Қонаев қалалық Мәдениет үйінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің халықпен кездесуі өтті. Келелі жиында алғашқы сөз кезегі қала әкімі Асхат Бердіхановқа берілді.
– Мемлекет басшысы тұрақты аралау және халықпен тұрақты диалог жүргізу қажеттігіне барлық деңгейдегі әкімдердің назарын аударған болатын. Осы орайда жұмыс уақытымның негізгі бөлігі тиімді даму бағытын қалыптастыру үшін тұрғындармен тұрақты кездесулерге және қала мен ауылдық округтердің аумағын аралауға бағытталған. Мониторингтеу және талдау барысында бірқатар кемшілік белгілі болды. Олар – көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргіншілердің жол қауіпсіздігі, аула мен қоғамдық аумақтарды күтіп ұстау және жаңғырту мәселелері. «Azia Canal Qurylys» компаниясы 8-10 шағынаудандардың ауызсу және кәріз жүйесінің құрылыс-монтаж жұмысын 20 желтоқсанда және «Қапшағай көркейту» мекемесі «Гүлдер» мен «Қарлығаш» шағынаудандарындағы осындай жұмысты желтоқсанның аяғында аяқтауы тиіс. №2 орта мектепте демеушілік көмек есебінен спорт алаңы салынды. Қалада сыртқы автоматты түрде қосылып және сөнетін энергияны үнемдейтін 1020 ақылды шамдар орнатылды. Тротуарларға 3500 шам орнатылады. 15 үйдің қасбетін сырлау және 13 үйдің шатырын жөндеу жұмысы жүргізілуде. Биыл халықтың әлеуметтік осал тобына 85 пәтер берілді. Жыл соңына дейін тағы 80 пәтер тапсыру көзделген. 4 апатты үйден көшірілген 15 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Сонымен қатар 176 пәтер мен 17 тұрғын үй сатып алу жоспарда бар. «Күміс жас» жобасы бойынша 70 адам жұмысқа орналастырылды. Электрондық еңбек биржасы арқылы 318 адам тұрақты жұмысқа қабылданды, – деді қала әкімі. – Биыл «Гүлдер», «Арна» және «Восточный» шағынаудандарына 23 жаңа автобус аялдамасын орнату жоспарлануда. Бүгінде барлығымыздың басты міндетіміз – өмір сапасының жоғары стандарттарына сай келетін жайлы және қауіпсіз қала құру, – деп өз сөзін аяқтады шаһар басшысы.
Кездесуде сөз алған Марат Елеусізұлы әр сала бойынша 10 айда облыс көлемінде жүзеге асқан шараларға кеңінен тоқталды.
– Облысты әлеуметтік-экономикалық дамытуда алға қойған межеміз айқын, орындалу барысында күтілген нәтижеден артық көрсеткішке қол жеткізілуде. Қаңтар-қазан айының аралығында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 108,6 пайызды құрады. Бүгін Үкіметтің экономикалық өсімді 6 пайызға қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарына сәйкес, жыл соңына дейін жалпы өңірлік өнім көлемін 5,8 трлн теңгеге жеткізу жоспарлануда. Өткен жылдан бері бизнес өкілдерімен ынтымақтастық және серіктестікті дамыту туралы 28 меморандумға қол қойылды. Облыста трансұлттық және отандық компаниялардың қатысуымен ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Қонаев қаласы бойынша 45,8 млрд теңгеге инвестиция тартылды. Облыс экономикасын дамытудың негізгі драйвері – агроөнеркәсіптік кешен. Осы салада өндірілген жалпы өнім бойынша
8,2 пайыздық үлеспен республикада 5-орындамыз. Өрік, алмұрт өндірісінен 1-орында, алма, жүгері, соя, жүзім, картоп, күріш өсіруде
2-орында. Облыс ет өндірісі мен құс саны бойынша көш бастап тұр. Ауыл шаруашылығын дамытуда ең өзекті проблеманың бірі – машина-трактор паркінің тозуы. Мәселен, облыста ауыл шаруашылығы техникаларының 61,4 пайызы жаңартуды қажет етеді. Фермерлер үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу мүмкіндігі беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, техника паркін жаңарту көрсеткішін қазіргі 4,4-тен 9,5 пайызға дейін арттыруымыз керек. Қонаев қаласы бойынша 28 шақырым суару желісі қайта жаңартылды. Су үнемдеу технологиясы облыстағы барлық суармалы жердің 17,7 пайызына қолданылады. Бүгінде суару жүйелеріндегі су шығынының
40-50 пайызға дейін жететінін ескерсек, болашақта суармалы жердің барлығын су үнемдеу технологиясына көшіруіміз қажет. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2023 жылы облыста 8,3 млрд теңгеге 1094 несие берілді. Аталған бағдарлама аясында якорлық кооперацияны дамыту – негізгі мақсаттың бірі. Қайта өңдеу өндірістерін ашуға инвесторлар тарту – маңызды міндет. Қонаев қаласында №5 қалалық жағажайды абаттандыру аяқталды. Онда балалар мен спорт алаңдары, шатырлар, жағажай аймағы, фуд-корттар, кафе, бассейн, автотұрақ салынды. Сонымен қатар биыл жеке инвесторлардың есебінен №8 қалалық жағажайды абаттандыру басталды. Жобада аквапарк, қонақүй, сауда кешені, кафе мен фуд-корттар, балалар мен спорт алаңдары, айналма дөңгелек қарастырылған, – деді облыс әкімі.
Әрі қарайғы сөзінде Марат Елеусізұлы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, көлік жолы, жолаушы тасымалы, интернетпен қамту, газдандыру, білім беру, бюждеттің орындалуы, мәдениет пен спорт салаларында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер жайын қозғады.
Басқосу сұрақ-жауап кезеңіне жалғасып, қала тұрғындары газдандыру, жаңадан бой көтерген шағынаудандарда жарықтың жиі өшуі, мектептердің күрделі жөндеуі және тағы басқа түйткілдерді ашық айтты. Марат Елеусізұлы аталған мәселелердің бірқатарының алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізді. Кейбір сұрақтар бойынша қала әкімі мен тиісті сала мамандары жауап берді. Қаладағы славян этномәдени бірлестігінің төрағасы, «Сударушка» ансамблінің жетекшісі Зинаида Волкова Достық үйі мен Мәдениет сарайының қашан салынатынын сұрады. Облыс басшысы келешекте аталған және осы тектес ғимараттардың салынатынын, кейбіреуінің жобалық құжаттарының рәсімделіп, бірқатарының сараптамадан өткенін тілге тиек етті.
Кездесуден кейін облыс әкімі Қонаев қаласындағы жаңадан салынып, күрделі жөндеуден өтіп жатқан құрылыс нысандарын аралап, ахуалымен танысты. Марат Елеусізұлының алғашқы барған нысаны – күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатқан Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектеп ғимараты. Қонаев қалалық білім бөлімі жөндеуді мерзімінде бітірмеген мердігер «Шебербилд» ЖШС-мен келісімшартты бұзып, жаңадан «Қонаев Тұрғын үй» ЖШС-мен келісімшартқа отырған. Тағайындалған күрделі жөндеу бойынша қандай жұмыстар атқарылмағаны жайлы сараптама қорытындысы жасалуда. Мұнда ыстық су қосу, ішкі әрлеу, электрмен жабдықтау, төмен тоқты желілерді монтаждау, өрт дабылы және тағы басқа жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ғимараттың қасбеті безендірілген. Жөндеу жұмысын аяқтау келесі жылдың 2-тоқсанына жоспарланған.
Келесі кезекте аймақ басшысы 10-шағын аудандағы 180 пәтерлік үш тұрғын үйдің құрылыс жұмысын барып көрді. Жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған бұл үйлерді тұрғындар «Отбасы банктің» бағдарламасы арқылы сатып ала алады. Одан кейін облыс басшысы «Қарлығаш» шағынауданында аялдап, инвестор есебінен салынып жатқан 18 жеке тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Инвестор – «R&M Construction» ЖШС. Аталған нысанның құрылысы желтоқсанда аяқталады деп жоспарланған. Үйлер 3-4 бөлмелі. Жалпы аумағы – 1,1 га. Қазіргі кезде терезелерді, жылы еден, шатырларды орнату, жол салу жұмысы жүргізілуде. Үйлер салынып болғаннан кейін қалалық құрылыс бөлімі арқылы сатып алынып, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға берілмек.
Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы құрылыс нысандарын аралау сапарын кәріз-сорғы стансаларын жаңарту нысанында аяқтады. Бұл жоба қалалық инфрақұрылымды дамыту мақсатында қолға алынған. Сондай-ақ Қонаевта ғимараттар мен тұрғын үйлердің көбеюіне байланысты тозығы жеткен сорғыларға артық жүктеме түсіп, апат болмауы үшін жасалуда. Мердігер мекеме – «TOLAGAI-2050» компаниясы. Қазіргі таңда жалпы 22 дана сорғының жартысынан көбі орнатылған, электр желілері тартылған. 28 шақырымнан астам құбырдың 26,5 шақырымы жүргізілген. Мердігер мекеме өкілінің айтуынша, Қазақстанда шығарылған құбырлар тартылған. Жұмыстың 90 пайызы атқарылған.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев тиісті сала басшыларына құрылыс жұмыстарының мерзімінде аяқталуын бақылауға алуды тапсырды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ