Синтетикалық дәрі-дәрмектің елімізге заңды жолмен кіретінін біріміз білсек, екіншіміз біле бермейміз. Ол не дәрі деп қалсаңыз, кәдімгі депрессиялық кезеңде ішетін немесе ұйқыңыз қашқанда қолданатын – димедрол. Дәл осы дәрі синтетикалық препаратқа жатады. Бұл құрамға одан басқа да көптеген дәрі кіреді. Осы синтетикалық дәрілердің қоспасынан адамзаттың қас жауы – мефедронды жасап шығаратындар пайда болды.
Мефедрон –химиялық қоспалардан тұратын психикаға тікелей әсер ететін есірткі. Ол таблетка және ұнтақ күйінде біздің қоғамда кең тарауда. Мефедронды жиі қолданушылар оны «марафон» деп те атайды. «Бұл есірткінің жеңіл қабылданатыны соншалықты, қалай арбауына түсіп қалғаныңды білмей қаласың», – дейді дерттен айығып, емделу сатысында жүрген бұрынғы нашақор.
Нашақор десе, көзімізге үсті-басы алба-жұлба, түрі қорқынышты адам елестеуі мүмкін. Бірақ мүлде олай емес, «марафон» иіскеп немесе тартып, өз өмірін тәрк еткендердің 46 пайызы – тұрғылықты жұмысы бар адамдар. Яғни олар қоғамдық көлік жүргізушісі, даяшы, мемлекеттік қызметкер де болуы әбден мүмкін.
Ең қиыны – бұл есірткі түрінің қолжетімділігі, демек әрбір есікті қағып тұрғандығы. Оның бағасы бар болғаны 2000 теңге көлемінде. Оған көбіне ғаламтор арқылы тапсырыс береді. Бірінші қолданғаннан-ақ тәуелділікке апарады. Бұл – жас ұрпақ үшін аса қауіпті.
Қазір есірткінің бұл түрімен үлкен күрес жүріп жатыр. Бірақ ол оңай болмай тұр. Оның себебі сайттарды қолданушылармен қатар таратушы болып саналатын «закладчиктерді» ұстау қиынға соғуда.
Бұл қасіреттен қорғанудың бір ғана жолы бар. Ол – есірткінің зияндығын, адам өмірін құрдымға апаратынын жастар санасына жеткізу. Қоғамда есірткіні жастар ғана қолданады деген ұғым қалыптасқан. Ал жастарды осыған еліктетіп, есірткіні таратып жатқан орта жастан асқан адамдар екеніне мән бере бермейміз. Бұған тосқауыл қою үшін есірткі таратушыларға қатысты заңды одан бетер күшейту керек.
Қазір көптеген жастың ақша табу жолында есірткі тасымалдап жүргені де жанға аяздай батады. Қаншама жас осы үшін түрме торына тоғытылуда. Осының бәрі – бір есірткінің кесірі. Сол үшін оны жасап, қолданысқа енгізетін адамдардың жолын кесу аса маңызды.
Бағдат Шойбасов