«Өнер – ұзақ, өмір – қысқа» деген сөзді Гиппократ ақтаңгер ақын Оразалы Досбосыновқа арнап айтқан секілді. Өмірі қамшының сабындай қысқа болса да, артында қалдырған мұрасы ұшан-теңіз.
Бүгінде ақын шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттауға арналған игі шаралар жалғасуда. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Оразалы Досбосынов атындағы жас айтыс ақындарының орталығы жұмыс істейді. Туған ауылы Тегістіктегі мектепте мұражайы ашылды. Үш томдық жинағы басылып шықты. Студенттер арасында «Құлмамбеттің құлыны» атты айтыс өткізіліп тұрады.
Биыл Оразалының өмірден өткеніне 20 жыл болды. Осыған орай жуырда ақын рухына тағзым ретінде үлкен ас берілді. Еске алу шарасына ұстаздары, шәкірттері, достары, ауылдастары қатысты. Сол жиында Тегістік ауылының әкімі ақын туған елдімекендегі Мәдениет үйі жарамсыз деп танылып, ғимараттың сүрілгенін айтып қынжылды. Ауылдағы адам санының аздығына байланысты енді ол жерде өнер ошағы салынбайды екен.
«Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» демекші, ауыл осылай қаңырап қала берсе, ертеңгі күніміз не болмақ?! 2013 жылы Жапонияның Хоккайдо аралында Ками-Сиратака бекетіне жақын жерде тұратын жалғыз оқушы қызды мектепке тасымалдау үшін темір жол қызметі жұмыс істеп тұрған. Ал біздің Тегістік ауылында ше? Жалғыз адам қалған жоқ қой. Қазіргі таңда мейрамхана, тойхана дегендер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай күн санап көбейіп келеді. Қалталы азаматтар сауап үшін сүрілген Мәдениет үйінің орнына өнер ошағын салып берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Абайдың әкесі Құнанбай игі істерімен ел есінде қалған. Ол кісі қажылық жолмен Меккеге барғанда: «Біз секілді бар адам келсе, ақша төлеп болса да түсетін жер табылар. Жоқ-жітік келсе, олар қайда жатады? Соларға арнап, осында бір үй салдырып кетейік!» – деп бастама көтеріп, үй тұрғызған екен. Ата-бабамыздың бойындағы осындай жақсы қасиеттері келесі ұрпақтарына да берілсе деп ойлаймын.
Оразалының қай айтысын тыңдап, қай өлеңін оқысаңыз да, көкжиегі кең ақынды көресіз. Тарихын тереңнен толғаған тұлғаны танисыз. Осындай нағыз айтыскер ақынның алдымызда 50 жылдық мерейтойы тойланғалы отыр. Оған осы бастан бүкіл ел болып жұмыла кірісейік дегім келеді.
Жуырда Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Тұздыбастау ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі Мұратбек Сарбасов және «Оразалы Досбосынов» АҚ қорының ұйымдастыруымен «Ақынмын сөзі жетер сан ғасырға…» атты оқушылар айтысы өтті. Жас ақындардың өнерін әділ бағалау үшін қаламгерлер Даубай Әбдісаев, Болат Әкежан, Сәлім Жусанбайлар қазылық етті. Жеңімпаздар дипломдар және арнайы қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Қазақтың асыл перзенті, елінің сүйікті ақыны болған Оразалы Досбосыновтың асқақ рухы, айтыстағы өрлігі, өлеңге деген адалдығы қазақ ұлты үшін мәңгілік мұра болып қалатыны сөзсіз.
Гүлшат Қойлыбаева,
Жамбыл Жабаев атындағы №6 жалпы білім беретін орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Талғар ауданы