Қоғамда ысырапшылдық ырық бермей тұр. Басқасын айтпағанда, жерлеу рәсімінде де аста-төк дастарқан жаюды әдетке айналдырдық. Қайтқан кісінің жақындары әуелі мейрамхана іздеп, көңіл айта келген жамағатқа тарататын жыртыс сатып алумен әлек болады. Сол үшін несие алып, қарызға белшесінен батып жатқандар қаншама?!
Осыған орай Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбековтің төрағалығымен жиын өтті. Онда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан ас беру мәдениетін қалыптастыру, діни рәсімдерде ысырапшылдыққа жол бермеу және оның алдын алу мәселелері көтерілді. Ас беру – ата-бабамыздан келе жатқан халықтық дәстүр мен ұлттық мәдениетіміз. Десек те, оның кейбір тұстарын заман талабына сай бір ізге келтіретін уақыт жетті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков, аудандық аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Демежанқызы, «Әлмерек – абыз баба» мешітінің бас имамы Әзім Сатыбалдыұлы, ауыл мешіттерінің имамдары, ауылдық округ әкімдері, елдімекендердегі ардагерлер мен аналар кеңесінің төрағалары, сондай-ақ жергілікті БАҚ өкілдері бас қосқан кездесуде ысырапшылдық әңгіме арқауына айналды.
Жиында аудандық мешіттің бас имамы Әзім Сатыбалдыұлы баяндама жасап, аталған мәселеге тоқталды.
– Жақынынан айырылып отырған қаралы шаңырақ «Көпшілікке ас беру – перзенттік міндетіміз» деп көл-көсір дастарқан жайып жатады. Одан басқалары да қалыспауға тырысады. Бұл тұрмысы төмен отбасыларға ауыртпашылық тудыратыны сөзсіз. Сондықтан еске алу іс-шарасын ұйымдастыруды шариғат заңы мен салт-дәстүр бойынша реттеген дұрыс, – деді дін қызметкері.
Кездесуде тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар көп болды. Әсіресе өмірден өткен марқұммен қоштасуға арналған жиынға да шектеу қойылса деген тілектерін айтты.
Ысырапшылдыққа жол бермеуде Қарқара ауылы көш бастап тұр. Осы елдімекендегі «Әкебай ата» мешітінің бас имамы Ұлан Мойдынбековтің айтуынша, қарқаралықтар бұл мәселені 2008 жылдан бері қолға алып, бір жүйеге келтірген.
– Ауыл әкімі мен ақсақалдар, жастарымыз осы тақырыпты тура бүгінгідей жиналыста отырып қозғадық. Содан кейін бір тоқтамға келдік. Әрине, ас беру – сауапты іс. Бірақ оны шектен шығарып, той дастарқанымен шатастырмау керек, – деді ол.
Жиын соңында қатысушылар діни рәсімдер мен жоралғылардың бірізділігі бойынша шешім қабылдады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы облысы өкілдігі ұсынған ас мәзірін бірізділікке салу бойынша дастарқанда жеті тағам түрі көрсетілген.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, ас беру мәдениетін қалыптастыру және насихаттау бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізудегі маңызды шешім өңірдегі барлық ауыл-аймаққа, мешіттерге таратылып, оның орындалуы бақылауда ұсталмақ.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы