Земскихтердің шаруа қожалығын «қиял мен еңбек аралы» деп атаса еш артықтығы жоқ шығар. Он гектар аумақта жеміс ағаштарын, әсіресе тәттілігі тіл үйіретін алмұрт өсіріп, әдемі үй тұрғызып, оны «жәннат бұрышына» айналдырған отбасының еңбегі мен қиялының нәтижесін көрген жанға ең алдымен осы ой келері сөзсіз.
Мұны Земскихтер отбасының өмір салты деуге әбден болады. Олар осыдан 23 жыл бұрын Есік қаласынан Талғарға көшіп келіп, осы қаланың жоғары жағындағы топырағы жеміс ағаштарын күтіп-баптау үшін аса құнарлы, табиғаты әсем «Мелиоратор» шағын- ауданының маңынан жер алып, шаруа қожалығын құрады. Үй бикесі Наталья Земскихтің айтуынша, бұл істі бастау оңай болмапты. Алғашқыда шаруа қожалығын құру ісін күйеуі Александр Андреевич қолға алып, қандай жеміс ағаштарын өсіруге болатынын айқындайды. Соған қарай жер сатып алады. Сөйтіп, күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп, оны әбден баптап, 7,4 гектар жерге ең тәтті әрі шырыны мол саналатын «Талғар сұлуы» алмұртының көшеттерін отырғызады. Қосымша тағы 1,7 гектар жер сатып алып, оған қарағай, шырша, туя сияқты қылқан жапырақты ағаштардың көшетін егеді. Алғашқы кезде мұның бәрі оңай соқпайды, өйткені жер тегіс емес, өңкей тас араласқан төбешіктер мен сай-салалар болғандықтан, біраз тер төгіп, қаржы жұмсап тегістеуге, бәрін өздері ойлағандай етіп реттеуге тура келеді.
Бастапқы жылдары көшеттерді отырғызу, олардың өсуі мен дамуы көп қиындық туғызады. Өйткені зиянды жәндіктердің әсерінен алмұрт көшетінің біразы ауруға шалдығады. Бірақ өз жұмысын жақсы білетін және бастаған ісін ешқашан жарты жолда тастамайтын еңбекқор Александр Андреевич тынымсыз еңбек етіп, жас бақты жиі дәрілеп, ұқыпты күтіп-баптауының арқасында аман сақтап қалады. Бұл істе оған мамандығы жерге орналастырушы және бақ өсіруде біраз тәжірибесі бар Олегтің көп көмегі тиеді. Ол тиянақты түрде көшеттерді дәрілеп, өңдеумен айналысады. Ал екі қызы – Елена мен Надежда бақты күтіп-баптаудың басқа да жұмыстарымен бірге, ата-анасына өндірілген өнімді өткізуде көп көмегін тигізеді. Осылайша өзара түсіністік пен ауызбіршіліктің арқасында міндеттерін жауапкершілікпен атқаратын отбасы шағын шаруа қожалығының жұмысын ойдағыдай жолға қойып, жақсы табыс тауып отыр.
Биылғы жыл да Земскихтердің отбасы үшін табысты болды. Бақтан тәбетіңді ашып, жеген сайын жегің келетін жасыл түсті «Талғар сұлуы» алмұртынан 30 тонна өнім алынып, Алматы жанындағы «Алтын орда» көтерме сауда базарында түгелдей сатылды. Оған қоса, жұртшылық қылқан жапырақты ағаштардың көшетін де көптеп сатып алуда. Шаруа қожалығы келесі жылы жер көлемін ұлғайтып, қосымша алма ағашын отырғызуды, ал алмұрт ағашының санын көбейтіп, одан алынатын өнімді жергілікті базарларда сатуды жоспарлап отыр.
Шаруа қожалығының иелері тұратын сәулетті үй де ағаштан тұрғызылған. Оның ішіндегі жиһаздарды да әдемі ағаш сұрыптарынан өздері жасаған. Үйдің жанында бірнеше қатар қарағай ағашы өсіп тұр, олардың иісі қарағай орманын еске түсіреді. Бұл жерге келген кез келген жан қаланың шулы өмірі мен күнделікті күйбең тіршілікті ұмытып, өзін жәннат бұрышына тап болғандай сезінетіні сөзсіз. Осылайша шағын ғана шаруа қожалығы бұл отбасы мүшелерін ортақ кәсіп, табыс арқылы бір мақсатқа біріктіріп, күнкөрістің негізгі көзін құрап отыр. Сондықтан да Земскихтер кәсіпке деген құштарлық пен адалдық, еңбексүйгіштік адамдарға мол табыс әкеліп қана қоймай, қуаныш пен бақыт сыйлайды деп есептейді. Лайым, адал еңбек етіп, табысты кәсіп иесі атанған жандар қатары жыл санап көбейе бергей!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы