«Малды жақсы баққаның – абырой, атақ тапқаның, малды жаман бақаның – келген бақты қаққаның» демей ме данагөй халқымыз. Малды кез келген адам баға алмайды.
Бұл – жанкешті, табанды, қиындыққа мойымайтын төзімді адамдардың ғана қолынан келетін шаруа. Бұл ретте малда тіл жоқ болғанымен, оның жайын көзімен көріп, көңіліне тоқитын сезімталдық та шопанның бойында болуы керек. Өзіңнің қары борап тұрған, қаңтардың қақаған қара суығында, жел өтінде мал бағып жүргеніңді бір сәт ой елегінен өткізіп көрші. Бұл көріністі өзім елестете де алмаймын. Шопандардың тіршілігімен танысу мақсатында мал шаруашылығымен айналысатын ақ қарлы Сарытау етегінде орын тепкен «Азамат» шаруа қожалығына атбасын тіредік. Мұнда тынымсыз еңбектің қайнаған қазанының үстінен түстік. Таудың өзіне тән ерекше табиғаты «Қыстың қара суығы тұр естіліп» деген өлең жолын есіме түсірді. Айналаға көз тастасаң, отар қойдың тау етегіндегі ойпаңда жайылып тұрғаны байқалады. Жылқылар қора маңындағы науадан тұз жалап, қаз-қатар тау ығына қарай тізбектеліп, өріп барады. Шаруасын қоя салып, бізге қарай аяңдаған шопан жылы жүзбен амандық-саулық сұрасқан соң, мән-жайға жайдарлы көңілмен жауап қатып, өзін «Азамат» шаруа қожалығының төрағасы Бәзілбай Нұрәділмін деп таныстырды. Мал шаруашылығымен әкесі Рақымбек зейнетке шыққанға дейін айналысқанын, одан соң шопан таяғын өз қолына алғанын жеткізді.
– Алғаш 50 қоймен кәсібімізді бастаған едік. Қазір 500 меринос қойына жеткіздік. Ендігі мақсатым – осы 500 қой, 70 бас жылқы, 30-ға жуық ірі қара малды қылышын сүйреткен қыстан аман-есен алып шығу, – деді қожалық иесі.
Әудем жерде жылқыларын қайырып жүрген шаруа қожалығының жылқышысы Мәди Рақымжан мен көмекші шопан Ақылбек Шуақбаев өз тірліктерімен айналысып жүргенін байқадық. Олар да осынау атакәсіптің қыр-сырын меңгеріп, мал бағуға төселген. Ерінбеген жандар ғана еңбегінің рахатын көрері анық. Дәл осы қожалық мүшелерінің жанкешті тірлігін көріп, қимылдаған жанның қыр асатынына көз жеткізіп қайттық.
Нұрболат ТАСТАНҚҰЛОВ
Кеген ауданы