқарады.
Ол кісі осы лауазымда жұмыс істеген жылдары ұжымында өте сыйлы болды. Әр ісіне жауапкершілікпен қарады. Жергілікті басшылармен тіл табысып, үлкен істерді ұтымды ұйымдастыра білді. Соның нәтижесінде ол басқарған мекемелер облыс бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Іскер жанның еңбегі еленбей қалған жоқ. Облыс және аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын иеленді. 2022 жылы мәслихат шешімімен «Іле ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
– Кез келген жұмыстың өз қызығы мен қиыншылығы болады. Біздің мамандық ең бірінші адалдықты, мұқият болуды талап етеді. Қателікті кешірмейді. Жауапкершілік жүгі қашанда ауыр. Бүгінде өткен-кеткенді еске алсам, жақсы бір түс көргендеймін. Түрлі қиындықты бастан кешірдім. Ертеректе айлықты қолмен есептейтінбіз, қазіргі таңда оның бәрі арнайы бағдарлама көмегімен атқарылады, – дейді еңбек ардагері.
Арыс ағамен бірге істеген әріптестері ол кісіні білікті кадр, елін сүйген ер ретінде мақтанышпен айтады. Қырық жылдан астам қызметін адал атқарып, атақ-абыройға кенелгеніне, бірнеше буын жас маман тәрбиелеп, кейінгі шәкірттерінің өмірлік жол сілтеушісі, еңбектегі алғашқы ұстазы болғанына – олар куә. Қияндағы елдімекендермен байланыстың өзі әлі толық жолға қойылмаған қиын тұста, жұмыстың барлығы адам күшімен ғана жүзеге асатын шақта, басшының білікті болуы көп нәрсені аңғартса керек.
«Жүзеге асуы тиіс жұмысты соңына дейін жеткізбей тынбайтын ол күн-түн демей, барлық нысанның талапқа сай болуын өзі арнайы барып, қадағалап отыратын. Талапшыл, тура мінезді. Артық сөзге келмейтін, бірбеткей адам. Білгенін үйретуден жалықпайтын», – дейді бірге жұмыс істеген қызметкерлері. Бұл сөздердің өзі біраз нәрсені аңғартса керек.
Арыс Омаров – жұмыста білікті басшы, үйде өнегелі отағасы. Зайыбы Орынбасар Омаровамен 4 бала тәрбиелеп өсірді. Олар әр салада жемісті еңбек етіп, абырой арқалап жүр. Жоғары лауазымдағы адамның жауапкершілігі де зор болатынын ескерсек, сол үйдің бар жүгі әйелге артылатынын аңғару қиын емес. Осы орайда отанасы Орынбасар Омаровамен бірауыз тілдескен едік. «Біз 50 жылға жуық бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір кешіп келеміз. Жастық жалынмен көңіл жарастырып, отау құрғанымыз күні кеше ғана секілді еді. Тәубесінен таймаған жандармыз ғой, шүкір, қазір немере, шөбере көрген бақытты ата мен әже болдық», – дейді Орынбасар апа.
Сөз соңында айтарымыз, өз ісінің нағыз білгірі атанған Арыс Омаровтың өмір жолы – өнеге. Жас ұрпақ осындай азаматтарға қарап бой түзесе, келешегі де кемел болатыны анық.
Бағдат Шойбасов
Іле ауданы