Есік мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Еуразия далалық өркениеті: тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу, сақтау және пайдаланудың өзекті мәселелері» тақырыбында өткен V Есік оқулары көрнекті археолог-ғалым Кемел Ақышевтің 100 жылдығына арналды.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар, атап айтсақ, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытай Халық Республикасынан офлайн және онлайн форматта қатысты. Арнайы шақырылған қонақтардың ішінде «Остров Крым» ғылыми-реставрациялық зертхананың негізін қалаушы Қырым Алтынбеков, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, түркітанушы, PhD докторы Саваш Шахин, Астана музей дирекциялары директорының орынбасары, тарих ғылымының докторы, профессор Марат Әбсеметов және басқа да тарихшы, археолог ғалымдар болды.
Музей директоры, пленарлық отырыс модераторы Гүлмира Мұхтарованың кіріспе сөзінен кейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова конференция жұмысының тарих ғылымында алар орнын ерекше атап өтті.
Конференция Кемел Ақышұлына арналған мемориалды залдың және «Археология сардары» атты көрменің ашылуымен басталды. Шағын ғана бөлмеге кезінде Кемел аға қызмет атқарған Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институттың қызметкері Ералы Ақылбек тапсырған ғалымның өз жұмыс үстелі, орындығы, археологиялық барлау және қазба жұмыстарына арналған құрал-саймандары қойылыпты. Сондай-ақ ғалымның ұлы Әлішер Ақышев музей қорына әкесінің экспедиция кезіндегі қолжазбалары, суреттері мен сызбаларын тапсырған екен. Бұдан бөлек, Отырар қалажұрты мен Есік қорымынан табылған түпнұсқа жәдігерлерді, «Есік қорғаны» монографиясы, ғылыми еңбектері және 1960 жылы өзі құрастырған Қазақстанның археологиялық картасын көрмеден тамашалай аласыз.
Кемел Ақышев ежелгі Қазақстан тарихының негізгі тұжырымдарын жасауға белсене қатысып, қола, ерте темір дәуірлерінің мәдениетін кезеңдерге бөлу, мерзімдерін нақтылау мәселелерімен айналысты. Орталық Азия өркениеті жүйесіндегі ежелгі Қазақстанның орнын айқындауға, орта ғасыр тарихын зерттеуге үлкен үлес қосты. Сақ қорғандары, Бесшатыр қорымдары, Отырар және басқа да Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалар мен ескерткіштердің ашылуына мол еңбек сіңірді. Тәуелсіз Қазақстанның символына айналған «Алтын адамды» зерттеп, елімізді бүкіл әлемге әйгіледі. Астананың маңынан ежелгі Бозоқ қалашығын тапты. Кең даланың төсінде өткізген талай жылдық жұмыс – зерттеу мен экспедиция 200-ден астам ғылыми еңбек пен 15 кітап болып жазылып, ел тарихын түгендеуде таптырмас қазынаға айналды. Жалпы саны 600-ден аса археологиялық ескерткіш тауып, ғалым Кемел Ақышев жасаған «Қазақстанның археологиялық картасы» кешегі тарихқа бет бұрғандар үшін темірқазықтай жол көрсетуші анықтамаға айналды. Бұл қазақ археологиясы мектебінің негізін қалаушылардың бірі – Кемел Ақышұлы жасаған үлкен еңбектің бір парасы ғана.
«Кемел Ақышұлы «Алтын адамды» алғаш зерттеген, оның реконструкциясын Владимир Садомсковқа тікелей басшылық ете отырып жасаған, сондай-ақ «Есік қорғаны» монографиясын жазған. Онда Есік қорғанынан табылған төрт мыңнан астам әшекей бұйымның әрқайсысына жеке-жеке сипаттама берілген. Бұл – өте үлкен еңбекті талап ететін ауқымды жұмыс. Дегенмен, әлі күнге дейін «Алтын адамға қатысты ашылмаған құпия жоқ емес. ДНК зерттеу-сараптама жұмысын жүргізіп, «Алтын адамның» біздің дәуірге дейінгі IV-III ғасырға жататынын нақты анықтап отырмыз. Алайда алтын сауытты жауынгер ер ме, әлде әйел адам ба? Бұл сұрақтың жауабы әзірше белгісіз», – деді музей директоры Гүлмира Райылқызы.
«Алтын адамға» 1997 жылы реставрация жасаған Қырым Алтынбеков конференция барысында Үржардан табылған ханшайым туралы баяндап, «Алтын адам» мен «Үржар ханшайымының» ұқсастықтары жайында баяндады. Әрі «Екеуі де бір дәуір, бір мәдениеттің адамдары болуы мүмкін», – деп, «Үржар ханшайымын» зерттеу жұмыстары Есіктен табылған «Алтын адам» туралы ақпаратқа біраз жаңалық енгізуі де әбден мүмкін екенін жеткізді. Олай деуге табылған «олжаны» бөлшектеп тасымай, мүрде жатқан жерін топырағымен қоса тұтас қиып алып, зертханаға бүтін жеткізудің арқасында бір тал шашын да жоғалтпай, әрі ештеңенің орнын да ауыстырмай, толық тексеруге мүмкіндік алған екен. «Кезінде болмаған небір технология мен тәсілдер археологияда бүгінгі күнде жәдігерлерге жан-жақты зерттеу жүргізіп, мейлінше көп және нақты ақпарат алуға мол мүмкіндік беріп отыр», – деген Қырым Қасенханұлы зерттеу барысында рентген, компьютерлік томография жасап, көзге түсе қоймайтын ұсақ бөлшектердің өзін қалт жібермегендерін айтып, «Үржар ханшайымының» қабірінен табылған папоротниктің сол уақыттан бастап тотемдік өсімдік болғанына да кеңінен тоқталды.
Конференция жұмысына 20-дан астам ғылыми мақала түсіп, қазақ, орыс, түрік, қытай және ағылшын тілдерінде баяндама жасалды, тарихшы ғалымдар тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу, сақтау және пайдаланудың өзекті мәселелері жайлы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар конференция аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қаржыландырылып отырған Сарытоғай археологиялық ескерткішіне жүргізілген қазба жұмысының көрмесі ұйымдастырылды. «Сарытоғай аңғарындағы ерте көшпенділердің мәдени кешені» атты көрмені бүгінгі конференцияға орайластырып отырған себебіміз – 1992 жылдары Сарытоғай кешенінде Жетісу археологиялық экспедициясының жетекшісі ретінде Кемел Ақышев қазба жұмысын жүргізген және «Сарытоғай ескерткіші» атауын берген де осы ғалым ағамыз», – деді музей директоры Гүлмира Райылқызы.
Көрмеге Ұйғыр ауданы Шонжы ауылының батысында 16-17 шақырым жерде Шарын өзенінің шығыс және батыс жағалауларында орналасқан Сарытоғай археологиялық ескерткішіне жүргізілген қазба нәтижесінде алынған ежелгі тұрғындардың дүниетанымынан, тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрі мен ғұрпынан, материалдық мәдениетінен хабар беретін құнды мұралар қойылған.
Болашаққа бастар бағыттың бұлыңғыр тартып, көмескіленбеуі үшін де кешегі жүріп өткен жолдың жай-жапсарын жетік білу маңызды. Ендеше, ғасырлар қойнауында жатқан тарихты тану – кемел келешекке апарар кең даңғыл болмақ.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы