«2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 932 теңге, ең төменгі зейнетақы – 62 771 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) – 46 228 теңге, базалық зейнетақы төлемі 32 360 теңге болып белгіленеді.
Осыған байланысты, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбек сіңірген жылдары үшін және жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері алынатын мөлшерден 8,5%-ға арттырылады. Бұдан басқа, жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 55 АЕК-ні (216 260 теңге) құрайды.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 205-бабына сәйкес, ЕТКД-нің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді. Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болғанда немесе болмағанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 70 пайызы (65 пайыздың орнына) мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырылады, бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 110 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі. Яғни ең төменгі мөлшері ЕТКД-нің 70 пайызына (32 360 теңге), ал ең жоғарғы мөлшері ЕТКД-нің 110 пайызына (50 851 теңге) теңестіріледі (бұл жаңа тағайындалған зейнеткерлерге және 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға да қатысты).
Бұдан басқа, ЕТКД-нің шамасының өзгеруіне байланысты жәрдемақылар 6,5%-ға арттырылады:
– мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;
– мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қорғаншыларына (қамқоршыларға) берілетін мемлекеттік жәрдемақы;
– бірінші топ мүгедектігі бар адамға күтімді жүзеге асыратын адамға мемлекеттік жәрдемақы;
– арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы.
Айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің ұлғаюына байланысты балалы отбасыларға төленетін және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері ұқсас түрде 6,5%-ға арттырылады:
– № 1 және № 2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылар;
– бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақылар;
– бала тууға байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;
– арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;
– бірге тұраты төрт және одан да көп балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар;
– «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
– жерлеуге арналған біржолғы төлем;
– Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен және жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақылар.
Жоғарыда аталып өткен арттырулар Алматы облысы бойынша жалпы есеппен 497 мыңнан астам зейнетақы мен жәрдемақы алушыларға қатысты жүргізілетін болады (оның ішінде бүгінгі таңда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алып отырған 165 мың азамат, базалық зейнетақы 160 мың болса, қалған 172 мың азамат әлеуметтік төлем алушылар). Төлемдерді өсіру азаматтар тарапынан қайта есептеуге қосымша өтінішті талап етпей, жылдағыдай барлық төлемдерге қатысты автоматты режимде іске асырылады.
Айдынжан Нарматов,
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы