-13 °c
Qonaev
Friday, June 6, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Таразы басы қайда тартады?

    23.11.2024
    in Барлық жаңалықтар, Саясат
    Таразы басы қайда тартады?
    0
    SHARES
    4
    VIEWS

          АҚШ-тағы Президент сайлауындағы Трамптың жеңісіне Мәскеудің де, Киевтің де, тіпті кейбір еуропалық елдердің де онша қуана қоймағаны аңғарылды. Украина ақпарат агенттіктері жүргізген сауалнама қорытындысына қарасақ, республикашыл Донның жеңісіне киевтіктердің сенімсіздікпен қарайтыны байқалды. Өзінің сайлауалды үндеулерінде уәде еткеніндей, Трамптың қысқа мерзім ішінде Украина мен Ресей қақтығысын тоқтата алатынына күмән келтіреді. Жоғарғы Рададағылар су жаңа америкалық көсемді Украина Қарулы күштеріне қолдау жасауды жалғастыру үшін біраз тер төгуге тура келе ме деп алаңдаулы. Ал еуропалық дипломаттар болса, ендігі жерде Украина «үлкен бәлеге жолықты» деп санайды. Кремльге келсек, ондағылар Ресейдің «өз күн тәртібі бар» деп мәлімдеді, дегенмен диалогқа дайын екендіктерін білдіріп отыр. Осыған орай бірде есірік, бірде сарабдал саясаткер сияқтанып көрінетін, сайланғанымен, әлі таққа отырып үлгермеген Трамптың жеңісіне орай ұстаным-көзқарастарын білдіріп жатқан бір­қатар елдегі ахуалға назар салып көрсек деп отырмыз.

    Ең алдымен, Ресейді алайық. «Знание. Первые» ағартушылық марафонында «Білесіздер ме, шыным­ды айтсам, Трамптың жеңісіне ешқандай реніш-қуанышым жоқ. Біздің өз күн тәртібіміз бар. Бүгін біз «Чукотка» мұзжарғышын суға түсірдік. Бұл біз үшін маңыздырақ. Міне, осыған мен керемет қуанып тұр­мын», – деген Кремль өкілі Д.Песков Ресей үшін Құрама Штаттардағы сайлауда Дональд Трамптың жеңісі туралы ақпараттан «Чукотка» атты жаңа мұзжарғыш кеменің суға сәтті түсірілгені туралы жаңалық әлдеқайда маңыздырақ деп мәлімдеді. Ол осы мәлімдемесіне іс басындағы Президент Джо Байденнің Трампты ұлықтау салтанатына (2025 жылдың 20 қаңтары) дейін орнында қалатынын әрі мұның уақыт көлемі жағынан әжептәуір мерзім екендігін қосты. Расында да, Ресей Президенті В.Путин республикашыл әріптесін Мемлекет басшысы болып сайлануымен ресми түрде құттықтамады. Д.Песков мұны әңгіме Ресейге қарсы: «Дос емес ел турасында болып отыр, сондықтан америкалық сайлау жеңімпазының атына құттықтау жолдау Путиннің жос­парында болмаған», – деп түсіндірді. Дей тұрғанмен, Д.Песков егер Трамп әкімшілігі Украин қақтығысын реттеуге арналған қажетті әрекеттер жасайтын болса, онда Ресей мен АҚШ арасындағы тікелей диалогтың жаңғыртылу мүмкіндігі барын да ескертіп өтті. Ол: «Біз ең күрделі мәселелерді талқылауға арналған диалогқа ашықпыз. Сондықтан уақыт көрсетеді», – деді. Ал Ресей Сыртқы істер министрлігі өз кезегінде Ресейдің АҚШ-тың жаңа әкімшілігімен арнайы әскери операцияның ұлттық мүддесі мен мақсаттары тұрғысынан келе отырып жұмыс істейтінін мәлімдеді. Дипломатиялық ведомствоның тарат­қан хабарламасында: «Ресейде жақ­сы танымал америкалық сайланған Президентке де, Конгресстің жаңа құрамына да қатысты жаңсақ ойымыз жоқ. Өйткені алдын ала алынған мәліметтерге қарағанда, Конгрессте республикашылдар басымдыққа ие болмақ. АҚШ-ты басқарып отырған саяси элита, оның қай партияға қатысты болғанына қарамастан, антиресейлік қағидалар мен «Мәскеуді тежеу» бағытын ұстанады», – делінген.
    Енді әлем назар тіккен бұл уақиға­ның басты фигуранттарының бірі Украинаға келейік. Украина Президенті В.Зеленский Трампты бірден дерлік құттықтағаны барлық жерде айтылды. Өйткені оның әрбір әрекеті қазіргі таңда әлем жұртшылығының наза­рын­да. Ал Жоғарғы Раданың вице-спикері Александр Корниенко: «Біз сайланған Президент Трамптан бастап, соңы Конгресс пен Сенат болып олардың біздің қайта сайлануы­мызға барынша жәрдемдескен­дерін қатты қалаймыз», – дей келіп, бұл жеңімпаз республикашылдың Украина қақтығысын аяқтауға және кезекті Парламент сайлауын өткізуге көмектесетініне үмітті екенін білдірді. Алайда Жоғарғы Раданың сыртқы саясат мәселелері жөніндегі комитеті­нің басшысы Александр Мережко Трамптың Украинаны қолдауын жалғастыра беруіне көндіру үшін талай күш жұмсауға тура келетініне сенімді. Оның пікірінше, Трамптың Президенттігі Украина үшін жаман болмауға тиіс. Әйтсе де, «АҚШ-тың жаңа көшбасшысы келгендегі жағдай Киевке Джо Байденнің кезіндегідей жеңіл бола қоймас» деп мойындады Рада депутаты. Украинаның басқа саясаткерлерінің де болжамдары анау айтқандай сенімді болмай тұр. Рада депутаты Алексей Гончаренко «Мына сайлаудан кейін В.Зеленскийдің «Жеңіс жоспары» мүмкіндігінен түбегейлі айырылды» деген сенімде. Оның пікіріне қарағанда, Трамптың Ақ үйге келуімен әлемдік тәртіп ережелерге емес, келісімдерге негізделетін болады. Ал Батыстың Украина Қарулы күштерінің жеңісіне мүдделілігін сақтап қалу үшін украиналық саяса­керлер «24/7 сағат жұмыс істеуге тиіс». «Financial Times»-тің Украинаның қорғаныс ведомствосындағы дереккөзі «Трамп билікке келгеннен кейін украин армиясы Донбастың бүкіл аумағына жүргізіп отырған бақылауынан айырылады» деген алаңдаушылығын айтып кетті. Ол: «Украина Қарулы күштері АҚШ көмегі тоқтап, біз Донбастан айырылып қаламыз деп қауіптеніп отыр», – деп атап көрсетті. Парламенттік «Слуга народа» фракциясының көшбасшысы Давид Арахимия «Енді проблема көбейеді, бірақ америкалық Президенттің алмасуымен бірге жаңа динамика­ның көзделіп отырғаны айқын» деген болжам айтты. Еуроинтеграция мәселелері жөніндегі украиналық вице-премьер Ольга Стефанишина болса, Трамптың украиналықтардың пайдасына «көбірек саяси импульстар» ұйымдастыруға шамасы келетініне сенімділік танытып отыр.
    «Financial Times»-тің жазуына қарағанда, еуропалық дипломаттар Трамптың шешуші штаттарда ие болған басымдығынан «шок алып қалыпты». Олар сайланған Президент өзінің «America first» («Бәрінен бұрын Америка») бағдарламасын батылырақ ілгерілетеді, сәйкесінше, енді Украинаға «үлкен қатер төнеді» деп болжауда. Еуроодақтың сыртқы саясат қызметінің өкілі Петер Стано еуропалықтар Украинаны қолдауын жалғастыра береді деп мәлімдеді. Ол АҚШ-тың жаңа Президенті лауазымына тек 2025 жылы ғана кіріседі, ал оған дейін Еуропадағы Киевті қолдау бағдарламасы өзгермейтінін еске салды. Осы жерінде оның уәжі Ресей басшысының сырт көзге бейғам көрініп отырған ұстанымымен үндес екенін аңғару қиын емес. Алайда «Біз талай рет айтқанбыз, біздің Украинаны қолдауды жалғастыру ниетіміз бір және мойнымызда міндеттемеміз бар» деген тұжырымы Мәскеудің позициясынан алшақтатып тұр. Басқаша айтқанда, екеуі де Ақ үйдің басшысы ауысқанға дейін «онша-мұнша шаруамызды бітіріп үлгереміз» деген сенімде екендіктері айқын. Теке-тірестің соңы қантөгіссіз бітсе деп тілейміз ғой.
    Ал Франция Президенті Эммануэль Макрон аймақтас елдерді Трамп билікке келгеннен кейінгі басатын қадамдарын өзара үйлестіруге үндеді. Макрон: «Трамптың жеңісінен кейін Еуроодақ елдерінің «әркім өзі үшін» қағидасына ерік беріп кетуіне жол беруге болмайды. Бізге Құрама Штаттармен жасалар қарым-қатынастарда үйлестірілген еуропалық стратегия қажет», – деп жазды. Талдап, тізбелеп келе жатқан саясаткерлердің ішінде біреуі сергек ой білдірді-ау деп қоямыз. Француз басшысы Париж бен Берлиннің анағұрлым біртұтас, қуатты және тәуелсіз Еуропа құру жолында жұмыс істейтіні жөнінде ГФР канцлері Олаф Шольцпен телефон арқылы сөйлесіп үлгергенін қоса айтып өтті. Өзінің жазбасын: «Бұл соны контексте біз өзіміздің мүдделеріміз бен құндылықтарымызды қорғай және АҚШ-пен ынтымақтаса отырып, анағұрлым біртұтас, қуатты және тәуелсіз Еуропа үшін жұмыс істейтін боламыз», – деп қорытты. Бірақ содан кейін Трампқа қоңырау шалып, оны жеңісімен құттықтап, одан Еуропа одағымен санасуды өтінді. Саясаткерлер Украина мәселесі жөнінде әңгімелесіп, Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады. Әуелде «сергек пайым» деп қуанып қалсақ та, «кім-кімге дөңайбат көрсетті» деп иек қасып қалдық. Саясат дегеннің ұстараның жүзіндей қылпылдап тұратынына сөз жоқ.
    Швецияның Премьер-Министрі Ульф Кристерссон да республика­шылдың жеңісінің аясында Украина Қарулы күштеріне ары қарай да көрсетілер көмек көлемінің қысқару қаупін аңғарыпты. Кристерссон: «АҚШ Украинаға ауқымды әскери көмек көрсетуде. Біз мұны бағалаймыз, біз бұл үшін ризамыз және мұны әлдебір болуға тиісті нәрсе ретінде қабылдамаймыз», – деді. Швед Премьері өзінің сөзін «Еуропа әртүрлі сценарийлерге ұзақ дайындалған болатын, сондықтан оқиғаның мұндай бағытта өрбуіне де дайын болады» деп қорытындылады. Шыны керек, шымшық сияқты шошаң­даған оның пікірінен салмақты ештеңе ұстай алмадық.
    Ал енді жаһан болып назар тігіп, талқылап жатқан осы жайтқа Азия мен Таяу Шығыс көшбасшылары не деген, соған мойын бұралық. Сайланған Президент Трамптың өзінің нұсқасы бойынша АҚШ-тың басты қарсыластарының бірі Қытай қайтті екен десеңіз, Пекин де саясаткерді жеңісімен құттықтапты. Сайланған жағдайда Ресей мен ҚХР-дың арасын «ажыратамын» деп доқ көрсеткені­не қарамастан, Қытай Сыртқы істер министрлігі «Америка халқының таңдауын құрметтейміз» деп мәлімдеді. Сөйтіп, Пекин өздеріне тән сабырлылық танытыпты. Қалғанын уақыт еншісіне қалдырған сыңайлы.
    Таяу Шығысқа келсек, Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяху Трампты «тарихи оралы­сымен» алғашқылардың бірі болып құттықтады. Сонымен қатар онымен «Иран қатері» мен Израильдің қауіп­сіздігін талқылады.

    Қорыта келгенде, әлемдік саясаттың тізгінін ұстап отырған Мемлекет басшысының ауысуы әлем елдерінің барлығын алаңдатып отырғаны даусыз. «Жаңа сыпырғыш жаңаша сыпырады» дегендей, бұған дейін осы тақта бір отырып көрінген атақты банкирдің қайыра айналып соққанда бұған дейін «Қап!» деп кеткен кейбір, өзге ешкім саралап үлгермеген бір ойларына кірісіп кетуі ғажап емес қой. Қалай десек те, әліптің артын баққан ұтыла қоймасы анық.

    Бейбіт МЕКЕЕВ

    Ұсынымдар

    Жастар кітап оқымай ма?

    Жастар кітап оқымай ма?

    2 years ago
    Ауылды аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекіді

    Ауылды аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекіді

    2 years ago
    Мобилографияның мүмкіндігі мол

    Мобилография мамандық па?

    10 months ago
    Жумангарин приоткрыл завесу: какие налоговые нормы ушли в Мажилис

    Жумангарин приоткрыл завесу: какие налоговые нормы ушли в Мажилис

    3 months ago
    Алматы облысының цифрлық көшірмесі толықтырылуда

    Алматы облысының цифрлық көшірмесі толықтырылуда

    10 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>