Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында сенбілік өтті. Экологиялық шараға осындағы мекеме қызметкерлері, тұрғындар мен ерікті жастар біркісідей атсалысты.
Бұл күні елдімекеннің батыс жағындағы «Алтын асық» ықшамауданына 100-ге тарта адам жиналып, ауыл ішімен өтетін өзен арнасына ағаш екті. Бірнеше жыл бұрын мұнда ұзыннан-ұзақ көпір салынып, жаңадан айналма жол тартылғаннан кейін жағалай тал-терек отырғызылған болатын. Қазір көпірдің екі жағында жасыл желек жайқалып тұр. Өзеннің кең арнасы бұл күні тағы 400 түп әртүрлі ағаш көшетімен толықты. Ұзынағаш ауылдық округінің әкімі Бақыт Рыскелдиев аппарат қызметкерлерімен бірге ұйымдастыру ісінің басы-қасынан табылды. Айтуынша, аудан орталығында тазалық, көркейту, көгалдандыру ісі жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясындағы шараға мемлекеттік мекемелердің басшылары да келді. Аудандық ішкі саясат, ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім, қорғаныс істері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік қорғау бөлімдері, «Мансап» орталығы сияқты мекемелердің басшылары мен қызметкерлері қараағаш, үйеңкі, көктал ағаштарының көшетін отырғызды. Игілікті іске жақын маңдағы Ұзынағаш орта мектебінің директоры Раушан Ермұханова бастаған жас мамандар мен Жамбыл атындағы кәсіптік-техникалық лицейінің білімгерлері де атсалысты.
Аудан әкімінің бірінші орынбасары Абзал Нұрпейісовтің айтуынша, бұл жолғы сенбілікке 1 мың түп көшет алынып, соның 400-і осында отырғызылды, 600 көшет басқа ауылдарға бөлініп берілді. Яғни, бұл күні басқа ауылдық округтерде де осындай сенбілік өтті. Жалпы биыл ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жамбыл ауданында 9600 түп ағаш отырғызу көзделген. Көктемде соның 4800 данасы егілді, ал қалған жартысы қазіргі күз айларында аудандағы 24 ауылдық округ бойынша отырғызылып жатыр. Белгіленген жоспар жыл соңына дейін толықтай орындалатын болады.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы