Жамбыл ауданында «Айбынды ардагерлер» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Аталған жинақ ұзақ жыл ішкі істер саласында абыроймен қызмет еткен ардагерлер жайлы сыр шертеді. Олардың арасында міндетін атқару кезінде ерлік көрсетіп, қаза тапқан тәртіп сақшылары да бар.
Осы өңірдің тыныштығын күндіз-түні көз ілмей күзетіп, өмірлерін қауіп-қатерге тіккендердің еңбек жолы – кейінгілерге үлгі. Кітапта өткен ғасырдың басында Жамбыл ауданындағы полиция бөлімінің құрылу тарихынан бастап, бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы баяндалады. 1920-1930 жылдардағы алғашқы тәртіп сақшылары, қатардағы қызметкерден генерал шеніне дейін көтерілгендер, қылмыспен күресте ерекше көзге түскендер жайлы нақты деректер келтірілген. Сонымен қатар қазір зейнет жасында болса да, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, тәжірибесін жас полицейлермен бөлісіп жүрген азаматтар жайлы тартымды жазылған.
Кітап тұсаукесеріне генерал-майор Маратқали Нүкенов, генерал Болат Бұлғақпаев, аудан әкімі Нұрлан Ертас, аудандық сот төрағасы Данияр Қасенов қатысты. Олар полиция бөлімінің атқарып отырған жауапты ісіне тоқталып, сала ардагерлеріне алғыс білдірді.
Қызметін осы ауданнан бастап, генерал-майор шеніне дейін көтерілген, 1980 жылдары аудандық ішкі істер бөлімін басқарған Маратқали Нүкенов сол кезде борышын адал атқарған әріптестері туралы естелігімен бөлісті. Кітапты шығаруға бастамашы болғандардың бірі – отставкадағы майор, ауданның Құрметті азаматы, Үмбетәлі ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Серік Молдахметов, запастағы подполковник, «Құрмет» орденінің иегері Бақытжан Молдахметов, аталған кітаптың редакторы, запастағы капитан Әуелбек Мұсаханұлы, подполковник, аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Гүлсара Толымбековалар сөз алып, өткен күндерден сыр шертті.
Жиында осы ауданның ішкі істер бөлімінде қатардағы қызметкерден бастап полковник, генерал шеніне дейін көтеріліп, тәртіп сақтау мен қылмыспен күреске өлшеусіз үлес қосқан бір топ азаматқа құрмет көрсетілді. Олардың қатарында Бейбіт Келгенбаев, Сералы Үсенов, Ұларбек Рахманов сияқты сала ардагерлері бар. Кітапты жинақтап, баспаға дайындауға үлкен еңбек сіңірген Әуелбек Мұсаханұлы, Меруерт Әбішева, Аида Искаковаға да ардагер полицейлер шын жүректен алғыстарын жеткізді.
Шара соңын «Сүйінбай сазы» ансамблінің өнерпаздары рухты ән мен жырға ұластырды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы