Қаланың көркін қашырып, ажарынан айыратын дүниенің бірі – әр жерге жапсыра салатын жарнамалар. Оны аялдама қабырғаларынан, бағаналардан, әртүрлі ғимараттар, үй есіктері мен бұрыштарынан, қоғамдық орындардағы түрлі нысан жақтауларынан кездестіресіз. Заман ағымына қарай, жарнаманы сәндеудің әртүрлі жолы белең алуда. Бірі арнайы диодты шамдармен жарқыратса, екіншісі әдемілеп жазып, билбордтарға орналастырады. Бұл – қалыпты жағдай. Мұндай жарнамалар кейде тіпті қаланың көркін ашып, ерекше айшық бере түседі. Ал бұрынғыша көшедегі бірінің үстіне бірі жапсырылған қағаз жарнамалардың зияны жетерлік.
Аялдамадағы жарнамаларға көлік күтіп тұрған адамдар мен көшеде ілінген қағаздарды жұлмалап жыртқысы келіп тұратындар ғана көз қырын салмаса, арнайы соған қарап, одан өз керегін табатындар шамалы. Бірінің үстіне бірі жапсырылған қағаздардағы ақпараттарды шатастырмау да мүмкін емес. Бұл жарнамалардан келетін зиян шаш-етектен. Бірінің жарнамасын бірі жұлғандар жыртылған қағазды өзімен бірге алып, тым құрығанда қоқыс жәшігіне сала кетпей, сол маңайға лақтыра салады. Өз көзімізбен көргенімізді айтсақ, үйдің керегесі жарнамаға, ал үйдің төңірегі жыртылған қағазға толы. Мұны уақытында жинап, сыпырмайды деп те ешкімге айып таққымыз келмейді. Қазір жинаған жерге лезде қоқыс толатын көрінеді. Бұл, біріншіден, жарнама жапсырушылардың кінәсі. Жарнама ілдің бе, ескіргенін шашып тастамай, өзіңмен бірге ала кет. Қабат-қабат қаттама болып кеткен қағаздарға да көз жүгірттік. Онда жазылған мәтінге мән берсек, мемлекеттік тілдің ақсағанын анық аңғаруға болады. Барлық жазба тегістей орысша басылған. Орфографиялық, стилистикалық, грамматикалық қателері бөлек әңгіме. Мағынасыз аударма, ережесіз тыныс белгілері тіпті түңілдіреді. Шатасқан әріптерде шек жоқ. Жарнама мәтініндегі «Пәтер жалға беремін», «Аздаған пайызбен несие рәсімдеймін», «Жол ашамын, құмалақ саламын, сүйгеніңе қосамын» деген сынды сұмдықтарға көзіміз түсті. Демек, мұның бәрі адамды алдап, ақша табуға бағытталған. Бұл жарнамалар оқыған жанның сауаттылығын ғана төмендетпей, өз тіліміздің туын жыққаны жаныңды қынжылтады. Өз ойымша, бұл бағыттағы кемшіліктің көбі – жарнама берушілерден. Сондықтан бұған тосқауыл қою мақсатында осы іске жауапты мамандар арнайы шараларды күшейтіп, олқылықты болдырмау бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Дегенмен қағаз жарнаманың жалауы әлі жығылмай тұр. Ата Заңымыз бойынша көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде, қатесіз әрі түсінікті жазылуы тиіс. Мұндай міндеттеме ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың негізінде бекіген болатын. Оған сәйкес жарнамалар, кәсіп нысанындағы мәтіндер, жол белгілері, мейрамхана мен дәмханадағы ас мәзірлері қазақ тілінде жазылуы тиіс. Біздің айтарымыз – жарнама берушілер осыны қатаң ескерсе. Жабайы қалыптағы қағаз жарнама мәдениеттің төмендігін көрсетері анық. Ал қағаз жабыстыратын алаңды қоқыс бұрышына айналдырғандар ұлтқа, тілге, мәдениетке деген жанашырлығы жоқ, өз қара басын ойлайтын жандар десек, еш қателеспегеніміз. Сондықтан осы мәселені біржақты қылуды мықтап қолға алып, айналаны қоқысқа толтырған мағынасыз жарнамалардан арылғанымыз абзал.
АЙСАНА