Бүгінгі күні әрбір баланың қолынан ұялы телефон көреміз. Телефонға деген тәуелділік күн санап артып келеді. Балаларды одан алшақтату мақсатында осыдан бір жыл бұрын Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Бұл ретте депутат Асхат Аймағамбетов: «Ұстаздармен болған кездесулерде түскен тағы бір мәселе оқушылардың сабақ үстінде телефон пайдалануына қатысты. Телефонға тыйым салуға заңнамада нақты шектеу жоқ. Осыған орай, жобаға сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануды шектеу туралы арнайы норма да енгізілді», – деген болатын.
Дұрыс, оқу барысында бала сабақ оқуы керек. Себебі телефон бұл процеске кедергі келтіреді. Алайда сабақ кезінде ұялы телефон қолдануға тыйым салынғанымен, үйде «Тик-ток» желісіне телмірген ұрпаққа «тәк-тәк» дейтін ата-ана болмай тұр. Әрине, заман талабына сай, ұялы телефон қажет. Бірақ оны қолданудың да шегі болуы керек.
Ғалымдар телефонға тәуелді баланың сабақ оқуға деген ынтасы жоғалып, білімі төмендей беретінін аңғарған. Бұл болашағымыз үшін үлкен қауіп десек болады. Дегенмен қазіргі заманды ұялы телефонсыз елестету мүмкін емес. Әсіресе балаларды электронды құрылғыдан ажырату қиынға соғуда. Жеткіншектің осылайша ұялы телефоннан бас алмай, күндіз-түні қарағаны гаджет болса, оның денсаулығына да алаңдауға тура келеді.
Қарапайым өмірде балалар қолмен сурет салып, сазбалшықтан түрлі заттар жасап, оған өздері мәз болып, көңіл-күйлері көтеріліп қалады. Ал телефонға байланған бала керісінше ашушаң, шыдамсыз болады. Тамағын дұрыс ішпей, сабағын да оқымай, ата-ананы байбаламға салғызып жататыны жасырын емес. Әрбір әке-шеше балалардың ұялы телефонда отыратын уақытына шектеу салып, қазірден бастап қадағаламаса, Абайша айтсақ, «Қолымды мезгілінен кеш сермедім…» деген өкініште қалмасына кім кепіл?
Ол үшін ата-ана балаға көп көңіл бөлуі керек. Кей аналар қат-қабат тірлік, үй шаруасымен жүргенде баласын тыныштандыру үшін телефон бере салады. Ол одан мультфильм қарайды, не ойын ойнауды әдетке айналдырады. Сөйтіп, телефонға әуес болады. Ұялы телефонға деген тәуелділік осылай басталады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да: «Балаларыңа атқа міну, суға жүзу, садақ атуды үйретіңдер», – деп өсиет еткен еді. Демек, ата-ана үшін рухани сау ұрпақ тәрбиелеу – үлкен аманат.
Ұялы телефоннан бас тартпасымыз анық. Дегенмен оны дұрыс қолдана білуді балаға үйретуіміз қажет. Бәрі де ата-ананың қолында. Ақылмен әрекет етсек, алынбайтын қамал жоқ.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ