Алдына келген науқасты дәрі-дәрмекпен ғана емес, жылы сөзімен де емдеп, бойына күш-қуат беріп, өмірге деген құлшынысын арттыра білетін дәрігерлер бар. Олар жанына шипа, дертіне дауа іздеп келген жандарды бір сәтке болсын сырқатынан айықтырып жібереді. Сондай ақ жүректі дәрігердің бірі – Арман Қасымов.
Ұйғыр ауданында дәрігерлер отбасында дүниеге келген Арман бала кезінен анасының жанынан бір елі қалмайтын. Оның жұмысына қызыға қарап, ақ халатын киіп алып, үйде дәрігер болып ойнап, әпкелерін емдейтін еді. Ондай сәтте әкесі мен анасы баласына мейірлене қарайтын. Ата-анасының «Болашақта ұлым мықты дәрігер болады» деген сөздері де жадында жатталып қалған. Ақыры сол бала кездегі қиялы оны медицина университетіне алып келді. Әкесі – ветеринар-дәрігер, анасы аудандағы орталық ауруханада кардиолог болып ұзақ жыл еңбек етті. Анасының ақылы, алдындағы үш бірдей әпкесінің де осы салаға баруы Арманның болашақ жолын таңдауына түрткі болды.
Осылайша арман қуған жас 1999 жылы Шонжыдағы №1 орта мектепті тәмамдаған соң, Алматыдағы Асфендияров атындағы медицина университетіне оқуға түседі. 2005 жылы оқу орнын өте жақсы бағамен аяқтап, бір жылдық интернатурада білім алды. Одан кейін «Medicus Center» атты фармацевтикалық компанияда жұмыс істейді. 2008 жылы туған ауылына келіп, Шонжыдағы орталық ауруханаға терапевт-дәрігер болып орналасады. Міне, содан бері 16 жыл бір ортада тапжылмай еңбек етуде. Бірақ өз мамандығына деген сүйіспеншілік оны бір орында тоқтап қалуға емес, жан-жақты болуға талпындырды. Жансақтау бөліміндегі науқастарды көргенде соларға көмектессем ғой деген ой жанын жегідей жеді. Реаниматолог-анестезиолог дәрігер болу үшін білімін жетілдірді. Жақындары бұл бөлім жұмысының қиындығын, күн-түн демей, үй көрмей жұмыс істеу қажеттігін, ауыр науқастардың жанынан ұдайы табылуы керектігін айтса да, Арман өз дегенінен қайтпады. Ақыры осы саланы меңгеріп, жансақтау бөлімінде жұмыс істеуге кірісті. Онысына өзі өкінбейді де. Бәрімізге аян, жансақтау бөліміндегі әр науқас өмір мен өлім арасында жатады. Біреу миына қан кетіп, есінен танса, енді бірі жүрегі ауырып, тағы басқа да сырқатын асқындырып түседі. Кейбіреулер отадан кейін жансақтау бөлімі дәрігерлерінің қадағалауында болады. Былайша айтқанда, 24 сағат бойы тікеден тік жүріп, сырқаттардың дертіне дауа іздейді. Кейде апталап үй көрмей кетеді. Бірақ бұл Арманды қажытпайды. Керісінше, бір адамға болса да көмегі тисе, соған балаша қуанады. Арманмен әңгіме барысында оның шынымен әр науқаспен ерекше қарым-қатынас жасайтынын, жылы сөйлеп, адам жанын да емдеуге тырысатынын аңғардық. Онысын анасынан дарыған қасиет деп біледі. «Менің анам мықты дәрігер болды. Оны аудан ғана емес, облыс, республикадағы әріптестері де қатты сыйлайтын. Оның айтқан әрбір ақыл-кеңесі, «дәрігер болу үшін адамға төзімділік пен сабырлылық, сосын жарқын мінез қажет» деп айтып отыратын сөздері әлі күнге жадымда. Анам – мен бірден-бір үлгі тұтатын адам. Сол кісіге ұқсап дәрігер болып, елге қолұшын созып, көмектескім келді. Мен өз мамандығыммен мақтанамын әрі өзімнің берген антыма адал болуға тырысамын», – деп ағынан жарылды Арман Махмұтжанұлы.
Арманның жары да медицина саласының маманы. Орталық ауруханада акушер болып жұмыс істейді. Отбасында 4 қыз тәрбиелеп отыр. Олар да болашақта дәрігер болуды қаласа, қуанышында шек болмайтынын жеткізді Арман. Өйткені ол дәрігерлікті қасиетті мамандық санайды. Оның үстіне отбасылық дәрігерлер династиясы жалғасса деген арманы да бар. Оның үлкен әпкесі Лейла Астанада невропотолог-дәрігер. Екінші әпкесі Гузель Алматы қаласындағы №2 емханада педиатр болып жұмыс істейді. Ал кіші әпкесі Гулинур Шонжыдағы ауруханада тіс дәрігері. Барлығы да жоғары дәрежелі мамандар.
«Бір адамның болса да жанына араша түсіп, ауыр сәтте қолұшын соза алсаң, бақыт деген сол емес пе? Түрлі аурулар белең алған қазіргі заманды медицинасыз елестету мүмкін емес. Сырқаттанып келген әрбір адам жанына титтей де болса медет іздейді. Сондай сәтте білімің мен тәжірибеңді салып, еміне дауа тауып берсең, саған алғысын жаудырады. Ондай сәтте бір марқайып қаласың», – деп расымен өз мамандығына шынайы берілген маман екенін аңғартты. Зайыбы да оның осындай қиын жұмысын жанымен түсінеді әрі қолдау көрсетеді.
2019 жылы ауданда алғашқылардың бірі болып жекеменшік УДЗ кабинетін ашқан да осы Арман Махмұтжанұлы болатын. Жұмыс істей жүріп УДЗ дәрігері деген мамандықты та меңгереді. Арада біраз уақыт бұл жұмысын тоқтатқанымен, қазір қайта жандандырып жатыр. Бір сәттік уақытын бос өткізбейтін Арман: «Менің қолымнан дәрігерліктен басқа ештеңе келмейді» деп езу тартты. «Мен тек емдеуді білемін. Сондықтан да жекеменшік УДЗ кабинетін ашып, келуші науқастарға терапевт-дәрігер ретінде кеңес беремін. Ал жұмыстан ешқашан шаршамаймын. Өйткені дәрігерлік – менің өмірім», – дейді кейіпкеріміз.
Клиникалық медицинада анестезиолог-реаниматологтың қызметі аса маңызды. Онда медицинаның әртүрлі саласында ауқымды білімі бар, наркоз жасайтын және одан шығарудың барлық әдісін меңгерген кәсіби мамандар жұмыс істейді. Бұл адам өмірімен тікелей байланысты қызмет болғандықтан анестезиологтың қателік жіберуге құқығы жоқ. Анестезиолог-реаниматолог мамандығы жүйкенің мықтылығы мен стресті жағдайға төзімді болуды талап етеді. Жасыратыны жоқ, ересек адам немесе бала болсын, науқастарға қарау өте қиын. Анестезиолог-реаниматолог ретінде өз кәсібіне берілген, қиындықтан қорықпайтын дәрігер ғана анестетика препараттарымен жұмыс істей алады. Ал Арман осындай қиындықты еңсеріп, өз ісін адал атқарып жүрген алтын қолды дәрігер.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы