Қарасайлық бірқатар отбасы баспаналы болды. Аудан әкімі Жасұлан Естенов әкімдіктің мәжіліс залында өткен жиында қуаныш иелеріне пәтерлерінің кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінде салынып жатқан жалдамалы пәтерлер бұған дейін де әлеуметтік жағынан әлсіз отбасыларға беріліп келген болатын. Олардың қатарында зейнеткерлер, мүгедек бала бағып отырған, толық емес отбасылар бар.
Жамбыл ауылында тұрып келген Ернат Ерланұлы мен жұбайы Самал – үш қыздың ата-анасы. Бүгіндері 11-ге толған тұңғыштары Айару тағдырдың жазуымен мүгедек болып қалғалы небір қиындықты бастарынан өткерген. Оның сіңлілері Кәусар мен Айша аналарына көмекші болып, әпкелеріне қарасуға жарап қалған. Отағасының табысы баспана алуға жетпегендіктен, ұзақ жыл пәтер кезегінде тұрып, ақыры жалдамалы болса да өз шаңырақтарына қол жеткізіп отырған жайы бар.
Толық емес отбасы қатарындағы Факия Қылышбаеваның да қуанышында шек жоқ. Алматы қаласындағы «Қазпошта» бөлімшелерінің бірінде оператор болып еңбек ететін ол пәтер кезегінде 2013 жылдан бері тұрған. Осыған дейін Жандосов ауылында әке-шешесімен бірге тұрып келген.
Бұл күні жаңа пәтердің кілтін алған Әшіргүл Әбиева, Кенжегүл Чемірбаева, Света Ілиясова, Шолпан Есімбекова, Лейла Мамедова, Оксана Қанапиянова, Милена Аширова, Жанар Нұрлан да тағдырдың тауқыметін тарта жүріп, келер күнге деген сенімін жоғалтпаған жандар. Міне, сол үміттері ақталып, жаңа әрі жайлы пәтердің иесі атанып отыр.
Салтанатты шараның соңында журналистерге берген сұхбатында Жасұлан Тоққожаұлы бұл жалдамалы пәтерлер құрылыс компаниясынан бюджет қаржысына сатып алынып, кезек бойынша баспанаға зәру жандарға берілетінін айтып өтті. Осылайша, жыл басынан бері 40 отбасы баспаналы болып үлгерген. Бұл жолы тағы да 18 пәтер өз иелерін тауып жатса, жыл соңына дейін тағы да 30 мұқтаж отбасы қоныстойын тойлайды деп күтілуде. Айта кетерлігі, бүгінгі күнге 8 мың қарасайлық баспана кезегінде тұрған көрінеді.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы