Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Талғар ауданында болды. Сапар барысында аймақ басшысы Панфилов ауылдық округінің аумағында іргесі қаланып жатқан «Еуразиялық логистикалық парк» ЖШС қойма алаңдарына тас қалау салтанатты шарасына қатысты.
Алматы қаласы арқылы негізгі халықаралық логистикалық дәліздердің бірі – Транскаспий көлік бағыты өтеді. Қазіргі кезде Қазақстандағы қойма нарығының жалпы көлемі 1,3 млн шаршы метрді құрайды. Алматы қаласында кем дегенде 0,7 млн шаршы метр қойма алаңдары жетіспейді. Осы тұрғыдан «Еуразиялық логистикалық парк» жобасының құрылысы Қазақстан Республикасын 2029 жылға дейін ұлттық дамыту жобасында көрсетілген жоғары сыныпты қойма алаңдарын салу жоспарының кем дегенде 10 пайызын орындауды қамтамасыз етеді. 13 гектар аумақта орналасатын қойма ғимараттарының жалпы көлемі 50300 шаршы метр болмақ.
«Еуразиялық логистикалық парк» ЖШС атқарушы директоры Роман Жужлевтің айтуынша, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына жақын орналасуының арқасында, бұл парк Алматы мен басқа да қалаларға Қытайдан тауар тасымалдайтын ірі жүк көліктері үшін өте ыңғайлы. 50 мың шаршы метрді құрайтын логистикалық парктің алғашқы кезегі 2025 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріліп, 250 жаңа жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ жобаның алғашқы он жылында 50 млрд теңге табыс түсуі керек. Екінші кезекте тағы 100 мың, үшінші кезекте 150 мың шаршы метр қойма ғимараты салынып, олардың жалпы көлемі 300 мың шаршы метрге, ал жұмыс орындарының саны 700-ге жетуі тиіс.
Әрине, бұрын-соңды болмаған ауқымды жоба жайдан-жай қолға алынып жатқан жоқ. Ондағы мақсат – нарықтан лайықты орын алып, оған заманауи логистикалық парк ұсыну, клиенттер пулын қалыптастыру арқылы паркті бейінді, тартымды аймаққа айналдыру. Мұның бәрі Қазақстанның логистикалық паркін әлемдік деңгейге көтеріп, елімізде бизнестің дамуына игі ықпал етуі керек.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, мамандардың пікірін мұқият тыңдап, өз ойларын ортаға салды. Компания қызметкерлері мен құрылысшыларды қызу құттықтап, ел экономикасының дамуы, халқымыздың тұрмыс жағдайының жақсаруы жолында толағай табыс тіледі.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы